ҚазҰУ жері жекеменшікке беріле ме? Бақытжан Сағынтаев жауап берді

Тұрғындарға есеп беру кездесуінде Бостандық ауданының тұрғыны Анипа Сұрапбергенова Алматы әкімінен осы проблеманы қалай шешетінін сұрады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, университет жері жекеменшікке өтпейді.

Қазіргі университет қарамағындағы жер телімінің бәрі өз құзіретінде. Университет басқа біреуге бергісі келсе, онда әкімшілікке «Жер керек емес, қайтып алыңыз» деген ұсыныспен шығуы керек. Қазір университетке жаңа ректор тағайындалды, біз ол кісімен кездестік. Бұл мәселе төңірегінде де әңгіме болды. Ол кісі жер университетті ары қарай дамытуға  керек, ешқандай жерді беруге болмайды, дұрыс емес, ұсынысым солай деді. Бүгінде біреуге берейін деп жатқаны туралы әңгіме жоқ, — деді Алматы әкімі.

Еске салайық, YouTube-те Рокки Балбо деген лақап атпен белгісіз тұлға ҚазҰУ басшылығы университеттің жер учаскелерін жеке тұлғаға сатыпты деген видео жариялады. Содан кейін бұл материалды М.Казачков Telegram-дағы каналында, блогер Бақытжан Базарбек Facebook-те таратты.

6 ақпан күні жоғары оқу орны қауесет туралы ресми мәлімдеме жасады.

Университет пен ҚазҰУ лауазымды тұлғалары жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына беру жөнінде келісім берген жоқ және де жер учаскесін бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетерлік жайт, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып есептеледі, ЖОО-да оны иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ, — делінген университеттің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.