Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы туралы айтты

Мемлекет басшысы бұл туралы Twitter-дегі парағында жазды.

Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті, — деп жазды президент.

Айта кетейік, бүгін XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы Әлихан Бөкейханның туған күні.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі. Қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы.