— Досым Асылбекұлы, Қазақстанның жақын көршілерінен ақпараттық тәуелділігі мәселесін біздегі билік бірнеше рет қана, онда да, тиіп-қашып көтерген болатын. Депутаттар да шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық қоғамға тигізетін ықпалы туралы жиі айта бермейді. Бұл тұрғыда тек эксперттер қауымдастығының өкілдері ғана белсенділік танытып келеді. Сіздіңше, бұл мәселенің ауқымы қазір қандай болып отыр?  

— Соңғы екі жылда ақпараттық қауіпсіздік тақырыбын белсенді көтере бастадық. Әсіресе, Украинадағы жағдайларды және бізге тікелей қатысы жоқ қақтығыстар қазақстандық қоғамды қатты жарып кеткенін ескеру керек.  Тіпті, Қазақстан азаматтары екі түрлі идеологиялық тарап — Ресей әрекеттерін жақтаушылар және даттаушылар болып бөліне бастады.  Әрине, бұл ұлтаралық қатынастардағы тұрақтылықты нығайтып, ортақ пікірге келуге ықпал етті деуге келмейді. Яғни, айналып келгенде, осы отқа ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары май тамызып кеткен болып шығады. Тағы да, Украинадағы жағдайлардан кейін көптеген ресейлік БАҚ әлдеқандай үгіт-насихат құралына айналып кетті (ол туралы тіпті ресейлік эксперттер де ашық айтады). Ал Қазақстан аумағында ол құрал біраз уақыт белсенді жұмыс істеп келгенін, Қазақстан — Орталық Азиядағы орыс тілінде сөйлейтін халық саны көп санаулы елдердің (Қырғызстанмен қатар болуы мүмкін) бірі екенін ескерсек, осы үгіт-насихат құралы Қазақстанның өз ішінде іріткі салу үшін қолайлы орта тапқаны түсінікті бола түседі.

— Мұның ақыры не болды?

— Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыс мұның ақыры не болуы мүмкін екенін айқын көрсетті. Украинадағы жағдай сияқты, қазақстандық қоғам тағы екіге жарылды. Тағы да Ресей ұстанымын жақтаушылар да, оған наразылар да табылды. Тағы да Ресейді жақтаушылар Ресей Түркияға таңып келе жатқан штамптарды қолданды. Түркияны жақтайтындар болса,  Түркияны қолдайтын батыс тараптар қолданатын ұрандар мен үгіт-насихат қалыптарын алға тартты. Мұнда ақпараттық соғыс жүріп жатыр! Қазақстанда ақпараттық соғыс басталып кетті! Құдайға шүкір, біз әлі әскери қақтығыстар ортасына кіре қойған жоқпыз, алайда, ақпараттық соғыстар Қазақстанда жүріп жатыр. Ол шайқастар әлеуметтік желілерде, үйлердің кіреберісінде, асүйдегі пікірталастарда жүріп жатыр. Бұл үлкен мәселе.

— Ол немен байланысты?

— Айналып келгенде, бұған себеп — көп жылдар бойы біздің билік қазақстандық медиа өрісін дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, қазақстандық медиа құрылымдарына қолдау көрсетуге, мемлекеттік тапсырыс аясында емес, шын мәнінде сапалы, қазақ тілінде сөйлейтін де, орыстілді де азаматтарға түсінікті болатын жергілікті контент өндіре алатын, бәсекеге қабілетті медиа ойыншыларын қалыптастыруға  аз көңіл бөліп келгендігімен байланысты. Ақыр аяғында Қазақстан әлдеқандай медиа отарына айналғанын көріп отырмыз. Яғни, мұнда түрлі елдердің БАҚ үстемдік құрып отыр, Ресейдің ғана емес, батыстың да БАҚ бар.

— Олардың көздеген мақсаты не?

