Президент қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтарды қолдауға үндеді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында қазақ тілін меңгеру  біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам екенін айтты.

Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз, — деді мемлекет басшысы.

Президент сонымен бірге латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі екенін айтты.

Еске салайық, Президент бұған дейін мемлекеттік тілді әлі жете меңгермеген азаматтарға үндеу тастады. Оның айтуынша, жастар ағылшын тілін аз уақыттың ішінде меңгеріп жатыр, сол сияқты қазақ тілін үйренгісі келген адам да оны әлдеқашан біліп шығар еді. Ол бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жазды.

28 қаңтарда латын графикасына негізделген қазақ алфавитінің жаңа нұсқасы пайда болды. Жаңа алфавитке кезең кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.