БІРІНШІ ТАРАУ

РЕДДЛДІҢ ҮЙІ

Литл Ханглтон ауылының тұрғындары ол үйді әлі күнге дейін «Реддл үйі» деп атайды. Бірақ Реддл отбасының оты өшкелі қай заман. Жапандағы жалғыз үйге айналып, бір төбенің басында оқшау тұрған баспананың терезелеріне тақтай қағылған, шатыры ортасына түскен. Қабырғасын өрлей өскен қалың шырмауық оны сырт көзден тасалап тұр. Бір заманда өлкедегі ең салтанатты сарай саналған, үлкен әрі зәулім үй болған Реддлдің мекені қазір қаңырап бос қалған жұпыны ғимаратқа айналыпты.

Литл Ханглтон тұрғындары ескі үйді «сұмдық қоныс» санайды. Жарты ғасыр бұрын бұл үйде жан түршігер қорқынышты оқиға болған. Ауылдың байырғы тұрғындары нені сөз етерін таппай қалса, осы үйге қатысты сыбысты қаузағанды ұнатады. Бұл оқиға сан мәрте айтылып, неше ауыздан түрленіп шыққаны сондай – жұрт аңызы қайсы, ақиқаты қайсы екенін айырудан қалған. Бірақ әңгіме қалай өрбісе де, басы бірдей, бір оқиғадан басталады: елу жыл бұрын, Реддлдің үйі сән-салтанаты келісіп тұрған кезеңде, жаздың тамаша таңында қызметші әйел қонақ бөлмеге кіріп, қожайындары үшеуі бірдей өліп жатқанын көреді.

Қызметші әйел шыңғырған күйі үйден атып шығып, етектегі ауыл жұртын көмекке шақырады.

– Үшеуінің де көзі бақырайып жатыр! Денесі сіресіп қалған! Кешкі асқа киген киімін де ауыстырмаған!

Полиция шақырған Литл Ханглтон тұрғындары сұмдық жайттан есеңгіреп, дүрлігіп кетті. Шынын айтқанда, Реддлдердің қазасына ешкімнің қабырғасы қайыса қойған жоқ, ел ішінде олардың сүйкімі шамалы еді. Қартаң тартқан мистер және миссис Реддл дәулетті, тәкаппар, өркөкірек адамдар еді, ал олардың ересек ұлы Том тіпті жан баласын менсінбейтін. Ауылдың барлық тұрғыны оларды кім өлтіргенін білуге ынтық болды. Сап-сау жүрген үш адам бір сәтте өз ажалынан өле салмайтыны анық қой.

Сол түні ауылдағы «Дарға асылған» трактирінің саудасы қызды, жұрттың бәрі сонда жиналып, сұмдық жайтты таң атқанша талқылады. Алауошақ қасындағы жылы орнын тастап, трактирге жиналған қауымның еңбегі текке кетпеді: әңгіме қызған тұста Реддлдердің аспазы алып-ұшып келіп, жаңалық жеткізді: полиция Френк Брайсты қамауға алыпты.

– Френк! – деп айғайлады бір топ адам бірауыздан. – Мүмкін емес!

Френк Брайс Реддлдердің бағбаны еді. Ол Реддл үйінің іргесіндегі тозығы жеткен коттеджде жалғыз тұратын. Френк соғыстан бір аяғы бүгілмей, жарымжан болып оралды, оның үстіне көпшілік жиналған жер мен дабыраны суқаны сүймейтін, содан бері Реддлдерге жалданып жұмыс істеді.

Әңгімеге еліккен топ аспазға ішімдік әперді де, ары қарай қазбалай жөнелді.

– Соның біртүрлі екенін ылғи айтушы едім, – деді әйел жүзім шарабынан төртінші шыныаяқ төңкерген соң. – Жанына адам жолатпайтын. Бір жолы бір шыны шай берейін деп жүз рет шақырған шығармын. Ешкіммен араласқысы келмейтін.