— Қытайда соңғы бірнеше жылда шетелдік хабар тарату тұрғысынан жұмыс істеуі тиіс алып телерадиокорпорациялар құруға бөлінетін қаржыны арттырып жатқаны белгілі. Әрине, оларды жақын көршілері, олардың арасында Орталық Азия елдері де қызықтырады. Сондықтан, жақын арада Қазақстан қазірдің өзінде ақпараттық қақтығыстарды өзінің геосаяси ойынының маңызды элементі ретінде қолданып отырған ірі геосаяси ойыншылар арасындағы таласқа себеп болатын сияқты. Менің ойымша, Украинадағы жағдайлар, Ресей мен Түркия арасындағы жағдайлар біздің осал тұстарымызды көрсетіп берді. Бірақ, Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңын қарасаңыз, онда ақпараттық қауіпсіздікке арналған бөлек бап бар. Онда біздің ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету — кез келген сыртқы дерек көздерінен ақпараттық тәуелділікке жол бермеу деп тайға таңба басқандай жазылған.  Солай деп айқын көрсетілген және сол заңның сол тармағын заң аясында жүзеге асыра алмадық деп ойлаймын.

— Қазақстан Үкіметі жағдайды түзетуге тырыса ма?

— Соңғы жылдары Үкімет бірдеме істеуге талпынып жүр. Қазір біз тіпті мемлекеттік тапсырыс аясында ең алдымен мемлекеттік БАҚ үшін, ең алдымен қазақ тілінде өзіндік бағдарламалар өндірісін қаржыландыруға деген талпыныс бар екенін байқап отырмыз. Бұл жақсы да, өйткені, демографиялық ахуал бойынша Қазақстанда қазақ тілінде фильмдер көріп, қазақ тілінде бағдарлама (ойын-сауық бағытында болсын, сараптамалық болсын) тыңдағысы, қазақша публицистика, сараптамалық мақалалар оқығысы келетін қазақ тілінде сөйлейтін адамдар саны артып келе жатқанын көріп келеміз. Яғни, аудитория бар, ол қалыптасып келеді. Біздің медиа мамандарының шоу жасау үшін ғана миллиондаған бюджеті бар ресейлік медиа құрылымдарымен бәсекеге түсе алмайтынын айтып отырғаны бекер емес. Біз олармен бәсекелес бола аламыз, тек ол үшін мемлекет сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де, мемлекеттік БАҚ ғана емес, шын мәнінде сапалы контент жасай алатын бәсекеге қабілетті медиа құрылымдарына қолдау көрсетуі тиіс. Бұл қазақстандықтардың көбі қызыға оқитын, қызыға тамашалайтын коммерциялық телевизия арналарына да, коммерциялық интернет басылымдарына да қатысты.

— Мемлекет ондай басылымдарға қолдау көрсетуге мүдделі ме?

— Өкінішке қарай, мемлекет оған аз көңіл бөліп отыр, көбі сырттан демеуші іздеуге мәжбүр. Біздің медиа құрылымдарының көбі олигархтардың қолдауы арқасында жақсы дамып келе жатқаны құпия емес. Алайда, олигархтың басына күн туса (тіпті, ол шетелге қашып кетсе де), оның Қазақстандағы жүргізіп отырған жобаларының бәрінің күні қараң деген сөз. Яғни, қандай да бір ойыншының көмегімен жасалған тәп-тәуір медиа жобалары сол ойыншымен бірге құриды. Бәсекеге қабілетті медиа контентін қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат жоқ. Бұл жерде біз мемлекеттік БАҚ қолдау туралы айтып отырған жоқпыз — бұл бөлек әңгіме және тәжірибе көрсетіп отырғандай, ақпараттық кеңістігіміздегі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға септігі тиіп отырғаны шамалы.

