Басты бетҚоғам13 ақпаннан...

13 ақпаннан бастап көлік құжаттарын алып жүру міндеттелмейді

Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Енді жүргізушілерге өзімен бірге тек бір құжат — жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті.

Полицей жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сонымен бірге техника байқауынан өткенін растайтын құжатты планшет арқылы тексереді. Ал интернеті жоқ елдімекендерде және тасжолдарда тексеру радиобайланыс арқылы жүзеге асады. Жаңа норманың қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдіктерге және Қазақстанда тіркелмеген көлік басқарушыларына қатысы жоқ. Автокөлікті жүргізуші құжаттарынсыз басқарудың осындай мүмкіндігі Грузия, Украина, Польша, Латвия, Литва сияқты мемлекеттерде бар, ол елдерде де ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген, — деп жазды министр.

Ведомство басшысы Қазақстан азаматтарын жол жүру ережесі мен көлік жүргізу мәдениетін сақтауға үндеді.

Мемлекет көлікті басқаруды едәуір жеңілдетті, бірақ жүргізушілер басқа жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті есте ұстауы керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жол жүру ережелері мен көлік жүргізу мәдениетін мүлтіксіз сақтауға шақырғым келеді, — деді Ерлан Тұрғымбаев жазбасында.

Бұрын Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл салынатын еді.

Еске салайық, 1 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттемейтін заңға қол қойды.