– Енді ше… – деді бір әйел, – соғыстың сұрапылын көріп келді ғой. Тыныш өмір сүргісі келген болар. Оған бола айыптауың бекер…

– Артқы есіктің кілті кімде еді? – деп шап ете қалды аспаз әйел. – Мен көргенде артық кілт бағбанның үйінде ілініп тұратын! Есік бұзылмаған! Терезе шағылмаған! Жұрт ұйқыда жатқанда Френк есікті ашты да, кіре салды…

Ауыл тұрғындары түнеріп, бір-біріне қарады.

– Соның қарағаны ұнамайтын, өңі суық, – деді бір еркек.
– Соғыстан қаны бұзылып келді, рас айтам, – деді трактир қожайыны.
– Дот, есіңде ме, Френктің маңына жолағым келмейді деп айтып едім ғой? – деді бұрышта отырған әйел серігіне.

– Мінезі жаман, – деді Дот бас изеп, – бала күнінен сондай еді…

Ертеңінде таңертең Литл Ханглтон тұрғындары арасында Реддлдерді Френк Брайс өлтірді дегенге ешкімнің күмәні қалмады.

Бірақ көрші қала Грейт Ханглтондағы қараңғы әрі тыншу полиция бөлімшесіне қамалған Френк сақшыларға өзінің еш жазығы жоқ екенін айтып безек қақты. Реддлдер опат болатын күні ол үйдің қасынан ұзын бойлы, қара шашты, бозғылт өңді бозбаланы көріпті. Одан өзге ешкім ондай баланы көрмеген, сондықтан полиция Френк оны ойдан шығарды деп ойлады.

Френктің жағдайы қиындай бастағанда, Реддлдердің денесін қараған дәрігердің жазбасы келіп, жағдай дереу өзгеріп сала берді.

Полиция бұрын-соңды мұндай оғаш тұжырымды оқымапты. Өлікті сойған дәрігерлер Реддлдердің ешбірі уланбаған, бауыздалмаған, атылмаған, оларды ешкім буындырмаған, тіпті денесіне адам қолы тимеген деген қорытынды шығарыпты. «Шынында, өлі екенін есепке алмасақ, Реддлдердің денсаулы- ғында еш кінәрат жоқ» делінген қорытындыда. Үш адамның денесінен ештеңе таппаған мамандар (міндетті түрде бір ілік табуға тиіс болғандай) әрқайсының бетінен сұмдық үрей табы байқалғанын жазыпты. Қорытындыға көңілі толмаған полиция «Үш адамды бірдей өлердей қорқытқанды кім естіген?» деді.

Реддлдер кісі қолынан өлгеніне еш дәлел болмаған соң, полиция амалсыз Френкті босатты. Реддлдер Литл Ханглтон зиратына жерленді. Ауыл тұрғындары талайға дейін үш бейітке қарап, түрлі өсек таратты. Жұртты таңғалдырған әрі күдік тудырған бір жайт: Френк Брайс Реддл үйінің ауласындағы коттеджіне қайта қоныстанды.

– Осы өлтіргеніне күмәнданбаймын… Полиция не десе, о десін, – деді Дот «Дарға асылған» трактиріне тағы бір жинал- ғанда. – Ұяты болса, ел бетіне қарауға дәті шыдамай, басқа жаққа кетер еді.

Бірақ Френк ешқайда кетпеді. Ол Реддлдер үйіне өзге отбасы келіп қоныстанғанда да бағбандық міндетін атқара берді. Алайда үйге ешкім тұрақтамады. Мүмкін оған Френктің өзі себепкер болған шығар, әйтеуір, ол үйге көшіп кіргендер оны жайлы қоныс ете алмады. Ешкім тұрмаған соң үй тоза бастады.

