Өгіз – мүйізді ірі қара малдың 2 жастан асқан піштірілген еркегі. Піштірілетін уақыты мен жасына байланысты тайөгіз, өгізше, құнан өгіз, дөнен өгіз, атан өгіз, азбан өгіз, құр өгіз деген атаулары бар. Тайөгіз – бір жасар, дөнен өгіз – 4 жасар, атан өгіз – 5 жастан асқан, үлкен, ірі денелісі, құр өгіз – піштірілгеннен кейін күш-көлікке пайдаланылмай семірген соғым малы.

Фото: Collection.kunstkamera.ru. Жинаушы: де-Лазари Константин Николаевич

Шана жеккен өгіздің бұл фотосы 1896 жылы Ақмола облысы, Кокчетав уезінде түсірілген. Ол уақытта жылқы тек бақуатты адамдарда болған болуы мүмкін. Сол себепті қарапайым халық өгіз бен сиырды көлік ретінде пайдаланған. Ақын Бақыткерей Ысқақтың мына өлең жолдарынан да өгіз мінгендердің бай бола қоймағанын байқауға болады:

Өгіз мініп,
Мен-дағы арба айдадым,
Тіршіліктің жей алмай,
Бал қаймағын.
Таңмен бірге таласып-тұрушы едім
Бір үзім нан,
Ішетін-шәй байлығым!…

Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Дудин Самуил Мартынович

Екі дөңгелекті арба жегілген өгіздің фотосы 1899 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында түсірілген. Өгіз арба сүйреу, жүк тасу, жер жырту секілді қара жұмыста көптеп пайдаланылады. Піштірілген соң бұл малдың жыныс гормоны деңгейі өте төмен болады. Сондықтан ұрғашыға еріп кетпейді, айтқанға жүріп, айдағанға көнеді.

Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Дудин Самуил Мартынович

Бұқа жетектеген бұл баланың суреті XIX ғасырдың соңында Семей облысында түсірілген. Өгіздің керек-жарағына ат әбзелдеріне қарағанда кететін шығын аз. Өйткені өгіз малының мойын бұлшықеті мықты болады, бұл оны жабдықтау жүйесін оңайлатады. Әрі жылқыға жасағандай күтім керек емес. Яғни көп дүние талап етпейтін өте жайлы мал.

Collection.kunstkamera.ru сайтынан алынды

Төрт дөңгелекті арба қос өгізге жегілген бұл фото ХХ ғасырдың бірініші жартысына жатады.

Жинаушы: Кауфман фон Константин Петрович

Өгізде отырған егде жастағы ер адамның фотосы XIX ғасырдың екінші жартысында Шымкентте түсірілген.

Энограф суретші Николай Хлудовтың «Казашка на быке» картинасы

Бұл – Жетісудан шыққан суретші әрі этнограф Николай Хлудовтың әйгілі картиналарының бірі. Кенеп картинада асау жануарды тақымдаған жас әйел бейнеленген. Кей дерек бойынша, қазақтар XIX ғасырға дейін сиырларды өте аз өсірген. Өйткені ол шөл-шөлейтте ыстыққа шыдас бермей, қиналып қалады. Сондай-ақ ер адамдар өгізге мінуді ар көрген. Өгіз тек әйелдер мен балаларға жарасады деп есептелген.

Express-k.kz сайтынан алынды

Қазақтың өгізге теріс мінгізу деген қалжың салты бар. Бұл – қызға құда түсіп келіп отырғандарға арналған жоралғы. Қыз жақ құдаларды түрлі тәслімен сынап, қатты қалжыңдасқан, тіпті жұрт көзінше әжуа қылған. Сондай бір әдістің түр – өгізге теріс мінгізу. Жастау келген құданың басына орамал тағып немесе қалыңдықтың баскиімі сәукеле кигізіп, өгізге теріс мінгізген де, өгізді далаға айдап жіберген. Қонақтың ер-тоқымда ербең-ербең еткенін, сәлден соң өгізден домалап құлағанын көрген жұрт қыран-топан күлкіге батқан.