1988 жылы қазақ баспасөзінде Наурыз мейрамы туралы жарияланған мақалаларды көп кезіктірмедік. Сол үшін архивтен 1989, 1990 жылдары шыққан басылымдарды сұраттық.

«Лениншіл жас»

№57 (12094), 1989 жылдың 22 наурызы, сәрсенбі

«Лениншіл жас» газетінің осы санында сол кездегі астана — Алматыда Наурыз мейрамына орай қандай шаралар өтетіні жазылған. Бұл туралы сол кездегі Мәдениет жөніндегі Алматы комитеті председателінің орынбасары, Наурыз мейрамының көркемдік жетекшісі Елеусіз Жанпейісов әңгімелеген. Ол бұл мейрам халықтық мерекеге айналуы керек екенін айтып, 1 қаңтардағы Жаңа жыл мерекесімен салыстырған.

1 қаңтарды қарсы алу үшін арнайы үгіт-насихат жүргізіле ме? Жоқ. Халық осы күнді ешкім айтпай-ақ асыға күтеді: ешкім ескертпей-ақ үлкен әзірлік жасайды; ешкім үгіттемей-ақ көшеге, алаңдарға шығады — той-тойлайды, ән шырқайды, би билейді, ойын-сауық кештеріне қатысады. Наурыз мейрамына да дәл осындай еріктілік қажет. Ол үшін халық оның мән-мазмұнын, сын-сипатын, мақсатын білгені жөн. Шыны керек, бұл мерекенің еңбекке баулу, тәрбиелеу мәні басымдау. Әрине, бұл бізден гөрі тарихшылар мен әдебиетшілердің зерттеу объектісіне жақынырақ. Әйтсе де бір айта кететін жәйт, халық осы күні ойын-cауықтарын еңбектенумен қатар, ұштастыра жүргізеді — тал егеді, арық-атыздарды, көшелерді, парк, скверлерді тазалайды. Артынан бұл той-тамашаға ұласады. Таңсық ас — әйгілі Наурыз көже таратылады, — дейді автор.

Алматыда осы жылы Наурыз мейрамын тойлау үшін бір айлық жоспар түзілген.  Мерекені қала аудандарында жеке-жеке өткізу көзделген.

Мысалы, алғашқы аптадағы мерекені өткізуді Октябрь және Әуезов аудандары мойындарына алса, айлықтың қалған апталарын еңбек тойларына ұластыруы басқа алты ауданның еншісінде. Осы бір ай көлемінде өнер шеберлерінің концерттері болады, ақындар айтысы өтеді, жыршы-күйшілер, термешілер өнер көрсетеді. Ипподромдарда қыз қуу, көкпар, аударыспақ өтсе, спорт комплекстерінде, стадиондарында спортшылардың байқау-жарыстары басталады. Қала жұртшылығының жеміс ағашын егу, тал отырғызу, арық-атыздарды тазалау, тағы да басқа ерікті еңбек ету кездерінде арнайы сауда ұйымдастырылады. Наурыз көже таратылады, ашық микрофондар қойылады. Мерекеге қатысушы кез келген жанның өлең айтуға, ән шырқауға, жыр жырлауға мүмкіндігі бар. Сонда аудандардағы мерекелер қалай өткізілмек? Алдымен көше мерекелері болады. Әдебиет майданының қайраткерлері, кітапхана және Кітапқұмарлар қоғамы қызметкерлерінің қатысуымен кітап апталықтары ұйымдастырылады, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамдары Мәдениет қорымен бірге өлкетанушылармен кездесулер өткізеді, кооператив мүліктерінің, кәсіптік заттардың көрмелері ұйымдастырылады. «Өнер мен еңбектің одағы» атты музыка апталығында ән-күй әлемінің белгілі қайраткерлерімен кездесулер өтеді, фольклорлық-этнографиялық және халықтық өнер коллективтерінің өнерін тамашалауға мүмкіндік туады. Ең соңғы күні — 23-ші апрельде Жаңа алаңда осы айлықтың нәтижесі іспетті үлкен мереке жалауын көтереді. Нағыз той-тамаша осы күні болады. Бұл күні алаңға бүкіл қала жұртшылығы жиналады. Осы кезең ішінде арнайы құрылған 25 топ халық арасында болып, түрлі тақырыптарға лекциялар оқиды, әңгімелер өткізеді, түсінік жұмыстарын жүргізеді. Міне, астанада биылғы Наурыз мейрамы осымен аяқталады, — делінген мақалада.

«Соцалистік Қазақстан»

№67-68 (19543), 1990 жылдың 21 наурызы, cәрсенбі

Газеттің бас бетіне Абзал Бөкеновтің «Нар мейрам» өлеңі жарық көрген. Мұнда сол кездегі халықтың Наурыз мейрамымен қайта қауышуы туралы, мереке тек наурызкөже ішу емес екені жазылған.

«Төрлет, Наурыз — ұлыстың ұлы күні,
Жаңа күнге жалғасқан бір ұғымы.
Ұлы күннен адасып алпыс жылдай,
Көзайым боп жатырмыз міне-міне.

Мақтан емес,
Намыс бұл сезінгенге,
Көп мүлгіппіз ой-сана көз ілгенде.
Аласапыран кезеңде айырылдық,
Асылдардың асылы — Өзіңнен де…

Сан құбылды сен жоқта дала мына,
Тарихы да ақтаңдақ, ала-құла.
Жуа бітті жолына бір жылдары,
Бір жылдары гүл бітті қадамына.

Түзелгенмен біршама бүгін халі,
Бірден мойыны бақыттың бұрылмады,
Болар, бәлкім, жадыңда
Жұт жылдары
Аз жұртымның қынадай қырылғаны…

…Үшінші жыл қауышып енді бүгін,
Ұрығынан бас алып өнді гүлің.
Қайта оралды сенімен құт-берекем,
Қайта оралды кемелдік, кеңдік ұғым.

Қайта түлеп халқымның ар-иманы,
Наркескенін намысқа жаниды әлі.
Өзің келіп түзеттің.
Жылдың басын
Тек қаңтардан қарсы алар қағиданы.

Қысты қысып, әр күні жазды үдетер,
Сұйылтпайық сәулелі сазды бекер.
Наурызды 
Қарының тойып ішер
Наурызкөже деп ұғу — аздық етер».

Осы өлеңнің жанында «Мейірім мерекесі» атты материал жарияланған. Мақаланың авторы көрсетілмеген. Тақырыбы Наурыз мейрамына қатысты болғанымен, мұнда сол кездегі елде болған өзгерістер, ресубликаның ахуалы туралы да көп жазылған.

