Өтірік ғылым деген не?

Энергетикалық карта деген бар. Таиландта шығады, пирамида схемасы бойынша сатылады. Оны кей ел киімнің ішіне тығады, ауырған жерге басады, суды тазартуға пайдаланады. Көмектеседі деп сенеді. Ал шын мәнінде, ондай картадан радиоактив сәуле тарайды. Құрамында уран мен торийдің радиоактив бөлшектері бар, ол аз десеңіз, ауыр металдар болуы мүмкін деген күдік те кездеседі.

Сонда карта не үшін керек? Халық неге сеніп жүр? Бар мәселе өтірік ғылымда жатыр. Бұл саланың өкілдері ақша табу үшін неше түрлі «пайдалы» дүние ойлап тауып, елді соған сендіріп бағады. Құрығына ілінгендер қаржысын береді, зат сатып алады. Ақыры ақшадан да, денсаулықтан да айрылып жатқандар бар. Жалған ғылымның (псевдо) қатерлісі де осы өтірік ғылым.

Өтірік ғылымның анықтамасы көп. Соның ең қарапайымы әрі түсініктірегі мынау: «Өтірік ғылым — нағыз ғылым қаржысына күн көріп отырған сала».

Өткен мақаламызда сөз болған жалған ғылым шын ғылымды жоққа шығармаушы еді. Ал өтірік ғылым шын ғылымның арқасында паразит өмір кешеді.

Иллюстрация: Dribbble.com©Daphna Sebbane

Өтірік ғылымның қандай түрлері танымал?

Өтірік ғылым түрлерін шартты түрде төртке бөліп қарастыруға болады:

  • бағзыдан келе жатқан эмпирикалық ілімдер;
  • баламалы теория жасауға тырысу;
  • ғылымды діни немесе философиялық ағымдармен байланыстыру;
  • ескірген дүбәра ғылымдар.

Эмпирикалық ілімдерге астрология, алхимия, нумерология жатады. Астрология мен нумерология туралы алдыңғы материалда айттық. Алхимия заттардың қасиеті мен олардың қалай жасалғанын зерттеу, табиғи заңдылықтарды түсіну үшін пайда болды, бірақ, бір кемшілігі, барлық құбылысты сиқырлы идеялармен байланыстырды.

Баламалы теория жасауға тырысу – «жаңа ғылым» атауына ұмтылады. Ғылымға балама көзқарас ретінде пайда болған, бірақ фактілер мен зерттеулерге негізделмеген. Мұндай теорияларға уфология, жаңа хронология, толқынды генетика және тағы басқа жатады.

Уфология басқа планетадан келетін келімсектер туралы идеяны, олармен ой арқылы байланысуды, беймәлім ұшатын нысанды, өзге әлемдегі өркениеттердің адамзатқа әсерін қарастырады.

Жаңа хронология — дүниежүзілік тарихты түбегейлі қайта қарау теориясы. Бұл өтірік ғылымды қолдаушылар біз білетін оқиғаның көбі болған жоқ деп санайды және барлық дерлік тарихи құжатың әлем деңгейінде бұрмаланған дегенге үгіттейді.

Толқынды генетика өтірік ғылымы ақпарат ДНҚ-да толқын түрінде болады, ол ақпаратты лазер сәулесі түрінде бере алады және адам қайтыс болғаннан кейін оның бойында елес болып сақталады, осылайша қоршаған ортаға әсер етеді деп есептейді.

Ғылымды діни немесе философиялық ағымдармен байланыстыру. Мұны ғылыми көзқарас пен діни немесе философиялық көзқарасты жақтаушылар даулап келеді. Олардың бірігуі арқылы ғылыми креационизм, парапсихология (өткен материалда сөз болды), телегония және тағы басқалар пайда болды.

Креационизм ғалам, Жер, адамзат, қоршаған орта жаратушының арқасында пайда болды дейді және оны ғылым тұрғысынан түсіндіруге тырысады, тіпті әлдебір деректерді ғылыми дәлел ретінде келтіріп жатады.

Телегония — әйел ағзасында оның алғашқы жыныс партнеры туралы ақпарат сақталады және кейін биологиялық әкесі кім болғанына қарамастан, осы алғашқы партнердің ақпараты әйелден туған балаға беріледі деген тұжырым.

Ескірген дүбәра ғылымдар – емдеу жүйелерімен, психологиялық, діни және оккультизм тенденцияларымен байланысты танымал ілімдер. Мұндай ілімдерде ғылымға еліктейтін немесе оларға жақын ғылыми көзқарастар немесе тезистер болуы мүмкін, бірақ теріске шығарылған немесе дәлелденбеген тұжырымдар да қатарласады. Мысалы, гомеопатия, биорезонанс, НЛБ және тағы басқа.

Гомеопатия — құрамында белсенді заттың бірде-бір молекуласы қалмайтындай етіп сумен сұйылтылған дәрілермен емдеу.

Биорезонанс аурудың ерекше жиілігі болады, оны арнайы ақпарат анықтайды деп есептейді. Оған қоса, сол аурулардан айықтыратын да ауру жиілігі бар дейді.

НЛБ (нейролингвистикалық бағдарламалау) — табысты немесе дені сау адамдардың мінез-құлқын көшіру арқылы аламды жетістікке жететін немесе сауығып кететін етіп бағдарламалауға болады деп болжайды.

Ғылым, ғалам
Иллюстрация: Dribbble.com ©Muriel

Өтірік ғылымның шын ғылымнан айырмасына мысалдар

Өтірік ғылым мен оны жақтаушылар өз теориясын кез келген ғылыми жаңалыққа бейімдей алады. Мысалы, әлемді Құдай жасайды дейтін креационистер дүниежүзінде болған топан суды динозавр сияқты белгілі бір түрдің жойылуымен дәлелдеуі мүмкін.

Болмаса, пирамида перғауындар дәуірінен ертеректе пайда болғанын, оларды аса өркениетті болған, бірақ кейін жойылып кеткен топ салды деген әйгілі идеяны алайық. Бұл идеяның ғылыми негізі болуы үшін қандайда бір қолмен ұстап көретін дәлелдер керек. Өтірік ғылым жақтаушыларды дәлелі мынау: «әдем шындықты білмеуі үшін» айғақтың бәрін мұқият жасырып отыр.

Оның тағы бір мысалы — жерден тыс өркениеттерді іздеу үшін құрылған SETI ғылыми бағдарламасы. Ғалымдар келімсектер жоқ деп санайды, бірақ оларды іздейді. Ал уфологтар, керісінше, өздерінің барлық зерттеуін келімсектер бар екеніне сенуге негіздейді және өз теориясына келеді-ау деген барлық құбылысты «тарта береді».

Кез келген зерттеуді немесе «сенсациялық» жаңалықты зерттегенде мына нәрсеге назар аудару керек: автор ұсынып отырған теорияны жоққа шығаруға тырысқан ба, әлде оның бүкіл жұмысы тұжырымын растауға бағытталған ба? Егер растағысы келсе, ол адамға сену қиын.

Ғылымды өтірік ғылымнан ажыратуға мүмкіндік беретіні — «бұрмалау принципі» немесе Поппер критериі. Ол бойынша, кез келген теорияны оны тексеру нәтижесінде жоққа шығаруға болатын болса, ғылыми дәлелі бар болуы мүмкін. Оны тексеру және жоққа шығару мүмкін емес болса, онда бұл — өтірік ғылым.

Тағы оқыңыз: Астрология, нумерология және хиромантия. Жалған ғылым деген не?