Жүргізуші куәлігін алып жүру міндеттелмейді: президент заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттемейтін заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, — делінген хабарламада.

Енді полицейлер жүргізушілерден бірнеше құжат талап етпейді.  Оның орнына көлік жүргізушісі тек жеке куәлігін көрсетсе, жеткілікті. Қалған ақпаратты полиция қызметкері планшет арқылы электрон деректер базасынан көреді.

Азаматтарға жүргізуші куәлігі мен көлігінің техникалық төлқұжатын үйде ұмытып кеткен жағдайда айыппұл салынбайды.

Айта кетейік, бұл өзгеріс шетелдіктер мен шет елде тіркелген көлік иелеріне қатысы жоқ. Олардан бұрынғыша құжаттарын алып жүру талап етіледі.