Реддл үйінің қазіргі қожайыны – ауқатты мырза, бұл үйде тұрмайтын және келмейтін; ауыл халқы ол үйді «салық үшін» ұстап отыр десетін, ол не екенін ешкім түсіндіре алмайтын. Бірақ әлгі дәулетті мырза Френктің ақысын ай сайын төлейтін. Жасы жетпіс жетіге таяп қалған Френктің құлағы шала еститін, аяғы тіпті сіресіп қалды, дегенмен ауа райы жақсы кезде бақшаға шығып, аяғына оратылған арамшөпке қарамай гүл суғарып жүргенін көруге болатын.

Френктің мазасын алатын арамшөп қана емес еді. Ауылдағы балалар жиналып алып Реддл үйінің терезесіне тас ататын жаман әдет тапты. Қарт бағбанға көгалдың шөбін шабу оңай емес еді, ал балалар оны велосипедпен таптап өтетін. Тіпті бір-екі рет ескі үйдің ішіне кіріп кетті. Олар қария үй мен бақшаны жан-тәнімен қорғайтынын білетін, сондықтан оның ақсаңдап, таяғын шошаңдатып қуғанын қызық көретін. Ал Френк болса балалар, ата-әжелері сияқты, өзін адам өлтіруші санап, әдейі тиіседі деп ойлап жүрді. Сонымен, тамыздың бір күні түн ортасында оянып, ескі үйден оғаш әрекет байқағанда, әлгі жүгермектер өзін мазақ қылудың жаңа әдісін ойлап тапты деп тұжырды.

Френктің сырқат аяғы әдеттегіден қатты қақсап, маза бермей оятқан еді. Ол орнынан тұрды да, баспалдақпен төмен түсіп, асүйге кірді: су қайнатып, оны шөлмекке құйып, қақсаған тізе- сіне басса, ауырғаны сәл жеңілдейтін. Шәйнекке су құйып тұрып Реддлдің үйіне қарағанда, жоғарғы терезеде жарық жанып тұрғанын көрді. Френк мұны өзінше жорыды. Балалар тағы үйдің есігін бұзып кіріп, үйдің ішінде от жағып, ойнап жүрсе керек.

Френк үйіне телефон орнатпаған, орнатуға құлқы да болмады. Реддлдер өлгенде ары-бері сүйреп, тергеуге алған полицияға еш сенбейтін. Ол шәйнекті тастай салып, шамасы жеткенше жылдамдатып жоғары шықты да, толық киінді. Есікте ілулі тұрған тот басқан кілтті алып, қалтасына салды. Қабырғаға сүйеулі тұрған таяғын алып, далаға шықты.

“Хәрри Поттер мен от сауыт”, көрнекі сурет. Дереккөз: 𝗦𝘁𝗲𝗽𝗽𝗲 & 𝗪𝗼𝗿𝗹𝗱

Реддл үйінің алдыңғы есігін ешкім бұзбапты, терезелері де шағылғанға ұқсамайды. Френк ақсаңдап үйді айналып шықты да, шырмауықтың тасасында қалған артқы есікті әрең тауып, тот басқан кілтін салып, есікті сыбдырсыз ашты.

Үңгірге ұқсап қаңырап қалған асүйге кірді. Мұнда кірмегелі көп болған еді, дегенмен холға апаратын есік қай тұста екенін есіне түсірді де, қараңғыда түртініктеп солай қарай жүрді. Мұрнына шірік иісі келді, жоғарыдан дауыс естілген сияқты, біреу жүрген тәрізді. Еппен басып холға кірді. Алдыңғы есіктің екі қапталында үлкен терезелер бар, содан болар – бұл жер сәл жарық екен. Баспалдақпен жоғары шыққанда баттасқан қалың шаң болғанына шүкір деді, соның арқасында таяқтың тықылы мен сүйретілген аяқ дыбысы естілмеді.

