Атырауда «30 қайырымды игі іс» республикалық марафоны басталды

Аталған іс-шара шеңберінде қала, сондай-ақ аудан әкімдері жергілікті кәсіпкерлер арқылы аз қамтылған 700 отбасын жылдық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін алғашқы сертификаттар табыс етілетінін хабарлады. Ал ондаған жыл бір бөлмелі үйде тұрып келген жеті баласы бар отбасыға Атырау қаласынан 2 бөлмелі пәтердің кілті берілді.

Махамбет Досмұхамедов

Іс-шарада Алғыс айту күнімен құттықтаған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір халқына алғыс айтты.

Құрметті жерлестер, Сіздерге мың алғыс! Бүгін бірнеше маңызды даталар тоғысқан күн. 1 наурыз – тек «Алғыс айту» мерекесі ғана емес, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Nur Otan» партиясының да құрылған күні. Сондықтан да маңызды күннің мәртебесі әрдайым арта берсін! Аталған құрылымдар Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін ерекше рөл атқарды. Олардың мемлекет саясатын жүргізудегі, сондай-ақ елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы алар орны ерекше,- деген Махамбет Досмұхамбетов биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында қайырымдылық марафоны басталғанын және барша атыраулықтарды осы игі іске атсалысуға шақырды.

Өңір басшысы төтенше жағдай кезінде атыраулықтар қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсеткенін ризашылықпен атап өтті. Сонымен қатар, ол бірқатар ірі компанияға, медицина мен әлеуметтік сала қызметкерлері, құқық қорғау органы өкілдері, еріктілер, меценаттар сондай-ақ мұғалімдер және өзге де атсалысқандарға арнайы ризашылығын жеткізді.

Этномәдени бірлестік

Өз кезегінде Қазақстан халқы ассамблеясының Атырау облысындағы этномәдени орталығы «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Валентиновна Ассамблеясының негізін қалаған Елбасына, ынтымағы жарасқан Қазақстан халқына алғыс айтты.

Айта кетейік,  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атырау облысы іскер әйелдер қауымдастығы» төрайымы Гүлжан Мұхатаева екі жасөспірімнің еміне және мүмкіндігі шектеулі медицина қызметкеріне қаржылай қолдау білдіріп, сертификаттар табыстады. Қайырымдылық марафоны шеңберінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұжымы онкологиялық сырқатпен ауыратын балалар үшін облыстық балалар ауруханасына 5 дана планшет табыс етті.