Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін, 13 ақпанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері автокөлік кімге тиесілі екенін ақпараттық жүйелер арқылы тексереді. Қызметтік планшеттерде «әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізімі» бағдарламасы орнатылған, онда жүргізуші мен автокөлік туралы барлық дерек: автокөлік құралы кімге тиесілі екені, қандай құқық бұзушылық тіркелгені, техника байқауынан өткен-өтпегені және сақтандыру полисі рәсімделгені туралы дерек бар. Бүгінде патрульдік полицияның саптық бөлімшелерінде осындай 8 649 планшет бар, — делінген ведомстованың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жеке басты куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі жатады. Студент билеті, қызметтік куәлік бұл тізімге кірмейді.
Қабылданған түзетулердің шетелдік нөмірі бар автокөліктерге, сонымен бірге Қазақстаннан тыс жерде жүргізу құқығына куәлік алған жүргізушілерге қатысы жоқ. Олар жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін көрсетуге міндетті.