Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президентін тағы бір мәрте құттықтады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты ұлықтау рәсімінің сәтті өтіп, Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануымен тағы бір мәрте құттықтады. Бауырлас қырғыз халқының өркендеуі мен игілігі жолындағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.

Тараптар достыққа, тату көршілікке және стратегиялық әріптестікке құрылған қазақ-қырғыз қатынастарының беріктігін нақтылап, екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендерін растады.

Садыр Жапаров Қазақстан Президентінің ізгі тілегіне алғыс айтты.

Әңгімелесу барысында алдағы уақыттағы жоғары деңгейдегі кездесулердің кестесі, оның ішінде, қырғыз көшбасшысының Қазақстанға сапары талқыланды.

Еске салайық, Қырғызданда президент сайлауы биыл 10 қаңтарда мерзімінен бұрын өтті. Сайлаушылардың 79,84% даусын жинаған Садыр Жапаров жеңіске жетті.