Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға қатысты мәлімдеме жасады.
Діни басқарма мәлімдемемесінде Ислам діні бойынша адам өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ, сол себепті әр адам денсаулығына аса мән беруі қажет екені айтылған.
Алла Тағала Бақара сүресінің 195-аятында «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп бұйырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты» деген. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Сол үшін кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолын қарастыруға тиіс, — делінген хабарламада.
ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, медицина мамандары вакцинация коронавирустың алдын алудың қауіпсіз әрі тиімді әдісі екенін айтқан.
Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі. Алла Тағала халқымызды жұқпалы індеттен сақтап, науқас жандарға шипа нәсіп етсін! — делінген діни басқарма хабарламасында.
Еске салайық, Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды.
«Спутник V» дәрісін әуелі инфекция ауруханаларының, жедел жәрдемнің, санитария-эпидемиология қызметтің, жансақтау бөлімінің қызметкерлеріне cалынып жатыр.