Басты бетҚоғамҚазақстанда 2021...

Қазақстанда 2021 жылы су тапшылығы болуы мүмкін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мағзұм Мырзағалиев мемлекет басшысына биылғы өсімдік өсетін кезеңді сумен қамтамасыз ету мәселелері жайында айтты.

Министрдің айтуынша, биыл қардың аз түсуіне байланысты елімізде су тапшылығы болуы мүмкін. Президент осыған байланысты су арналарын цифрландыру жөніндегі жұмыстың маңызды екенін айтты. Алдағы 5 жыл ішінде бүкіл республика бойынша 119 арнаны цифрландыру қажет.

Ведомство басшысы сонымен бірге балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны жөнінде айтты. Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, 10 жыл ішінде балық өндірісін 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар.

Министр президентке геологиялық барлау, экологиялық туризм және ұлттық парктердің жай-күйі туралы да мәлімет берді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министріне бірқатар тапсырма берді.