Жоғарғы қабатқа шыққан Френк оңға бұрылды да, шақырылмаған қонақтар қайда екенін бірден білді: дәліздің арғы түкпіріндегі есік сәл ашық тұр екен, саңылаудан көрінген оттың жалыны қара еденге шағылысып, құбылып тұр. Френк таяғын мықтап ұстап, есікке жақындады. Есіктің аузына сәл қалғанда саңылаудан бөлменің іші көрінді.

Алауошақта от жанып тұр. Қария оған аң-таң болды. Есік аузына тұра қалып, тың тыңдады: бөлмеден ер адамның даусы естіледі, әлдекімнен қорқып тұрғандай дірілдеп шығады.

– Шөлмекте тағы біраз бар, қожайын, қарныңыз ашса, айтыңыз.

– Кейін, – деді бөгде дауыс. Ол да ер адам екен, бірақ даусы тірі адамның көмейінен шыққандай емес, шыңылтыр, мұздай суық екен. Бұл дауысты естіген бетте қарадан қарап Френктің төбе шашы тік тұрды. – Мені отқа жақындатшы, Құйыршық.

Френк бұлардың сөзін жақсырақ есту үшін құлағын есікке тақады. Еденге шөлмек қойған тарсылы естілді, содан соң біреу ауыр креслоны шиқылдатып сүйрей бастады. Френк орындықты отқа сүйреп бара жатқан бәкене бойлы адамның желкесін көрді. Сүйретілген ұзын қара мантия киіпті, төбесіндегі шашы жидіп түскендей, таз екен. Ол қайтадан көрінбей кетті.

– Нагини қайда? – деп сұрады әлгі суық үн.

– Білмеймін, әміршім, – деді тәштек күмілжіп. – Үйдің ішін аралап жүрген шығар…

– Жатар алдында оны тағы бір сауып ал, Құйыршық, – деді екінші адам. – Түнде маған ішкізесің. Мына сапардан қатты шаршап қалыппын.

Френк қабағын түйіп, есікке жақындай түсті. Сәл үнсіздік орнады, содан соң Құйыршық деген адам қайта сөйледі.

– Қожайын, бұл жерде қанша болуымыз мүмкін?

– Бір апта, – деді ызбарлы дауыс. – Не одан да көп. Бұл жер өте ыңғайлы, дәл қазір жоспарды орындау қиын. Куидичтен әлем чемпионаты бітпей әрекет еткеніміз ақымақтық болмақ.

Френк құлағына саусағын тығып, ішін шұқыды. Құлағына құлық тұрып қалса керек, содан ғой «куидич» деп естіді, әйтпесе ондай сөз жоқ қой.

– Куидичтен әлем чемпионаты деймісіз, қожайын? – (Френк құлағын тырнап тесе жаздады).– Кешірім өтінем, бірақ дым түсінбедім… Әлем чемпионаты біткенін несіне тосамыз?

– Миғұла, соған басың жетпей ме? Ол кезде әлемнің әр түкпірінен сиқыршылар жиналады, ал Сиқыр министрлігі бәрін тінтіп, тіміскілейді, күдік тудырған жанның бәрін тексереді. Маглдар ештеңе байқамасын деп қауіпсіздікті күшейтеді. Сондықтан жарыс аяқталғанын тосамыз.

Френк құлағын тазалауды қойды. «Сиқыр министрлігі», «сиқыршылар», «маглдар» деген сөзді анық естіді. Мұның бәрі құпия ақпарат болса керек, Френктің ойынша, бұлай жұмбақтап сөйлейтін екі түрлі адамдар бар: тыңшылар мен қылмыскерлер. Френк таяғын сығымдап ұстады да, ештеңені қалт жібермейін деп, қайтадан тыңдады.

– Мәртебелім шешім қабылдап қойды ма? – деді Құйыршық мүләйімсіп.

– Әлбетте, мен алған бетімнен қайтпаймын, Құйыршық.– Енді әлгі суық үннен айбат сезілді.

