Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын әзірледі. Бүгінде аталған мемлекеттік бағдарламаны ұлттық жобаға айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министр ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды қалпына келтіру, жаңа су қоймаларын салу жоспарланғанын айтты.
Алдағы төрт жылда шамамен 2 мың шақырым магистралдық арна реконструкцияланады. Одан бөлек, жалпы көлемі 885 млн м3 болатын Жамбыл (3), Батыс-Қазақстан (2), Түркістан (1), Алматы (1) және Қызылорда облыстарында 8 жаңа су қоймасы салынады. Ал 2025-2030 жылдар ішінде тағы 31 су қоймасын салу жоспарланған, — деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, сонымен бірге экология және су ресурстарын цифрландыру жұмыстары жалғасады. Алдағы уақытта 119 су арнасы цифрландырылады.