— Тимур, сіз ойын-сауық сипатындағы телеарна өкілі бола отырып, адам құқығы мен бостандығы, этика және интеллект мәселесін қозғайсыз. Біздің жағдайымызда, біздің музыкалық телеарналардың фонында бұл — бір таңсық нәрсе. Поп-мәдениет аудиториясын салмақты тақырыпқа көшіруді әдейілеп мақсат еттіңіз бе, әлде кездейсоқ басталды ма?

— Біріншіден, бұл сол кездегі жұмысым болды. Белгілі телеарнада медиа-менеджер болып жұмыс істесеңіз, міндетті түрде осы форматқа сәйкес келетін бағдарламаларды дайындауыңыз керек, қонақтарды шақыруыңыз қажет.

Ал «поп-мәдениет аудиториясын салмақты тақырыпқа көшіруді әдейілеп мақсат еттіңіз бе» дегенге келсек, «жоқ» дер едім. Өйткені әлеуметтік те, саяси да тақырыптар өзіме қызық. Gakku TV телеарнасынан кетіп, жеке шыққанда да осы бағытты бірінші қарастырдым. Тақырып өзіме қызық болған соң көрерменіме ұсынамын. Ұнап жатса, ары қарай жалғастырамын. Жасаған жобаларым, оның форматы халықтың көңілінен шығып жатыр деген үміттемін. Мұны YouTube-каналымдағы контенттің қаралым саны мен көрермен жазатын пікірлерден байқауға болады. Халық не деп жатыр, не ойлайды — бәрін оқимын, өйткені бұл мен үшін маңызды. Бір-екі адамның пікірін негізге алып, соларға ғана хабар дайындайтын жүргізуші, продюсер емеспін. Маған барлық қолданушының пікірі шынымен де маңызды. Өйткені көпшілікке жұмыс істеймін.

— Қазақстан телеарналары негізінен шоу-бизнес, әзіл-күлкі мен дау-жанжалға құрылған контент болмаса, аудиториядан айырыламыз деп қауіптенетін сияқты. Қателесуім мүмкін, бірақ сондай әсер береді. Менің ойым дұрыс па? Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?

— Негізі Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде көрермен дауға, жанжалға толы контентті тезірек қабылдайды. Эмоцияның, әсіресе, негативтің адамды тез баурайтын әсері бар. Кликбейт тақырыпты байқасақ, басамыз да, көре береміз. Бұл — дүниежүзінде болып жатқан проблема. Жаңа норма деп айтпас едім, бірақ кейінгі кезде осындай құбылыс байқалады.

Біздің елге келсек, бұл білім беру саласының, әдісінің құлдырауын білдіреді. Әйтпесе, неге біз ғалымдарды, ағартушыларды, суретшілерді іздемейміз? Өзіме де осы нәрсе көп жазылады. «Танымал тұлғаларды ғана қонаққа шақырасыз, басқа салада да жетістікке жеткен, маман болып қалыптасқан адамдарды неге әңгімеге тартпайсыз?» деп айтып жатады. Ал сондай жандарды қонаққа шақырып, сұхбаттасып, оны YouTube-ке жарияласам, қаралымы міндетті түрде аз болады. Өзгелермен салыстыруға да келмейді. Әдетте 100 мың қаралымға жетсе, бұл жақта 5-10 мыңның арасында ғана болады. Бұл нені білдіреді? Көрермен көбіне позитив әлде негатив екеніне қарамастан ойын-сауық контентін көріп, артынша оны ұмыта салып, шаруасымен айналысып кеткенді жөн көреді. Бұл — мәдениет, білім салаларының құлдырағанының белгісі. YouTube тренді қазіргі қоғамның айнасы дер едім.

Тағы бір мәселе. Телевизия нәтижені қалай есептеу керегін білмейді. Бізде мұндай құрал жоқ. Кейінгі кездері ұлттық арнаның өзі тақырыптарды көтергенде, қонақ шақырғанда әлеуметтік желіге қарайтын болды. Лайк, комментарий, оқырман саны маңызды. Осы да бір жағынан кесірін тигізіп жатыр. Өйткені кейде хайпқа толы хабар жасай беруден гөрі берері бар материал ұсынған дұрыс па еді деп ойлаймын.

Тимур Балымбетов
Тимур Балымбетов. Фото жеке архивінен

— Телевизия «пипл хавает» принципінен құтыла ала ма?

— Көрерменнің қалауын ғана ескеріп, контент дайындасақ, ешқашан өзгермейміз. Телеарналарда берілетін өнім сапасы да жақсармайды. Ағарту мақсатында да жұмыс істеуіміз керек. Мұндай формат басқа елдерде бар, бұл үшін көбірек жұмыс істеу керек, көбірек ізденіс қажет.

— Журналистикадағы қызметіңіз барысында принципіңізге қайшы келген, бірақ түрлі себеппен істеуге мәжбүр болған жұмыс кездесті ме?

— Жоқ, мұндай қайшылық болды деп айта алмаймын. Медиа саласында жүргеніме біршама уақыт болды. Әріптестерім кім екенімді, қандай принципім барын біледі. Сол себепті болар, арзанқол нәрсені ұсынбайды.

Мамандығым журналист емес, бірақ телевизия саласында жұмыс істейтін, істегісі келетін жастарға о бастан стандарт қойып алыңыз деген кеңес айтар едім. Этика бойынша ұстанымдарыңыз болсын және бұл нәрседен ешқашан таймаңыздар. Өйткені принципіңізге сай келмейтін ұсынысқа бір рет келіссеңіз, бәрі құлдырайды, кері кетеді.

— Қазақстанда поп-музыка өкілдері бейсаяси, бейазаматтық сипат танытады да, бірақ мемлекеттік саясатты насихаттауға келгенде белсенді, саяси сауатты бола кетеді. Бұған не дейсіз? Сіз музыканттармен осы жөнінде сөйлесіп көрдіңіз бе?

— Әрине, әншілердің көбін жеке таныған соң мұндай әңгіме болды, бірақ әнші де жұмысшы. Олар да табысын ойлайды. Мемлекеттік тапсырыс бизнеске ғана емес, мәдениетке де әсер етеді. Сол себепті артистер өзін азат, еркін сезінбейді, пікір айтудан қорқады, өйткені табысына кесірі тиеді, үлкен мерекелік шараларға да қатыса алмауы мүмкін.

— Протест музыкасына қолдау көрсететін жобалармен айналысар ма едіңіз?

— Музыка продюсері емеспін. Ал YouTube-тегі алаңыма айтары бар әртүрлі қонақ шақыруға тырысамын.

Өзіме Мархаба Сәби мен Dequine 2019 жылы жазған әндер ұнайды, дер кезінде шыққан туындылар болды. Негізі сол кезден бастап музыкада көп нәрсе өзгере бастады. Жаңа мектеп орындаушылары өз пікірін музыка арқылы ашық түрде білдіруді нормаға айналдырып жатыр. Әрине, қазіргі уақытта ең танымал кейс — Ирина Қайратовнаның «5К» туындысы.

— Әңгімеңізге рақмет.