Қырғызстандағы президент сайлауы: Садыр Жапаров көш бастап тұр

Басылым мәліметінше, Қырғызстандағы президент сайлауының алдын ала нәтижелерін электронды жәшіктердің көмегімен автоматты түрде есептеп, сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссия жариялайды. Бұл әлі түпкілікті нәтиже емес. Сайлаудың ресми қорытындылары дауыстарды қолмен санау толық аяқталғаннан кейін ғана жарияланады.

Алдын ала мәліметтер бойынша Қырғызстан президентінің сайлауында Садыр Жапаров көш бастап тұр. Ол алдын ала 80,63% дауыс жинады.

Садыр Жапаров бұрын Жогорку Кенештің депутаты болған. 2017 жылы ол 2013 жылы адамды кепілге алды және митингті қаржыландырды деген айыппен 11 жарым жылға сотталған еді. Жапаров айыптаулармен келіспей, оларды саяси уәжі бар деп атады. 2020 жылдың қазан айындағы наразылықтар кезінде митингіге шыққандар Жапаровты босатты, кейін ол елдің премьер-министрі болып сайланды.

Президент лауазымына жалпы 17 үміткер үміткер бар: Садыр Жапаров, Қанатбек Исаев, Мықтыбек Арстанбек, Клара Сооронқұлова, Имамидин Ташов, Әбділ Сегізбаев, Адахан Мадумаров, Аймен Қасенов, Ұлықбек Кочкоров, Женишбек Байгуттиев, Эльдар Абакиров, Курсан Асанов, Арстанбек Абдылдаев, Равшан Дженбеков, Бақтыбек Қалмаматов, Бабыржан Толбаев, Қаныбек Иманалиев.

Қырғызстан Президентін сайлау қазан оқиғаларынан кейін мемлекет экс-басшысы Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне байланысты кезектен тыс болды. Президенттік сайлаумен бір мезгілде басқару нысаны бойынша референдум өткізілді.

Президент сайлауы мен референдумды өткізу үшін 2 474 сайлау учаскесі дайындалды, олардың 48-і шетелде болды, сондықтан Шетелдегі қырғыздардың да дауыс беру мүмкіндігі болды.

Жалпы алғанда, Президент сайлауы мен референдумда биометриялық мәліметтерді тапсырған 3 миллион 563 мың 574 қырғызстандық дауыс беру құқығына ие болды.

Айта кетейік, биылғы сайлауға сайлаушылардың келу көрсеткіші Қырғызстанда өте төмен. 24.kg деректері бойынша, жергілікті уақыт бойынша 18.00-де сайлаушылардың тек 33,08 пайызы дауыс берген.

ДереккөзTengrinews.kz