Тағы да тыныштық орнады. Құйыршық қайта сөйлегенде, бар батылдығын жиып, ойын тез айтуға асыққандай көрінді.

– Хәрри Поттерсіз де істесек болады ғой, әміршім.

Ұзақ үнсіздік…

– Хәрри Поттерсіз деймісің? – деп баяу сұрады екінші үн.

– Айтпағым… қожайын, оны аяп тұрғаным жоқ! – Құйыршық шырылдап кетті. – Мен үшін оның құны көк тиын, шын айтам! Оның орнына басқа сиқыршыны пайдаланайық, кез келгенін… Сонда жұмысты тез бітіреміз! Бір-екі күнге кетуге рұқсат берсеңіз болғаны… мен қалай өзгере алатынымды білесіз ғой… Екі күнге жетпей керек адамды ертіп әкелемін…

– Иә, басқа сиқыршыны пайдалануға болады, – деді екінші адам ақырын. – Оның рас…

– Әміршім, солай істегеніміз жөн, – деді Құйыршық енді жанданып. – Хәрри Поттерге жету қиын, оның күзеті мықты…

– Сондықтан оның орнына басқа біреуді тауып бермек болып құлшынып тұрмысың? Әлде… мені күтіп-бағудан жалығып, мезі болған шығарсың… Солай ма, Құйыршық? Жоспарды өзгертейік деп жылпылдап, табаныңды жалтыратпақсың ғой?

– Әміршім! Сізді тастап кетем деген үш ұйықтасам түсіме кірген емес!

– Мені алдаймын деп ойлама! – деді екінші дауыс иесі ысыл- дап. – Құйыршық, жүзіңе қарап ойыңды оқып тұрамын! Маған оралғаныңа өкініп жүрсің. Жиіркенгеніңді жасыра алмайсың. Бетіме қарағанда дірілдеп кетесің, қолың тигенде тітіркеніп тұрғаныңды байқамайды деймісің?

– Жоқ! Сізге деген адалдығым мен құрметім…

– Сені адал етіп тұрған – үрей ғана. Басқа барар жер, басар тауың болғанда, бұл жерде отырмас едің. Ал мен сенсіз қалай аман қалмақпын? Сағат сайын кім маған ас-суымды береді? Нагиниді кім сауады?

 – Сіз едәуір тыңайып қалдыңыз, әміршім…

– Өтірікші, – деді екінші адам сыбырлап. – Тыңайғаным шамалы. Бірнеше күн жалғыз қалсам, құримын. Епсіз болсаң да, бетімді бері қараттың… Тыныш!

Мұрын астынан әлдене міңгірлеген Құйыршық дереу жым болды. Бірнеше секунд Френк оттың шытырлап жанғанынан өзге ештеңе естімеді. Содан соң екінші адам тағы сөйледі, сыбыр- лаған үні жыланның ысылдағанындай естіледі екен.

– Баланы пайдалану – менің басты мақсатым, ол туралы саған баяғыда айтқанмын. Басқа ешкім жарамайды. Он үш жыл күттім. Енді бірнеше айдың арысы не, берісі не? Баланы қорғаштай берсін, менің жоспарым олардікін екі орап алады. Құйыршық, сәл батылдық танытсаң болғаны… сенен керегі сол ғана. Әйтпесе Лорд Волдеморттың қаһарын сезінесің…

– Әміршім, тыңдаңызшы! – деді Құйыршық жанұшыра. – Сізге келе жатып жол бойы түрлі жоспар құрдым. Әміршім, жұрт күндердің күні Берта Жоркинс жоғалып кеткенін байқайды, егер біз іске көшіп, мен сиқырды қолдансам…

– Әйтпесе? – деп ысылдады екінші дауыс. – Сонда не болмақ? Құйыршық, менің жоспарымды ұстансаң, министрлік тағы біреу жоғалып кеткенін байқамай да қалады. Оны асықпай, дабырасыз жасау керек; әттең, өзім істегенімде ғой… дымым құрып отырғаны-ай… Құйыршық, бір кедергіні жойсақ болғаны – Хәрри Поттерге барар жол ашылады. Бәрін бір саған жүктеп қоймаймын. Кішкене күтсек, бізге адал қызметшім қосылады…

– Адал қызметшіңіз мен емес пе? – деп бұрқылдады даусынан реніш байқалған Құйыршық.