Тағы да қайталап айтқым келетіні — Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі — ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл — әзірге сол ресейлік БАҚ өзімен бәсекеге түсе алмай келе жатқан медиа құрылымдарының мәселесі. Әрине, бұл — мемлекеттік ақпараттық саясатының түрлі деңгейлерде жүзеге асуының тиімсіздігі. Шын айтса, көп жыл бойы бұған ешкім назар ацдарған жоқ. Тіпті, әңгіме халықпен идеологиялық тұрғыдан жұмыс істеу туралы болып отырса да, бұл аса маңызды емес деп ойлап келдік.

— Сол жұмысты қалай жүзеге асыруға болады?

— Әрине, жұрттың көбі «идеология» деген сөздің өзін жақтырмайды. Алайда, жақсы идеологиялық өзек болмаса, халықты қандай да бір ортақ құндылықтар төңірегіне жұмылдыру мүмкіндігі болмаса, қоғам біздің ақпараттық ортаға Қазақстаннан тыс жерде болып жатқан оқиғалардан келетін қандай да бір насихаттық бағыттағы жаңғырыққа адекват түрде қарайды деп сенудің өзі мүмкін емес.  Мәселе ерте ме, кеш пе, өзіміз сырттан келетін қандай да бір қысымның құрбанына айналуымыз мүмкін екенінде. Сырттағы күшті ойыншылар ақпараттық құралды қысым жасаудың қосымша құралы ретінде қолдануы мүмкін. Мысалы, біраз жылдан кейін Қазақстан мен Ресей арасында әлдеқандай қақтығыс болып қалды деп елестетіп көрейікші. Әскери қақтығыс болуы шарт емес.  Айталық, Қазақстаннан аяқ астынан Еуразиялық экономикалық одақтан немесе Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шыққысы келді делік. Оның арты не болмақ? Бір кезде Украинаны жамандаған, қазір Түркияны жерден алып жерге салып отырған Ресей БАҚ Қазақстанды бар жамандыққа айыпты етіп, жазғырып шыға келмесіне кім кепіл?

— Одан сақтанудың жолы бар ма?

— Олай болмуы үшін, бізде, Қазақстанда ақпараттық плюрализм болуы тиіс. Сіз Ресейдің ақпараттық арналарын көре беріңіз — оған ешкім тыйым сала алмайды, тек сізде балама ақпарат көзі болуы тиіс. Соның ішінде, сол баламаны ұсына алатын қазақстандық медиа құрылымдары болуы тиіс.

Редакциядан: жаңа жылдан бастап Қазақстанда хабар таратушыларға республика аумағында жарнама трансляциясын жүргізуге тыйым салатын заң күшіне енеді. Осы құжаттың арқасында шетелге кетіп жатқан қомақты қаржы елде қалады — бұған дейін жыл сайын шетелдіктер қазақстандық телекөрермендер үстінен 4 миллиард теңгеге дейін пайда тауып келген.  Ол қаржының бәрі елден бақылаусыз шығып кетіп, шетелдік — негізінен ресейлік — корпорациялардың есебіне түсіп отырған. Жаңа заң сол ақшаны елде қалдырып, отандық БАҚ арасында бөліп таратуға көмектеседі деп сенеді Парламент Мәжілісінің депутаттары. Жарнама келісім-шарттарынан түсетін табысты отандық арналар өздерінің жеке сапалы бағдарламаларын жасауға жұмсай алады. Тек, банкрот болудың аз-ақ алдында қалдық деп шағымданған кабельдік хабар тарату операторлары ғана бұл жаңалыққа қарсы шығып отыр. Ендігі жерде олар шетелден келетін эфирдегі жарнаманы қиып тастау үшін қымбат жабдықтар сатып алуға мәжбүр. Сондықтан да, бақылаушы органдар тыйым салуды жарты жыл мерзімге шегеруі мүмкін. Ал 2017 жылдан бастап, шетелдік арналар Қазақстанда хабар тарату үшін елімізде өкілдік ашып, біздің заңдарға бағынуы тиіс болады.

Досым Сәтпаевпен болған сұхбаттың видеонұсқасы

Дереккөзtheopenasia.net

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!