Журналист Әсем Жәпішеваның пікірінше, мұндай құбылыстың кездесуінің тарихи себебі болуы мүмкін. Алайда ол «елдегі барлық азамат заңсыздық пен әділетсіздікті көргенде үндемей қалады» және «бұл қазақстандықтарға ғана тән қасиет» дегенге келіспейді. Өйткені Кеңес одағы тұсында да, тәуелсіздік алғаннан кейін де адамдар пікірін еркін айта алмады, билік наразыларды басып-жаншып отырды дейді.
Алысқа бармайық. Журналистер Рахат Әлиев билікте болған кезді әлі күнге дейін есіне алады. Осы кезде журналистерді аямастан қорлады, өлтіруге дейін барды. Басқа азаматтарға да қарсы репрессия қатты болды. Қорқыныш деген у сияқты. Осы қорқақтық Қазақстандағы ғана емес, посткеңестік елдердегі азаматтардың бойына сіңіп кеткен. Бұл нәрседен аттап өту үшін үлкен триггер қажет. 2016 жылы жер мәселесін көтеріп, митингіге көп азамат шықты, бірақ Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеге отырғызғанда наразылық акциялары ұйымдастырылмады. Қамады, өтті, кетті. Адамдар қорқып қалды. 2019 жылы астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсы шыққан және сайлау әділетсіз деген көп адам наразылық білдірді, оның 4 мыңға жуығы ұсталды. Мұны кейінгі 10 жыл ішіндегі ең үлкен наразылық акциясының бірі деп айтуға болады. Ал Жаңаөзен оқиғасы кезінде адамдардың үнсіз қалуына келсек, олардың бойында үлкен қорқыныш болды. Жаңаөзен — кішкентай ғана қала, интернет жоқ, байланыс жоқ. Жаныңдағы адамдарды өлтіріп жатыр. Көшеде ештеңеден тайынбайтын әскерилер жүр. Ереуілге шыққандар — революционер емес, қарапайым адамдар. Сондықтан бұл қорқынышты түсінуге болады, — дейді ол.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, заңсыздыққа митингіге шықпай-ақ, адвокат көмегімен, соттың әділ шешім шығаруымен қарсы тұратын кезге жетуіміз керек, сонда ғана ел алға жылжиды.
Азаматтар дамыған мемлекеттердегідей заң үстемдік орнасын десе, онда әділетсіздікті көргенде үнсіз қалмауы керек. Кезінде Германияда фашистер билікті жаулап алғанда Мартин Нимеллер дейтін шіркеу қызметкерінің айтқаны бар. «Фашистер коммунистерді әкетуге келгенде үнсіз қалдым, өйткені коммунист емеспін, социал-демократтарға келгенде тағы да қарсылық білдірмедім, өйткені социал-демократ болмадым, олар кәсіподақтың артынан келген кезде үндемедім, себебі кәсіподақ мүшесі емеспін. Ал маған келгенде қолдау білдіретін ешкім болған жоқ» дейді. Әрине, мұны біздің жүйені салыстыруға болмайды, бірақ бізде де заң бұзу жиі болады және отандастарымыз әділетсіздік құрбанына айналады. Осындай кезде ел алдында жүрген азаматтар үндемейді. Кім қандай қызметте отырса да, конституциялық құқық тапталғанына көзі жетсе, міндетті түрде тыс қалмауы керек. Қазіргі қолда қалған жалғыз ресурс — әлеуметтік желіні қолдануға тиіспіз. Барлық шенеуніктің желілерде парақшасы бар, — дейді Шалқар Нұрсейіт.
Әлеуметтанушы, PaperLab саяси-қолданбалы зерттеу орталығы сарапшысы Серік Бейсембаевтың сөзінше, Қазақстанда халықтың көпшілігі наразылық акциясына қатыспайды, Қырғызстандағыдай, Беларустегідей митингіге бірнеше жүз мың адам шықпайды. Алайда кейінгі жылдары Қазақстан азаматтары әлдеқайда белсенді бола бастаған. Өйткені елімізде кейінгі жылдары протест акциялары және оған қатысатын адам саны көбейген. Бұл құбылыс 2019 жылы ерекше байқалды. Сол жылдан бастап азаматтардың белсенділігі артты, адамдар көп нәрсеге немқұрайлы қарамайды.
Серік Бейсембаев азаматтардың наразылық білдіруге енжарлығының бірнеше себебін айтты.
Біріншіден, адамдар өзін саясаттан алыс ұстайды, конформист. Конформизм — топтық қысыммен қадағаланып отыратын жүріс-тұрыс, яғни көпшілік қалай бұрылса, өзгелер де солай бұрылуға дайын. Азаматтар «Митингіге шыққанда не ұтамын?», «Бардым делік, бірақ ештеңе істей алмаймын ғой» деп ойлайды. Дәл осы ұстаным қоғамдағы белсенділікті анықтайды. Сосын екінші мәселе. Посткеңестік елдерде, әсіресе, Қазақстан сияқты авторитар мемлекеттерде билікке наразылық білдірудің «бағасы» жоғары, бұл азаматтар өзіне төнетін қауіпті түсінеді деген сөз. Мысалы, «жұмыстан шығып қаламын» немесе «полиция қысымға алады» деп қорқады, енді біреулері «таяқтың астында қалып, зәбір көремін» деп үрейленеді. Өйткені біздегі күштік құрылымдардың реакциясын біледі. Полиция бірден қоршауға алып, автозакқа салып әкетеді. Бұл әр адамның көз алдында, жатталып қалған. Сол себепті көпшілік өзін мұндай нәрседен аулақ ұстайды, — дейді Серік Бейсембаев.
Әлеуметтанушының айтуына қарағанда, азаматтардың үндемей қалуына тарихи себептен гөрі экономика факторы көп әсер етеді. Қазақстанда негізгі жұмыс беруші — мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар. Олардың бәрі билікпен тікелей байланыста, сол себепті онда жұмыс істейтін адам да өзін осы жүйеге бағынышты деп есептейді.
Қоғамның аға буын өкілі Кеңес одағында өмір сүрген. Тоталитар жүйенің шектеуін көрді, мемлекетке бағынады. Сайлауға баратын электораттың басым көпшілігі — жасы үлкен және бюджет саласында қызмет ететін азаматтар. Олардың арасында конформист ұстаным кең тараған. Сосын экономика факторының да әсері көп. Өйткені азаматтардың көпшілігі мемлекеттік не болмаса квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан және Алматыда өзіне өзі қызмет ететіндердің, кәсіпкерлердің үлесі басымырақ. Олар мемлекеттен өзін тәуелсіз сезінеді. Басқа өңірлерде, аудандарда, ауылды жерлерде тұратындар наразылық білдіруге неге құлшынбайды? Себебі оларда экономикалық тәуелділік деңгейі жоғары. Мысалы, ауылда мұғалім болып жұмыс істейтін адам сол қызметінен мейлінше айырылып қалмауға тырысады. Басшылықтың көзіне түсіп, жаман нәрсе жасаса, оны бірден жұмыстан шығарып тастауы мүмкін, ал ауылда одан басқа баратын жер жоқ. Сол себепті олар бірізділік приципін ұстанады. Ал мегаполистерде жұмыстан шығарып жіберсе, басқа орын табуға болады, — дейді әлеуметтанушы.
PaperLab саяси-қолданбалы зерттеу орталығы сарапшысы бір сөзбен қазіргі қоғамның саясилану деңгейі өте жоғары, бірақ митингіге шығу әлі де кең тарап жатқан жоқ деген пікір айтты. Қазақстанда оның орнына кейінгі жылдары арт-активизм дамып жатыр.
Арт-активизм — наразы екенін өнері, шығармашылығы арқылы жеткізетін белсенділер. Бұл күні билікке, мемлекет саясатына қарсы өткір мем пайда болса, әлеуметтік желі қолданушылары арасында бірден тарайды. Серік Бейсембаевтың пікірінше, мұны жалпы тренд деп айтуға әлі болмайды, бірақ Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалаларда креатив индустрия өкілдері қалыптасқан.
2019 жылы қоғамда маңызды серпіліс болды дедік қой, арт-активизм де осы кезде дами бастады. Instagram-да мем жасайтын топтар, фото, сурет арқылы азаматтық позициясын білдіретіндерді құбылыс әкелді деуге болады. Наразылықтың мұндай түрі ірі қалаларда жақсы дамып жатыр. Мұнда дизайнерлер, суретшілер, фотографтар ортасы бар. Азаматтардың саяси белсенді болуына әлеуметтік желінің де әсері бар. Facebook, Telegram сияқты саясиланған желіні пайдаланатындардың көбі — ірі қала тұрғындары. Олар желілерден мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қарсы контентті жиі көреді, оқиды. Қазір әлеуметтік желіні көп адам пайдаланады. Instagram-да да мұндай контент жетеді. Осының әсерінен де белсенділер көбейіп жатыр. Мүлдем саясаттан хабары жоқ адамдар, ештеңеге араласпайтындар бар, бірақ менің ойымша, олар мүлдем азайып кетті. Өйткені қай ортаға барсаңыз да, айтатыны, талқылайтыны — саясат. Отырыс болған жерде немесе таксиге мінгенде міндетті түрде сайлауды, мемлекеттің саясатын айтады, — дейді ол.
Жақында тележүргізуші, продюсер, «Balu KZ» YouTube-каналының авторы Тимур Балымбетов Baribar.kz порталына берген сұхбатында еліміздегі поп-музыканттардың саяси белсенділігі, протест музыкасы туралы айтты.
Оның пікірінше, 2019 жылдан бастап Қазақстан музыкасында да көп нәрсе өзгере бастады. Орындаушылар пікірін, саяси көзқарасын музыка арқылы ашық түрде білдіруді нормаға айналдырып жатыр.
Өзіме Мархаба Сәби мен Dequine 2019 жылы жазған әндер ұнайды, дер кезінде шыққан туындылар болды. Әрине, қазіргі уақытта ең танымал кейс — Ирина Қайратовнаның «5К» туындысы, — деді тележүргізуші.
Екі ай бұрын жарияланған клипті бүгінге дейін 13 миллионға жуық адам көрген. Видео 312 мың лайк, 50 мыңнан астам комментарий жинаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі азаматтарды билікке қатысты ой, сыни пікір айту құқынан ешкім айыра алмайтынын айтты. Баспасөз хатшысы Берік Уәли 16 ақпанда бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңесте президенттің сөйлеген сөзін жариялады.
Былтырдан бастап Қазақстанда бейбіт жиындар өткізу туралы мүлде жаңа заң күшіне енді. Егер бұрын қолданыста болған заңда рұқсат алу процедурасы болса, жаңа заңда митинг өткізу туралы хабарласа, жеткілікті. Сонымен қатар ірі қалалардың орталықтарында бейбіт жиындарға, оның ішінде наразылық акцияларын өткізуге арнайы орындар белгіленген. Бұл — біздің қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам. Бұл саясатты біздің қоғамда ғана емес, шетелдерде де түсіндіруіміз керек. Жиын өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынуға міндетті. Азаматтардың билікке қатысты өз ойын білдіру, сыни пікір айту құқынан ешкім айыра алмайды. Бұл олардың конституциялық құқығы және ол қатаң түрде заң аясында орындалуы керек, — деді мемлекет басшысы.
Әсем Жәпішеваның айтуына қарағанда, Қазақстанда алдағы уақытта наразылығын білдіретін адамдар саны көбейеді. Мұның екі сценариі бар. Алайда билік ресурсы, тәжірибесі, политтехнологтары көп болғаны себепті наразыларды бөліп, азаматтық қоғамның бірікпеуі үшін қолынан келгеннің бәрін істейді.
Біріншісі — пессимист сценарий. Теледидар мен тоңазытқыштың күресі деуге келеді. Осы күресте тоңазытқыш жеңсе, яғни пандемия бар, жемқорлық бар, осының кесірінен экономикамыз құлдыраса, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендей берсе, адамдар жаппай наразылық білдіреді. Бұл — табиғи процесс. Екінші сценариді толық оптимист деуге келмейді, бірақ осыған жақындау. Бұл халық санасы өсуі арқылы көрінеді. Мұнда бізге интернет көп көмектеседі. Мысалы, Алексей Навальныйдың «Дворец Путина» зерттеуі YouTube-те 114 миллионнан астам қаралым жинаған. Бізде де сана-сезімі оянып келе жатқан адам көбейіп жатыр, — дейді журналист.