Құрметті оқырман қауым, ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз баршаңызға құт-береке, бақыт әкелсін. Биылғы Наруыз саналуан оқиғаларға толы. Бұл Наурызда күні кеше СССР Халық депутаттарының кезектен тыс үшінші съезі болып өтті. Тұңғыш рет біздің елде Президент сайланды. Ол — қайта құру дәуірінің бастамашысы, жаңаша заманның ту көтерушісі Михаил Горбачев. Ендігі жерде халқымыз осы өзгерістен көп үміткер. Наурызбен бірге келген саяси үрдіс жаңалық елімізге ересен жақсылық әкелердей бір сенім бар. Ендігі жерде демократияның шеңбері кеңейе түсіп, ондаған жылдар бойы төрт аяғынан бірдей шідерден біржола босанып, еркін бір көсілер арғымақ шағы туғандай. Әманда саяси өзгерістерден соң іле-шала оның жемісі болуы хақ. Әйтпесе халықтың көңілі алданған баладай болып қалмақ. Халық енді қандай жеміс күтеді? Ең алдымен республикалардың терезелері тең болғанын күтеді. Мысалы, Қазақстан өзінің Конституцияда жазылған шын суверендігінен үміткер. Экономикалық және саяси дербестіктен көм дәмелі. Осы уақытқа дейін баябан да бай Қазақстан кедейленіп келгені аян. Табиғат Қазақстанға бар барлықты аямай-ақ берген. Бірақ «Өз қолың өз аузыңа жетпесін» деп біреу қарғап қойғандай-ақ осы уақытқа дейін жоқ-жомарттың халін кешіп келді. Әлі де сондай. Ал, енді күні кеше сол үшінші Съезде Н.Назарбаев талап еткендей, Қазақстан СССР құрамында дербестікке қолы жетер болса, егер де Қазақстанның жеріне, кеніне республика өзі қожа болса — әне, ақжарылқап күн туды деген сол. Бірақ орталық министрліктер сол «батпан құйрықты, тегіннен тегін жатқан құйрықты» оп-оңай, қолдан бере қоймақ емес сыңайлы. Замандар бойы «алтын дарияға» өзі шомылып, жағада отырған жергілікті халыққа дархан дастарқаннан қоқым-соқым ғана бұйыртқан сол министрліктер енді тірмізіктене жанталасуда. Бірақ қайта құру дәуірінің «алтын күрегі» бәрібір консерваторлық керітартпа қақсалдарды да қалдырмас. Соған сенсек керек, сеніп қана қоймай, бұл жолда жалғыз Назарбаевты «шырылдатып» қоймай, бүкіл қауым күрескер болып, өз басшымыздың республика игілігі үшін жасаған батыл қадамын именбей қолдасақ керек.

Мақалада сонымен бірге мейрамның тағы бір ерекшелігі ретінде сол жылдың 25 наурыз күні Қазақ ССР халық депутаттарын сайлауы өтетіні, депутат болып кімдер сайланады — республиканың Одақ құрамындағы шын дербестігі тікелей осыған байланысты екені айтылады. «Сайланған депутаттар бәрі бірдей осы дербестікке құштар бола ала ма», «Республика мүддесін бәрі бірдей табан тіреп тұрып қорғай ала ма?» деген мәселе көтеріледі.

Мәселенің үлкені осында жатыр. Сайлау науқанының барысында негізінен демократия үстем болды десек те, әлі күнге дейін қасарысып келе жатқан аппаратшылдық тірмізік тәсілдің де шаң беріп қалғаны көрініп тұр. Оларға салсаң, республика парламентінде баяғыша «қуыршақ-депутаттардың» басым болғанын қалайтын сыңайлы. Сондықтан да алдағы сайлау қашанғыдан да жауапты, тағдыр шешер тұс болып тұр. Сонымен, Наурыз лебі соғып, жаңа таң атты. Осыдан көп замандар бұрын жасаған көне Наурыз қайта жасарып, ортамызға келді. Бұл, байыбына барсақ, мейірім мерекесі. Мейірімділік пен қайырымдылық тапшылыққа айналған тұста бұл Наурыз сол азайған қасиеттерді молайтса екен. Адамдар бірін-бірі дос, жақын санаса екен. Ол үшін арыз-құраздық, ала-құлалық аласталса екен. Ұят пен иманның ұясы бұзылмаса екен. Бейбітшілік заман болып, халқымыз аман болып, атом сынау полигонынан, жердің, елдің құтын алған, нәрін тартқан тажал тәлкегінен құтылсақ екен. Ару Арал қатерлі дерттен айықса екен. Адамдарға мейірім, қайырым құты ұялап, жерді, суды, орман-тоғайды басқыншылай тонай бергенін қойса екен. Жер бетінде біз бір-ақ күндік қонақ емеспіз ғой, жарандар. Біз кетсек, ұрпақ бар емес пе. Келер ұрпаққа жерден ризық бұйыртпай, ұлы ұятқа қалып жүрмейік!, — делінген мақалада.

* * *

Тағы оқыңыз: Ескі сурет: алпыс жыл бойы тойланбаған Наурыз қалай оралды?