Жанат Элиманов Қаржылық мониторинг агенттігін басқарады

Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элимановты жаңадан құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Жанат Қалдыбекұлы Элиманов Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы болып тағайындалсын, — делінген құжатта.

Жанат Элиманов 1978 жылы Қарағандыда туған. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы Қарағанды прокуратурасының сот қаулылары және атқарушылық іс жүргізуді орындаудағы заңдылықты қадағалау бөлімі прокурорының міндетін атқарушы қызметінен бастаған.

2000 жылдан 2007 жылға дейін Қарағанды облысының және Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) прокуратура органдарында жұмыс істеген.

2007 жылдан 2017 жыл аралығында Әділет және қаржы министрліктерінің, ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің құрылымдарында түрлі қызметті атқарды.

2017-2019 жылдар аралығында Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2019 жылдың ақпан айынан сәуір айы аралығында Қарағанды облысы прокурорының орынбасары болды. 2019 жылдың сәуірден бастап 2020 жылдың қаңтарына дейін  Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы жарлыққа қол қойды.