Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстары 5% төмендеді

Алик Шпекбаев президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылы атқарған жұмыстары жөнінде баяндады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік төрағасы мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылуы және еліміздің Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша ілгерілегені туралы айтты.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, жүйелі жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың арқасында Қазақстан аталған рейтингіде тұңғыш рет 38 балл жинаған. Бұл Қазақстанның 19 саты жоғары көтеріліп, 94-орынға жайғасуына мүмкіндік берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің шығындарды өтеу және тиімсіз жұмсалған қаржының алдын алу бойынша атқарған жұмысының нәтижесінде 95,6 миллиард теңгенің кері қайтарылғанын, оның экономикалық тиімділігіне жақсы баға берді. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 5% төмендегенін айтты, — делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Мемлекет басшысы шенеуніктердің шығыстары мен кірістері бір-біріне сәйкес келмегені үшін жауапкершілік енгізу мәселесіне назар аударды.

Кездесу соңында президент агенттік төрағасына жазаны бұлтартпай орындау қағидатын қатаң сақтаудың маңызды екенін айтты, қылмыстың алдын алу ісінде азаматтық қоғаммен байыпты жұмыс жүргізуді тапсырды.