Басты бетЖаңалықтарБердібек Сапарбаев...

Бердібек Сапарбаев бес бала қайтыс болған оқиға туралы айтты

Бүгін бүкіл елді есеңгіреткен қайғылы оқиға болды. Жаңатастағы үйлердің бірінен өрт шығып, бес бірдей бейкүнә бала ажал құшты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Оқиға орнына облыс прокуроры Н. Әбдіров, Полиция департаментінің басшысы Ж. Сүлейменов, ТЖД басшысы Е. Момбаев аттанды, — деп жазды Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі қара жамылған отбасыға қажет психологиялық, материалдық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

Мәселе менің жеке бақылауымда. Көз жұмған балалардың жақындарына Алла Тағала сабыр берсін. Қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын, — деді облыс басшысы.

Айта кетейік, 19 ақпанда Жаңатаста сағат 15.15-те 2-шағынауданда 5 қабатты тұрғынүйдің 3-қабатындағы көлемі 16 шаршы метр пәтерде өрт шығып, бес бала қайтыс болды. Олар — кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған балалар.