Басты бетМәдениетМинистр президентке...

Министр президентке Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындық туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев мəдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр президентке мəдениет, спорт, туризм, архив, кинематография салаларында ведомствоның атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Ақтоты Райымқұлова биыл өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын және өзге де мерейтой даталарды атап өту жайын баяндады.

Мемлекет басшысы Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жұмысы, «Кинематография туралы» заңға енгізілетін толықтырулар жөнінде айтты.

Мәдениет және спорт министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио Олимпиадасына дайындық барысы, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге, спорт секцияларына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша мəлімет берді.

Ведомство басшысының айтуынша, пандемия кезінде ішкі туризмге сұраныс артқан. Балалардың демалыс орындарына ұшақпен баруын субсидиялау саланы одан әрі ынталандырған. «Туризм қызметі туралы» заң жобасына енгізген түзету, республикалық бюджет комиссиясы тарапынан қолдау тапқан.

Президент Ақтоты Райымқұловаға цифрландыру бойынша қолға алған бастамаларды сапалы жалғастыруды, министрліктің онлайн жобаларын жандандыруды тапсырды.