Былтыр Алматыда 42 мыңнан астам бала дүниеге келді

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2020 жылы 42 019 бала дүниеге келген.

Қаладағы №2 перзентханада 5,5 мыңға жуық бала туылған. Оның 2 937 ұл және 2 750 қыз бала.

900-ге жуық нәресте хирургиялық араласу арқылы кесарь тілігімен туылған. Перзентхананың бас дәрігері Гүлнәр Нұрланова айтуынша, жедел босануға жатырдағы тыртық, ұрықтың жамбаспен келуі, ұрықтың қауіпті жағдайы, клиникалық тар жамбас себеп болған.

Өткен жылы ауыр дәрежелі преэклампсиясы бар 10 әйел босанды. Статистикаға сәйкес, бұл патология ана өлімінің басты себептерінің бірі болып табылады. Барлық 10 әйел сәтті босанды, — деді перзентхананың бас дәрігері.

Айта кетейік, қаладағы ең ескі босандыру мекемесі №2 қалалық перзентханада 132 төсек орны бар. Перзентхана заманауи медицина жабдықтарымен 100% қамтылған.