Азаматтар жалақасынан қанша теңге ұсталатынын тексере алады

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет e-Salyq Azamat мобайл қолданбасындағы «Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу» сервисін іске қосты, бұл қызметкердің жеке табыс салығына, зейнетақы жарнасына, міндетті әлеуметтік аударымдарға ұсталатын соманы көруіне мүмкіндік береді.

Сервисте 2020 жылдың бірінші тоқсанынан бастап салық кезеңдері бойынша мәліметтер бар. Деректерді алу үшін электрон цифр қолтаңбасы арқылы немесе SMS пароль арқылы сәйкестендіруден өту қажет. SMS мобильді азаматтар базасында (ХҚКО) тіркелген ұялы телефон нөміріне келеді.

Деректерді қарау үшін «Салық әмияны», «Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу» бөлігіне өтіп, жыл мен кезеңді таңдау қажет.

Деректерді бастапқыда азаматтар жұмыс берушісі бюджетпен есеп айырысу кезінде жалпыға бірдей белгіленген режимді немесе оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданғанда көре алады, — делінген комитет таратқан хабарламада.

Мәліметтер болмаса немесе деректер сәйкес келмесе, салық есебін түзету үшін жұмыс берушіге жүгінуі қажет.

Айта кетейік, e-Salyq Azamat мобайл қолданбасын App Store немесе Play Market-тен тегін жүктеуге болады.