Басты бетҚоғамАлматы тауларында...

Алматы тауларында жоғалған ер адам өлі табылды

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

Оның айтуынша, кешелі бері құтқару операциясы ауа райының нашарлығына байланысты жаяу түрде тәулік бойы жүргізілген. Сонымен бірге «Қазавиақұтқару» мекемесінің КА-32 әуе борты да іздестру жұмыстары үшін дайындалған. Алайда қолайсыз метеорология жағдайына байланысты тікұшақ әуеге көтерілмеген.

Іздестру жұмыстарына төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі халықаралық орталықтың ұшқышсыз басқару аппараты (дрон) қолданылды. Дрон теңіз деңгейінен 5 мың 300 метрден астам биіктікке 5 мәрте көтерілген. Кезекті іздестру барысында дрон адамның құлаған ізін көрсетті. Осы арқылы құтқарушылар жоғалған адамның болжамды іздестіру аумағын белгілеген. Кейін альпинист жабдықтары мен жіптерін қолданып, құтқарушылар шатқалға түсті, — деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.

Ресми өкіл көшкін қаупіне қарамастан, зардап шегушіні тасымалдау жұмыстары жүргізілгенін, мәйітті тасымалдау шамамен 3 сағаттан астам уақыт кеткенін айтты.

тау
Фото: Төтенше жағдайлар министсрлігінің баспасөз қызметі

Құтқару операциясына барлығы 70 құтқарушы, 12 бірлік техника жұмылдырылған.

Бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен 1981 жылғы азаматты іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған еді.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына 11-12 ақпанда Алматы тауларында қар көшкіні қаупі жайында ескертті.

Еске салайық, сонымен бірге 10 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы тауларында сырғанап жүрген турист қар көшкінінен қаза болды.