1. Жоғары оқу орындары нақты қандай талап бойынша бас лицензиясынан айырылады?
Жоғары оқу орындары бас лицензиясынан айырылды деген сөз университет жабылды дегенді білдіреді. Мұндай үкім шыққан соң 10 жұмыс күнінде оқу орны білім беруді толық тоқтатуға тиіс.
Қазір елімізде 127 жоғары оқу орны бар. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Білім және ғылым министрлігі 42 университетте профилактикалық бақылау жүргізуді жоспарлады.
ЖОО мынадай талаптарды бұзып жатыр:
- Жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын сақтамау;
- жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгі қағидаларына сүйенбеу;
- Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талабының төмендігі;
- Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын ұйымдарға оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары талабын сақтамау.
ЖОО-да осы талаптар бұзылғандығы анықталғанда, министрлік әуелі оларды алдын алу, түзету және жөндеу шарасын жүргізеді. Бірінші тексерісте әкімшілік іс қозғалмайды, тек профилактикалық-ұсынымдық сипатта нұсқау беріледі. Оған қоса, бұзұшылықты жөндеу мен түзету үшін бір айдан бір жылға дейінгі мерзім көрсетіледі. Қайта тексергенде бұзушылықтар сол қалпы қалғаны белгілі болса, әкімшілік жаза қолданады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, жоғары оқу орындары бас лицензиясынан айырылғанша үш рет тексеріледі.
Мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске сай жүргізіледі. Біріншісі — профилактикалық бақылау. Оның нәтижесі негізінде жоғары оқу орнына екі қосымша мүмкіндік беріледі. Бұл жерде университет академиялық дербестікке қарамастан, білім саласындағы заңнаманы бұзбауы керек. Екінші мүмкіндікте де бұзушылықтар түзелмесе, үшінші рет тексеріліс жүргізіледі. Тек осы тексерістен кейін ғана шешім қабылданады. Әкімшілік кодексіне сай шара қолданылады, — деді Гүлзат Көбенова.
Ведомство өкілінің мұнда айтып тұрған екінші мүмкіндігі — жоспардан тыс тексеріс. Министрлікке университет оқытушыларынан, студенттерден, студент ата-анасынан шағым келіп түседі. Министрлік сол шағым бойынша оқу орнын тексереді. Гүлзат Көбенова тексеріс кезінде мынадай кемшіліктер болғанын айтты:
- Пәннің тұрақты оқытушысы жоқ: көбіне оқытушылардың тұрақты жұмысы басқа жақта, ал тексеріліп жатқан оқу орнында тек сабақ беріп кетеді.
- Оқытушылардың сабақ беру біліктілігі жоқ.
- Пән атауы мен мазмұны сәйкес келмейді.
- Білім беру бағдарламалары сапасы төмен. Оқу орны мұндай бағдарламаны жұмыс берушілермен кеңесе отырып жасауы керек.
- Университет қабырғасында пәнге қажет материалдық-техникалық база жоқ.
- Кей жоғары оқу орнында қашықтан сабақ өтіліп жатқан жоқ. Студенттер сабаққа қатыспай-ақ емтиханға жіберіліп, баға алып жүр.
- Студенттерді жоғары оқу орнына ҰБТ сертификатынсыз қабылдаған университеттер де бар. Басқа да бұзушылықтар туралы мына жерден оқуға болады.
2. Елде қанша ЖОО жабылды? Олар қай университеттер?
Білім және ғылым министрлігі сапасыз білім беретін жоғары оқу орындары санын оңтайландыру және бейімдеу бағыты бойынша қысқартып жатыр.
Бақылау нәтижесінде, 25 ЖОО кадрларды даярлаудың талап етілмеген немесе бейінді емес 83 бағыты бойынша (мысалы, «Бизнес, менеджмент және құқық», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс индустриялары», «Қызмет көрсету», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Педагогикалық ғылымдар» және тағы басқа) лицензияны мемлекетке ерікті түрде қайтарды. Тиісінше, ол университеттерде осы бағыттар бойынша білім беру процесі тоқтатылды.
2020 жыл қорытындысы бойынша, мына оқу орындары жабылды немесе басқа университет құрамына қосылды:
- Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті (сот шешімі бойынша лицензиясынан айырылды, қызметі тоқталды);
- Өмірбек Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы (лицензиясын қайтарды, қызметі тоқталды);
- Қаржы академиясы (Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-ға қосылды);
- Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (сот және министрлік шешімі бойынша лицензиясынан айырылды, қызметі тоқталды);
- Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті (сот және министрлік шешімі бойынша лицензиясынан айырылды, бірақ шешім заңды күшіне енген жоқ, ЖОО-ның шағымдану құқығы жүзеге асырылып жатыр).
3. Жабылған университет студенттері не істейді? Бітіруші түлектер дипломын қалай алады?
Жабылған ЖОО студенттері жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгі қағидасы бойынша, басқа университетке ауысуға құқылы. Ауысу барысында грант сақталады, ақылы бөлімдегі студенттер үшін төлем ақысы сол сомада қалады.
Жабылып жатқан оқу орнын 2021 жылы бітірейін деп отырған бакалавр, магистратура, докторантура білім алушылары өзі ауысып барған басқа ЖОО дипломымен оқуын аяқтайды. Оқу кезінде тапсырған барлық сабақ нәтижесі сақталады, оқу кредиттері толығымен есептеледі.
4. ЖОО оқытушылары, басқа да қызметкерлері не істейді?
Жабылып жатқан ЖОО оқытушылары студенттер ауысқан басқа университетке жұмысқа орналасады немесе басқа жұмысқа ауыстырылады. Бұл мақсатта министрлік тарапынан жұмыс тобы құрылады, оған жергілікті атқарушы органдар өкілдері, басқа жоғары оқу орны ректорлары, архив мекемесі өкілдері, Студентер альянсы өкілдері кіреді.
5. Алматыдағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде оқып жатқан 3 мыңнан аса студент қай университетке ауысады?
Бұл университетті лицензиясынан айыру туралы шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Алматыда бұл оқу орны оқытатын мамандықтар бойынша білім беретін бес университет бар:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
- Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлтық университеті;
- Қазақ-Ресей медициналық университеті;
- Халықаралық Бизнес университеті;
- Қаспий қоғамдық университеті.
Оған қоса, Түркістан, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл сияқты қалалардағы тоғыз ЖОО осы мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды.