«Жусан» операциясы. Сириядан 12 қазақстандық елге оралды

«Жусан» операциясының жалғасы ретінде терористік аймақтардағы азаматтарымызды Қазақстанға қайтару шарасы өтті.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 ер адам, 1 әйел және 7 бала Қазақстанға оралды. Балалардың екеуі ата-анасынан айырылған.

Ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерге сәйкес, террористік іс-әрекетке қатысқан адамдар қылмыс жауапкершілігіне тартылады. Жетім балалар жақын туыстарының қамқорлығына беріледі және мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі, — делінген ведомство таратқан хабарламада.

Сонымен бірге әйелдер мен балалар оңалту және қайта әлеуметтендіру орталықтарына жіберіледі.

Террористік әрекеттер белсенді жүріп жатқан аймақтардан қазақстандықтарды қайтару операциясына АҚШ және өзге де халықаралық серіктестер қолдау көрсеткен.

Айта кетейік, 2019 жылдың басында Қазақстан «Жусан» операциясын бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сол жылдың қазан айында Сириядан Қазақстанның 600-ге жуық азаматы қайтарылғаны хабарлады.