1. Демалысты жоспарлаңыз

Демалыстың аты аталғанда «жоспар» деген сөзді қолдануға ерінетініміз рас. Бірақ жоспарлау — шындап демалып, тынығудың кепілі.

Ол үшін мынадай әдіс пайдалануға болады. Бір парақ қағазды алып, екі бағаннан тұратын кесте сызыңыз. Бірінші бағанға «Instagram ақтару», «сериал қарау» деген сияқты арнайы іс-әрекетті талап етпейтін, уақытты жайбарақат өткізуге арналған дүниелерді тізіп шығыңыз. Екінші бағанға «саябақта қыдыру», «бассейнде шомылу», «тау аралау» деген сияқты бір жаққа баруды талап ететін  дүниелерді жазыңыз. Әрқайсының уақытын көрсетіңіз. Және осы екі демалыс түрін араластырып отыруға тырысыңыз.

Айтпақшы, үйдің қуыс-қуысын тазалау деген сияқты шаруаны демалысқа қоймаңыз. Оларды аз-аздан жұмыс күндері де бітіре беруге болады. Мысалы, жұмыстан соң кір киімдерді іріктеп, шетінен машинаға салып отыруға болады. Қаржы жағдайыңыз дұрыс болса, үйді арнайы мамандарға жинатып алыңыз. Азық-түлік дегенді жұмыстан қайтып келе жатқанда да ала келуге болады. Демалыста тамақ істегіңіз келмесе, жеткізу қызметін пайдаланыңыз.

2. Аз уақытқа болса да сырт келбетіңіз бен ортаңызды өзгертіп көріңіз

Ұзақ уақыт бойы бір жұмысты істеп, бір алгоритммен өмір сүру де жалықтырады. Бұл адамның басқа қабілетін ашуға кедергі болуы мүмкін.

Ал киім үлгісін өзгерту адамның көңіл-күйіне, мінез-құлқына әсер етеді. Психологтартың айтуынша, біреуге ақ киім кигізіп, белгілі бір жұмыс істеуді тапсырсаң, ол оны барынша мүлтіксіз орындайды екен.

Киіммен қоса, жүрген ортаңызды да бірнеше күндік демалыста өзгертуге болады. Мәселен, демалыста да жұмыс істейтін әлдебір таныс-досыңыздың ісіне риза болып жүрсеңіз, бір күн жанында болыңыз. Не істейтінін бақылаңыз, үйреніңіз, көмектесіңіз.

3. Диджитал детокс

Көзді тырнап ашқаннан әлеуметтік желіге жабысасыз ба? Мамандар әр жаңа фото, мәтін және жаңарған статус ағзаға рахат, қуаныш сыйлайтын гормон дофаминнің бөлінуіне әсер ететінін айтады. Сол себепті адам әлеуметтік желіге қайта-қайта кіріп, әдеттеніп алады.

Бірақ осындай тірліктің кесірінен ми тым көп ақпараттың қайсысын таңдарын білмей, әуреге түседі, нәтижесінде маңызды деректі есте дұрыс сақтай алмайды. Ақыры адам шығармашылықпен айналысудан, уақытын жоспарлаудан, басқалармен араласудан қалады. Көңіл-күй жоғалады, фобия, күйзеліс пайда болады.

Ал біз ұсынатын диджитал-детокс — барлық электрон девайсты уақытша өшіріп тастау. Мұндай мүмкіндікті демалыста пайдалануға болады. Өйткені жұмыс күніндегідей электрон құрылғыларды қолдану міндетті емес.

Алдымен өзіңіз жиі кіретін парақшаларды не үшін оқитыныңызды еске түсіріңіз. Мысалы,  фотографтардың аккаунтарына, түрлі әдемі вижуал-материал жариялайтын пабликтерге жазылып қойған болсаңыз, ерінбей арт-галереяларға барыңыз. Фитнес-блогтарды бақылап отыру ұнаса, жүгіруге шығыңыз.

Айтпақшы, телефоныңызды қайта қосқанда, достарыңыздың демалысты қалай «керемет өткізгені» туралы фото-видеосына сене бермеңіз. Әлеуметтік желілердің ең керемет сәттерді имитациялауға арналғанын ұмытпаңыз.

4. Спортпен шұғылданыңыз

Демалыста қайдағы спорт дерсіз?! Актриса, жазушы Джейн Фонда былай депті: «Ақыл-ойды тазартудың ең жылдам тәсілі — денені қалыпқа келтіру. Артық ойдан арылу үшін денеге күтім жасаңыз».

Демалыс деген аты ғана, әйтпесе күні бойы диванда жатып алып, бастағы сан тарау ойдан арыла алмай, ақыры шаршап-шалдығып, тарығып кетеміз.

Адам денесі о баста қозғалыстан ләззат алатындай етіп жаратылған. 40-50 минут жаттығу жасаған адамның миы каннабиноид өндіре бастайды. Ол уайымды, ауруды басады, «желаяқ эфориясы» деген желік пайда болады. Спортшылар оны толықтай босаңсу, рахатқа бөлену сәті деп сипаттайды. Рахат алатын спорт түрлеріне спортық жүріс, жүгіру, велосипед айдау, йога, фитнес және тағы басқа жатады.

5. Жаңа әсерге алуға тырысыңыз

Жұмысыңыз қарбалас, араласатын адам көп болса, демалысты тыныштықта өткізуге болады. Бір өзіңіз маникюрге барыңыз, жалғыз серуендеңіз, кітап оқыңыз дегендей.

Бәлкім қол боста сурет салып, фото өңдеген немесе бөлме сәндеген ұнайтын шығар. Мұндай хоббиді де байқап көруге болады.

Ал жұмыс уағында адамдармен қарым-қатынас құру мүмкіндігі аз болса, қызығушылығы ортақ клубқа жазылыңыз. Өзіңіз сөйлесіп, пікір алмасқыңыз келетін адамға жолығуды ұсыныңыз.