– Құйыршық, маған басы істейтін, адалдығы еш күмән тудыр- маған адам керек, өкінішке қарай, сенде оның ешқайсы жоқ.

– Сізді таптым ғой, – деді Құйыршық алқымына тығылған ашуды жасыра алмай. – Жалғыз өзім іздеп таптым. Берта Жоркинсті алып келдім.

– Оның рас, – деді екінші адам сәл көңілденіп. – Басқа басқа, дәл сенен ондай тапқырлықты күтпеп едім, Құйыршық. Оны ұрлап әкеткенде, қаншалықты пайдалы боларын өзің болжамаған да шығарсың?

– Ол… ол пайдалы болар деп ойладым, әміршім…

– Өтірікші, – деді екінші адам, даусы суық болса да, үні көңілді шықты. – Дегенмен одан бағалы ақпарат алдық, көңілім толды. Ондай мәлімет болмағанда, жоспар құрған қиынға түсер еді. Сол үшін сені марапаттаймын, Құйыршық. Мен үшін өте маңызды тапсырманы орындайсың, ізбасарларым ондай сыйлыққа ие болу үшін оң қолын кесуге көнер еді…

– Шы-шы-ны-мен бе, әміршім? Сонда ол қандай сыйлық? – Құйыршықтың үнінен үрей лебі байқалды.

– Әй, Құйыршық, сабыр сақта, сыйлықты уақытында алсаң бағалы болады. Сенің кезегің ең соңында келеді… бірақ уәде беремін, Берта Жоркинс сияқты аса пайдалы адамға айналасың.

– Сіз… сіз… – Құйыршықтың даусы қырылдап шыққанына қарағанда, тамағы қарлығып қалған сияқты. – Сонда мені де… өлтіресіз бе?

– Құйыршық, Құйыршық, – деді ызбарлы үннің иесі мәймөң- келеп. – Сені неменеге өлтіреді екем? Бертаны өлтірмесем болмайтын еді. Сұрағыма жауап алдым, оның енді еш қажеті қалмады. Ал оны аман жіберсек ше? Сиқыр министрлігіндегілер демалыста қайда болғанын сұраса, сені көргенін айтар еді. Жұрт өлдіге жорыған сиқыршы жолдағы қонақүйде Сиқыр министрлі- гінің өкіліне жолыққаны қалай болмақ…

Құйыршық бірдеңе деп күбірледі, Френк оның сөзін анық ести алмады. Екінші адам мырс етіп күлді, үні қандай суық болса, күлкісі де сондай аяздай қариды екен.

– Бәрін ұмыттырып жіберсек болар еді деймісің? Бірақ мықты сиқыршыға тап болса, Ұмыттыру сиқырын бұза алады, оны тергегенде мен солай істедім ғой. Енді одан алған мәліметті қолдан- басақ, рухын қорлағанымыз болмай ма, Құйыршық?

Дәлізде тұрған Френк кенеттен таяқ ұстаған алақаны терлеп кеткенін сезді. Даусы суық адам бір әйелді өлтіріпті. Ол үшін қапа болғаны байқалмайды, керісінше, мақтан ететін сияқты. Есі ауысқан, қауіпті қылмыскер екені анық. Тағы біреуді өлтіруді жоспарлап отыр, әлгі Хәрри Поттер деген балаға қауіп төніп тұр…

Френк дереу әрекет ету керегін білді. Дәл қазір полицияға баруы керек. Үйден шығып, ауылдағы телефон күркесіне тез жетуі керек… Осы кезде суық дауысты адам тағы сөйледі, Френк қайда тұрғанын есіне түсіріп, әлгінің әр сөзін қалт жібермеуге тырысты.

