Перизат Абдашова, журналист: Үш күн бойы дене қызуым 39 градусқа дейін көтерілді
Қарағандыдағы фармацевтика кешенінде өндірілетін ресейлік «Спутник V» екпесін Алматыдағы №12 қалалық ауруханада салдырдым. Оған дейін нұсқаулық қағаздан вакцинадан соң болуы мүмкін ауру белгілерін оқып, танысып шықтым.
Екпеден кейін 3 күн бойы дене қызуым 39 градусқа дейін көтерілді. Сүйек буындарым ауырып, әлсіреп қалдым. Бірақ шынымен үш күннен соң бұрынғы қалпыма келдім.
Вакцина екі компоненттен тұрады. Біріншісі 65-75% инфекциядан қорғайды. Екінші компонент 95% қорғайды. Екінші рет екпе салдырғанымда ешқандай симптомдар байқалмады. Сол кезде ағзамда антиденелер қалыптасқан шығар деп ойладым. Енді жақында анализ тапсырып, ағзамда қаншалық антидене бар екенін тексертемін.
Вакцинациядан соң 3 күн екпе салынған жерге су тигізуге, монша, саунаға баруға, физикалық жаттығулар жасауға, алкоголь ішуге, күйзелуге болмайды. Біраз уақыт фитнеске бармай жүрдім.
Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан екпеден кейінгі жағдайы да әртүрлі. Мен 3 күн қатты ауырсам, кей әріптесім өзін жақсы сезінді. Жалпы вакцинацияға өз еркіммен келісім бердім, себебі коронавируспен күресудің бірден-бір жолы — осы
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, 1 ақпаннан бастап бірінші кезеңде инфекция ауруханасы, жедел медицина жәрдемі, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызмет медицина қызметкерлері вакцина ала бастады. 1 наурызда басталған екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-ның педагогтері, медицина қызметкерлері салдырды. 1 сәуірден қосылатын үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтері, студенттер және созылмалы ауруы бар адамдар егіледі.
Қазақстан азаматтарына қандай вакцина салынады?
Азаматтар ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырады. Бұл коронавирусқа қарсы дүние жүзінде тіркелген алғашқы вакцина саналады. «Спутник V» вакцинасын Қазақстанда Қарағанды фармацевтика кешенінде өндіріліп жатыр.
Қазақстанның да өз вакцинасы бар. Оның қазіргі атауы — QazCovid-in. Бұл вакцина нарыққа жақында шығады деп жоспарланып отыр. Ол да кейін қазақстандықтарға салынады.
Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы да елге жеткізілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі америкалық өндірушімен елге Pfizer вакцинасын жеткізу туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстанның кез келген тұрғыны коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тегін салдыра алады.
Вакцина салдырғаннан кейін қандай кері әсері болуы мүмкін?
Вакцинациядан кейін науқас 30 минут бойы медицина қызметкерінің бақылауында болады. Келесі үш күн ішінде қысқамерзімді жалпы ұқсас синдром болуы мүмкін: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және денеде реакция болуы мүмкін. Егілген дене бөлігі ауырып, ісінуі, қызаруы мүмкін.
Кей адам құсып, тәбеті нашарлайды, ас қорытуы бұзылады, аллергия реакциясы болуы ықтимал екен. Бірақ бұл симптомдар сирек кездеседі.
Вакцинадан бас тартуға бола ма?
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салдыру міндетті емес, яғни одан бас тартуға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакцинация ерікті түрде, екпе салдырған адамның келісімімен ғана жүзеге асырылады. «Адамдардың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес, қазақстандықтар профилактика вакциналарын қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Министрлік вакцинациядан бас тартқан жағдайда мұғалімдер мен дәрігерлер үшін ешқандай салдар болмайтынын атап өтті.
Вакцинаны 18 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан адамдар, жүкті және емізулі кезеңдегі әйелдерге вакцина салдыруға болмайды.