Жалған ғылым қалай таралады?
Мұндай «ғылым» түрлеріне қандай да бір ұйым немесе бақуатты жан қаржы салып, түрлі ресурс құртып әуре боп жатпайды. Әдетте, оны адамдардың өзі таратады.
Жалған ғылымның таралуы эпидемия іспетті. Адам оған бір сеніп алса, жаһанның құпиясын білгендей күй кешеді. Біраз уаққа дейін бұл «жаңалығына» таңырқап жүреді. Бірақ ә дегенде басқаға айтудан қорқуы мүмкін. Есің ауысқан екен десе, қайтпек?! Келе-келе оқып, біліп жатқаны шынымен рас сияқты көрінеді, бәрі қиысып тұр деп түсінеді. Енді ол тыныштала алмайды. Бар «шындықты», бар «құпияны» біле тұра, үндемей қалғаны дұрыс па? Ғаламды құтқаруы керек, тым болмағанда жақындарының «көзін ашуға» ұмтылады. Осылайша, жалған ғылымның миссионері болып шыға келеді. Және оны өзі байқамай қалады.
Айтқанын қостай кететін жандар табылса, тыныштала бастайды. Өйткені ойындағасын жеткізіп, білгенін бөлісіп отыратын орта пайда болды.
Ал пікірлес ешкім болмаса, басқаның бәрі адасып жүргендей, шындықтан құр қалғандай көрінеді.
Жалған ғылым теориялары адамды былай еліктіреді:
- Ол көбіне жалқаулыққа негізделген. Біз қандай да бір дүниенің қарапайым тілде түсіндірілгенін қалаймыз. Шын ғылыми түсіндірме оқу-зерттеуді қажет етеді, жалған ғылым ондайға «бас қатырып» жатпайды.
- Бұл идеяны біліп алған соң өзіңді сол тақырыпқа қатысың бар адам сияқты сезесің. Жұрт білмейтін, сіз айтқанда аузы ашылып тыңдайтын «құпия» шабыттандырады.
- Жалған ғылымға «басымен кірген» адам қандай да бір мәртебеге ие болады. Нумеролог, астролог деген сияқты. Лекция өткізіп, адам қабылдауға болады. Бұл іс үшін тіпті ақша алып жатады.
- Эмоция. Біреу сізге әлдебір ақпаратты эмоциямен жеткізсе, сол есіңізде қалады. Сондықтан жалған ғылым теориясын эмоцияның түр-түрін қосып жеткізу айтылғанды жадыда мықтап сақтау үшін керек. Ал нағыз ғылым құрғақ статистикамен, нақты дәлелдермен, күрделі терминдерді қолданады.
Жалған ғылымды анықтау үшін не керек?
Әрине, алдымен шын-өтіріктің ара-жігін ажыратуға мүмкіндік беретін сыни пайым қалыптастыруға тырысыңыз.
Сондай-ақ күшті жалған ғылым теорияларының қате екенін дәлелдеуге жұмсағаннан гөрі, оның таралып, танымал болуына әсер ететін жағдайларды тойтаруға бағыттаған жөн. Ол үшін шын ғылымның көпшілік арасында кең таралуын қамтамасыз ету қажет. Мұнымен ғалым-зерттеушілер ғана айналыспай, арнайы ғылыми журналистер мен ғылыми жазушылар да іске білек сыбана кіріссе, құба-құп.
Бірақ кейінгі екеуін табу өте қиын. Ал ғалымдар мен зерттеушілер көбіне өзі айналысып жатқан жұмыстан бас ала алмайды. Жалған ғылыммен күресуді ешкім ойына алмайтындықтан немесе шын ғылымды танитындар аз болғандықтан, әлеуметтік желілерде жұлдызға қарап болашақ болжайтын, цифрға қарап мінез-құлқыңды сипаттайтындардың аудиториясы әжептәуір болып тұр.
Әркім өзін жалған ғылымнан қорғай алады. Ол үшін идеяның қай тұсы бұрыс екенін талдау қажет:
- Мейнстрим, яғни қандай да бір тақырып халық арасында жаппай таралып, кеңінен насихатталып кету. Идея мейнстримге айналып кетсе, онысы сізге ұнаса, демек мұнда бірнәрсе дұрыс емес. Ол саладан хабарыңыз болмаса, тіпті сақтанған дұрыс. Шын ғылым мейнстримнен бас тартып, сынауға рұқсат етеді, елеусіз жүре беруге көнеді. Ал мейнстрим болған нәрсенің, әдетте, сыналуға құлқы жоқ.
- Бұған дейін болған қате. Салыстырмалы түрле жаңа идеяға тап болсаңыз және оның ішінен бұрын болған қате тапсаңыз, идеяны тыңдаудан бас тартыңыз. Уақыт пен энергия құртып қайтесіз?!
- Мәртебе арқылы манипуляция. Мұны Пәленше деген академик айтқан, Түгенше деген Нобель сыйлығы лауреаты айтқан деп идеясына сендіруге тырысса, сөйте тұра ол идеяны көпшілік біле бермейтін болса, бұл — сізге біреудің мәртебесі арқылы ықпал ету. Мұндайға сынап қараңыз. Бәлкім, ол академик осындай «сөз айтқанынан» өзі де хабарсыз шығар?
- Назар аудару арқылы манипуляциялау. «Сіз түсінбедіңіз, менің мынадай мақаламды, мынадай кітабымды оқыңыз, сонда ұғасыз». Идеяны айтып тұрған адам өзінің не деп тұрғанын түсіндіре алмаса, оны ұғу үшін том-том кітаптар оқу керек десе, әрі қарай тыңдамай қойыңыз. Бұл — назар аударту арқылы манипуляциялау.
- Сенімділік арқылы манипуляциялау. Идеяны баяндап отырған адам басқа бір ұғым жайында «мұның бәрі дұрыс емес, біз оны дәлелдеп қойғанбыз» десе, сенбеңіз.
- Діни және саяси қате түсінік. Мұндай түсініктегілер көбіне шын ғылымның дәлелдеріне қарсыласумен айналысады. Мысал ретінде ғаламдық жылынуды алайық. Америкада ғаламдық жылынудың бар екенін негізінен либертариандар мен консерваторлар мойындамайды. Өйткені климат жылынуын мойындаса, бәрі бірігіп ортақ іс қылуы қажет болады. Ал бұл идея ультралиберал идеологияға қайшы. Ол бойынша, проблеманың бәрі нарық арқылы өз-өзінен шешіліп отырады, қате уақыт өте келе түзеледі, жоқтың орны толады. Демек кейбір идеологияға қайшы келетін шын ғылымның бәрі «жалған ғылымға» айналып шыға келеді.
- Сынға жауап беру. Бұл өте маңызды. Идея айтушы сынды қабылдай алмаса, оған жауап таппаса, сонысына күйініп, әр нәрсені бір дәлел етуге тырысса, идеяны жақсылап тексеріп алған жөн.
* * *
Тағы да оқыңыз:
Астрология, нумерология және хиромантия. Жалған ғылым деген не?