– Бір сиқыр жетеді… Хогуартстағы адал қызметшім… Хәрри Поттер қолыма келіп топ ете қалады, Құйыршық. Оған күмәнданба. Шешім қабылданған, оны өзгертпейміз. Тыныш… Нагини келе жатқан сияқты…

Сол кезде екінші адамның даусы өзгерді. Френк адам баласынан бұрын-соңды мұндай дауысты естіген емес, көмейінен ысылдаған үн шығып, дем ала алмай қалғандай болды. Френк оның ұстамасы бар шығар, дем жетпей қиналып тұрған болар деп жорамалдады. Кенет арт жағында біреу жыбырлағандай болды. Жалт қарады да, қорыққаннан сілейіп қатып қалды.

Қараңғы дәліздің еденінде бірдеңе жыбырлап келеді екен, оттың жалыны жарқ ете қалғанда, Френк оның ұзындығы кем дегенде жиырма фут алып жылан екенін көрді. Үрейден жүрегі аузына тығылған Френк еденнің қалың шаңын иіріп, бауырымен жорғалап келе жатқан жыланға қарап қалшиып тұрды. Қайтсе болады, не істеу керек? Қашудың бір жолы – екі адам отырған бөлмеге кіру, бірақ олардың қаныпезер жауыз екені айдан анық; қашпаса, мына жылан оны тірі қалдырмас…

Ол шешім қабылдаймын дегенше, жылан қасына келіп те қалды; бір қызығы мұның жанынан өте шықты; суық дауысты адамның көмейінен шыққан үнге бағынған сияқты, ромб өрнегі бар құйрығын ширатып бөлмеге кіріп кетті.

Френктің маңдайынан аққан суық тер өңіріне құйылды, таяқ ұстаған қолы дірілдеді. Бөлме ішіндегі мұздай дауыстың ысылы толастамады, сол кезде бұған біртүрлі, таңғаларлық ой келді… Ана адам жыланның тілін біледі.

Френк не болып жатқанын түсінуден қалды. Есіл-дерті бөлмесіне жетіп, төсекке жатып, аяғын жылыту болды. Бір қиыны, аяғы бұған бағынудан қалған сияқты. Дірілдеген күйі бойын жинай алмай әуре болып тұрғанда, бөлмедегі адам қайтадан өз тіліне көшті.

– Нагини қызық жаңалық айтты, Құйыршық, – деді ол.
– Солай ма, әміршім?
– Иә, иә. Оның айтуынша, ана жақта бір кәрі магл бар. Есікке құлағын тақап, аузымыздан шыққан әр сөзді тыңдап тұр.

Френк жасырынып үлгермеді. Тыпырлаған аяқ дыбысы естіліп, бөлменің есігі айқара ашылды. Тәпелтек бойлы, селдір шашты, үшкір мұрынды ер адам жылтыраған көзін Френкке қадады, түрінен үрей мен алаң байқалады.

–Құйыршық, оны ішке кіргіз. Қонақ күтуді ұмытып қалғанбысың?

Суық дауыс алауошақтың алдындағы ескі креслодан естілді, бірақ Френк дауыс иесін көрмеді. Ошақ алдындағы шіри бастаған кілемнің үстінде жиырылып жылан жатыр екен, қолға үйретілген хайуан ба дерсің.

Құйыршық қолымен ишаралап, ішке кір деп талап етті. Бойын билеген дірілге қарамай, Френк таяғын қысып ұстап, ақсаңдай басып табалдырықтан аттады.

Бөлмеге жарық беріп тұрған ошақтағы от қана еді, оның сәулесі төбеге шағылып, ирелеңдеген бейнелер ойнақ салып жүр. Френк креслоның арқалығына қарады, онда отырған адам қызметшісінен де кішкентай тәрізді, Френк тіпті оның желкесін көре алмады.

