Қазақстандағы туризм жайлы айтсақ, тұралап қалған сала, сапасыз қызмет, қымбат баға мен адам баласы аяқ баспаған иен дала көз алдымызға елестейді. Соңғы жылдары аталған салаға көп көңіл мен қаражат бөлінгенімен, мәселе сол бәз-баяғы қалпы. Оған дәлел келесі статистика: Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм секторын тұрақты дамуын қамтамасыз ететін саясатты бағалаудың жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 140 елдің ішінде 80-орында тұр. Аталған тізімде еліміз тіпті 74-ші орыннан табылған Уругвайдан да артта қалған. Айта кетерлігі бұл тізімде Ресей 39-орыннан көрінсе, Германия, Испания және Франция елдері үздік үштіктің қатарынан табылған. Сонда елдегі туризмді дамытуға не тұсау болып отыр? Мәселені шешу үшін қандай бағдарламалар қолға алынды? Сол төңіректе әңгіме өрбітсек.

Түркияда туризм «түгел», бізде неге жоқ?

Алысты арбаламай-ақ, қазақстандықтар жыл сайын лек-легімен баратын Түркия елінен бастауды жөн көрдік. Білсеңіздер, Түркияда туризм ел экономикасының негізгі құрамдас бөлігі саналады. Онда бұл салада 2 млн-нан астам адам қызмет етеді. Мемлекет әлем бойынша туристер жиі баратын елдердің арасында 6-орында тұр. Әрине елдің географиялық орналасуы, табиғатының әр алуандығы, климаттық жағдайы мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай болуы туристер легінің көп болуының негізгі себептері болса, бұған сапалы қызмет, арзан баға, тиімді жарнама, білікті мамандар және т.б. қосып қойыңыз.

Ал Қазақстанда аталған шарттардың бірі енді даму үстінде болса, кейбірі тіпті мүлде жоқтың қасы. Осы орайда Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева елдегі туризмнің кенжелеп тұруының басты себебінің бірі білікті мамандардың тапшылығы дейді.

Еуропа, тіпті Ресейдегі осы салада жүрген әріптестерімді көре келе, олардың туризм саласындағы мамандарының қаншалықты білімді, сауатты әрі жауапкершілігі мол екендігіне көзім жетеді. Бұған технологияларды қосып қойыңыз. Негізі бұл жайлы көптеген факторды атап өтуге болады. Мен тек олардың біреуіне, яғни мамандар тапшылығына тоқталып отырмын. Осы саланың білікті мамандарын даярлауымыз үшін, олардың білімін үнемі жетілдіріп отыруымыз керек. Ол дегеніміз – түрлі курстар, бағдарламалар, тренингтер мен семинарлар, шеберлік сыныптары және тағы басқалары, – дейді маман.

Мәселе бар: оны қалай шешіп жатырмыз?

Қазақстан кейінгі жылдары елдегі туристік ахуалды жақсарту үшін, бірқатар бастамаларды қолға алуда. Осылайша кейінгі он жылдықта өнер, ойын-сауық және демалыс саласына жұмсалған инвестицияның орташа өсімі 10% шамасында болса, 2019 жылы салаға құйылған инвестиция көлемі бір жылда 46,2%-ға артқан.

Сонымен бірге ел үкіметі туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті. Оған сәйкес елде туризмді дамытуға баса назар бөлінетін 10 аймақ анықталды. Олар:

  • Нұр-Сұлтан – жылына 1 000 000 турист
  • Бурабай курорттық аймағы – жылына 2 000 000 турист
  • Алакөл көлі – жылына 2 500 000 турист
  • Алматы маңындағы тау кластері – жылына 2 500 000 турист
  • Баянауыл курорттық аймағы – жылына 400 000 турист
  • Имантау-Шалқар курорттық аймағы – жылына 400 000 турист
  • Балқаш көлі – жылына 400 000 турист
  • Түркістан – жылына 1 500 000 турист
  • Байқоңыр ғарыш кешені – жылына 250-500 000 турист
  • Маңғыстау – жылына 750 000 турист

Сол сияқты елде ұлттық туризм мәселелерін тізгіндейтін «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жұмыс істейді. Компания өкілдерінің айтуынша, елге келетін туристер санын арттыру үшін, олар коммуникацияның заманауи тәселдерінің көпшілігін қолданбақ.

Бұл тұста дәстүрлі – журнал, телеарна, сыртқы жарнама мен әлеуметтік желі, түрлі туристік интернет-ресурстар сынды барлық құралдарды қолдануымыз шарт. Біз осындай әдіс арқылы табысқа жеткен көрші Әзербайжан елін көріп отырмыз. Олар БАҚ пен ауқымды шаралар арқылы елді брэндингтеу жұмысын пысықтап алды. Біз де осы бағытты қолданбақпыз, – дейді ұлттық компания өкілдері.

Сонымен бірге «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ берген мәліметке сәйкес, бүгінде шетелдіктер Қазақстанда жиі баратын 5 аймақ бар екен.

Олар – Алматы және Алматы облысы, Нұр-Сұлтан мен Бурабай, Шымкент және Түркістан, Маңғыстау облысы – Каспий жағалауы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірі. Шетелдіктерді тартуда 80% осы өңірлерге басымдық берілсе, қалған 20%-ы республиканың басқа аймақтарына беріледі, – дейді мамандар.

Ал, БАҚ беттеріндегі ашық дереккөздерден алынған мәліметке сәйкес, Қазақстанмен танысуға көп жағдайда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Германия, Украина, Түркия, Тәжікстан, Түркменстан және Үндістан елдерінің азаматтары келеді екен.

«Рухани жаңғыру» ел туризмінің дамуына жаңа леп әкеле ме?

Қазақстандағы туризмді дамытуда – ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы зор үлес қоспақ. Атап айтсақ, бағдарлама аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерге бай аймақтарын анықтап, оларды ел азаматтарына, сондай-ақ, шетелдіктерге дәріптеуді көздейді. Бұл мақсатта бүгінге дейін атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, ҚР Ұлттық музейінде «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылса, киелі орындарды іріктеу мақсатында 40 ғылым және қоғам қайраткерінен тұратын ғылыми-сараптамалық кеңес жұмыс істейді.

Сонымен бірге өңірлік маңызы бар нысандар іріктеліп, жалпыұлттық маңызы бар нысан 185 анықталды. Бұған қоса мұндай орындардың 3D форматындағы виртуалдық карталары жасалды.

Ал, ең қуаныштысы БҰҰ-ның 5 бірдей тіліне аударылған Қазақстанның киелі жерлері туралы 4 фильм өндірісте тұр. Сондай-ақ, National Geographic, Viasat History, Discovery арналарымен бірлесе отырып, «Күлтегін» ғылыми-танымдық деректі фильмі түсіріліп жатыр.

Бұл өз кезегінде Қазақстан мен оның қасиетті жерлерін ел тұрғындары мен шетел азаматтарына танытуға үлес қосып, мемлекеттің туристік саласын дамытуда тың серпіліс әкелетіні анық.