Батыс Қазақстан облысында Көрісу күні тойланды

Көрісу мейрамына орай Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өңір әкімі Ғали Есқалиевтің және облыстағы ардагер зиялы қауым өкілдерінің  қатысуымен салтанатты шара өтті.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, іс-шарада санитария-эпидемиология талаптары сақталған.

Театр фойесіне кереге керіліп, іші ұлттық нақышта безендірілген екен. Дөңгелек үстелге ұлттық тағамдар қойылыпты. Үстел басына «Ағалар әуені» тобы мен «Әже сәлемі» ансамблінің мүшелері жайғасқан. Олар «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен әсем әндерді әуелетіп, келген қонақтардың көңілін бір көтеріп тастады. Одан әрі Жаңа жылдың, жаңа күннің, жақсылықтың жаршысы, жылылықтың белгісіндей «Құс қанаты» композициясымен бүлдіршін бишілер ортаның сәнін келтірді. «Назерке», «Салтанат» би ансамблдері «Дархан дала» биін орындады.

14 наурыз Көрісу күні
Фото: БҚО Ішкі саясат басқармасы

Мерекелік шара барысында әсем әндер шырқалып, Көрісу салтынан көрініс көрсетіліп, әжелер шашу шашты. Ортаға жас келіндер шығып, қонақтарға көже мен бауырсақ ұсынды. Мал-жан аман болсын деп үлкендер жағы жиналғандарға ақ бата берді.

Мерекеде облыс әкімі Ғали Есқалиев сөз алып, облыс халқын Көрісу күнімен құттықтады.

Ғали Есқалиев
Облыс әкімі Ғали Есқалиев. Фото: БҚО Ішкі саясат басқармасы

Наурыз келісімен Ұлы даламыз көркейіп, жаңғырып керемет кейіпке енеді. Халқымыз күз жауынымен сәнді, қыс қарымен әрлі деп бекер айтпаған. Қазақ ерте көктемде қар көп болса келер жылда молшылық болады деп есептеген. Қысты артқа тастап, қаңқылдап қаздар келетін, жан біткен жаңғырып, жасанып жақсы бір күйге енетін көктемнің ғажап мерекесі – Көрісу мерекесі де келіп жетті. Бұл ежелден келе жатқан мереке. Халықтың ата кәсібі мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан, алыстағы көптен бірін бірі көрмеген ағайын-туыс, бауырлар қыстан аман шығып, сағынысып бас қосатын үлкен маңызы бар мейрам. Сондықтан ата-бабамыздан қалған мерекені тойлау бізге бұйырған бақыт.

Қадірлі ел ағалары, ақ жаулықты апалар сіздері көктемнің тамаша мерекесі — Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің ақ баталарыңыздан, риясыз көңілдеріңізден біз рух пен күш-қуат аламыз. Әрине, өткен жылға өкпе жоқ дегенмен, өткен жыл елдегі індетке байланысты бәрімізге де оңай тиген жоқ. Дегенмен жаңа жылда әрқайсымыз бір-бірімізге қолдау-демеу көрсетіп, жанашыр боп жүрсек біз кез келген қиындықтарды еңсереміз, — деді Ғали Есқалиев.

Мерекелік шараға қатысқан ардагер ұстаз Үзілдік Елеубаева бізге берген шағын сұқбатында халық үшін Көрісу күнінің мән-маңызын айтты.

Жер-ана бусанатын уақыттың жаршысындай Көрісу айтының келетінін бала кезден білеміз. Биыл оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей маңыз беріп, Twitter арқылы елдің халқын тұтас құттықтады. Бүгінгі шараға өте ризамын, — деді ардагер-ұстаз.

14 наурыз Көрісу күні
Фото: БҚО Ішкі саясат басқармасы

Сонымен бірге Көрісу айт күні жастар мәдениет үйінің және мәдени-ағарту бірлестігінің өнерпаздары, қалалық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, облыстық ресурстық орталықтың мамандары Орал қаласының қоғамдық көліктерінде жолаушыларға  мерекелік көңіл–күй сыйлап,  ізгі тілектерін жолдап, викториналық сұрақтар  қойып, салт-дәстүр туралы  мәліметтер берді.

Белсенді жолаушыларға сыйлық табыстады. Қайырымдылықтан түскен аздаған қаржы ауыр дертке шалдыққан оралдық бүлдіршін Эмир Шахмаровтың отбасына берілді.

14 наурыз Көрісу күні
Фото: БҚО Ішкі саясат басқармасы

Бөрлі ауданында Көрісу айт мерекесіне орай ұлттық ат спорты түрлерінен аудандық турнирі өтті. Жарыс жолына 28 сәйгүлік шықты, тай жарысына 9, құнан жарысына 7 және 12 ересек тұлпар топ бәйгеге түсті. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Ақсай» мәдени-бұқаралық ұлттық ат спорт кешенінің дипломдарымен, медальдарымен марапатталды.

Ауданның ұлттық ат спорт сүйер қауымы барлық жеңімпаз-жүлдегерлерге ақшалай және ұсақ малмен (қой) жүлде табыстады. Ат шабар алаңын дайындауға көмек еткен «ДокаСтрой-ком» ЖШС және «ГрантАзия» компанияларына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі алғыс білдіреді.

Көрісу күнін халқымыз жыл басы, айтулы мереке ретінде қадірлеп, жастар қауымы ақ жаулықты әжелерге, қарияларға, жалпы жасы үлкен жандарға арнайы сәлемдесуге барып, амандық сұрасып, батасын алады.

14 наурыз Көрісу күні
Фото: БҚО Ішкі саясат басқармасы

Міне, осындай игі салт Сырым ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мемлекеттік қызмет ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жымпиты ауылының тұрғыны Әнуарбек Ғалымовтың шаңырағында әуелден берік қалыптасқан. Әнуарбек аға зайыбы Рауиламен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан көрген немере-жиен қызығына кенеліп отырған өнегелі шаңырақ.

Жалпы өзім ежелгі дәстүр – Көрісу күніне бес жасымнан бастап куәгермін. Ауылда тұрған кезде 90-ға толып марқұм болған әжеме, шаңырақтағы аға-апаларыма ертемен тұрып, қос қолымды ұсына жүгіре сәлемдесетін сәтім әлі күнге жадымда сақталыпты. Елімізде 14 наурыздан бастап он күн бойына Наурыз мерекесі кеңінен атап өтіліп, тойланбақшы. Өте дұрыс. Ең бастысы, елімізде тыныштық, береке, бірлік болсын. Қазақы салт-дәстүріміз лайымда жалғасын таба берсін, – дейді Әнуарбек Ғалымов.

Жалпы Көрісу мен Наурыз мерекесіне орай бірнеше іс-шара облыстың барлық ауданында жоспарланған.

Тоқтар Кенжеғалиев