– Бәрін естідің бе, магл? – деп сұрады суық дауысты адам.

– Мені қалай атадыңыз? – деп тайсалмай қарсы сұрақ қойды Френк. Бөлменің ішінде қарсыласпен бетпе-бет келіп, әрекет жасайтын сәт туғанда жігерленіп кетті; соғыста да өзін солай сезінетін.

– Магл дедім. Ол сиқыршы емес деген сөз.

– Сиқыршы деп кімді айтқаныңызды білмеймін, – деді Френк ызбарлы үнмен. –Естігенімді полицияға айтсам, іс қозғайтынына күмәнданбаңыз.    Біреуді өлтіріпсіз, енді тағы да өлтірмек ойыңыз бар! Есіңізде болсын, – деді кенет жігерленіп, – әйелім қайда кеткенімді біледі, үйге оралмасам…

– Әйелің жоқ, – деді суық дауыстың иесі. – Мұнда екеніңді ешкім білмейді. Осында барамын деп ешкімге айтқан жоқсың. Магл, Лорд Волдемортты алдаймын деп ойлама, ол бәрін біледі… бәрін…

– Рас айтамысың? – деді Френк мысқылдап. – Шынымен Лордсың ба? Онда Лордқа тән әдебің қайсы? А, милорд? Бетіме тура қарауға жүзің шыдамай тұр ма?

– Мен адам емеспін, магл,–деді суық дауыс иесі, оттың шытырлаған даусынан үні әзер естілді. – Адамдарға маған жету қайда… Десек те… көрін десең көрінейін. Қазір… Құйыршық, орындығымды бұршы.

Қызметшісі ыңқылдады.

– Құйыршық, естідің бе?!

Түрі бұзылып кеткен қызметші ақырын жылжып креслоға жақындады, қожайын мен шіріген кілемде жатқан жыланға таяғаннан артық азап жоқ сияқты. Ол ақырын креслоны Френкке қарата бұрды. Креслоның сирағы кілемді іліп кеткенде, жылан үшкір басын қақшитып, ақырын ысылдады.

Креслода отырған адам Френкке бұрылды. Қария қолындағы таяғын жібере салды. Өзі аузын ашып, бар даусымен айғайлады. Даусы қатты шыққаны сондай – отырған адамның таяқшасын сермеп қалып айтқан сөзін естімеді. Жарқ етіп жасыл ұшқын шықты да, Френк Брайс жерге құлады. Еденге басы тиіп үлгермей жан тәсілім етті.

Екі жүз миль қашықта өз бөлмесінде жатқан Хәрри Поттер есімді ұл шошып оянды.

* * *

«Хәрри Поттер және Азкабан тұтқыны» кітабына «Steppe & WORLD Publishing» баспасының әлеуметтік желілердегі парақшалары (Facebook, Instagram) арқылы, сондай-ақ whatsapp мессенджерімен +7 700 246 35 30 нөмірі бойынша алдын-ала тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар алдағы уақытта аударманы кітап дүкендерінен де сатып алуға болады.

* * *

Барлық құқығы қорғалған. Бұл жарияланымның ешбір бөлігі баспагердің алдын ала жазбаша келісімінсіз қайта басылмайды, қойма жүйесінде сақталмайды әрі енгізілмейді, ешбір формада немесе тәсілмен (электрон, механика, фотокопия, жазбаша немесе басқаша) тасымалданбайды. Бұл жарияланымға қатысты әлдебір заңсыз әрекетке барған кез келген адам қылмыстық жазаға ұшырап, залалы үшін азаматтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

©Steppe & WORLD Publishing. Алматы 2020

Мәтіннің авторлық құқығы © J.K.Rowling 1998

Иллюстрациялардың авторлық құқығы ©Jonny Duddle

©Bloomsbury Publishing Plc