— «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасында қай еңбектің аударма процесіне қатыстыңыз?
— «Интеллектуалдық меншік құқығы» оқулығының бірінші томының және «Кәсіпкерлік: теория, практика, процесс» еңбегінің аудармасына қатыстым.
Интеллектуалдық меншік құқығы туралы кітапты осы саланың танымал мамандары жазған. Оксфорд баспасынан бірнеше рет басылып шыққан. Осы саланың базалық оқулықтарының бірі. Мұнда құқықтың қалыптасуы, заңның даму тарихы және оған себеп болған прецеденттер зерттеліп, кеңінен талданған. Жалпы заңның ұстанар принциптері мен философиясына, құндылықтарына анықтама берген күрделі еңбек. Бұл кітапты аудару жұмысына кіріспес бұрын алдымен ішіндегі терминдерді шолып, атауларын талқыладық. Бір шешімге келген соң оларды аударма процесіндегі терминдердің, атаулардың бірізділігін қамтамасыз ететін арнайы SmartCAT бағдарламасының жадысына енгіздік.
— SmartCAT аудармашыларға арналған платформа ма?
— Иә, SmartCAT – әлемдегі екі жүз мыңнан аса аудармашы қолданатын үлкен платформа. Кітап аудармасына қатысқан барлық маман осы бағдарламаның негізінде жұмыс істедік. Мұнда бұған дейін қай терминнің қалай аударылғанын көріп отырасың, бірізділікті сақтау үшін тиімді жүйе. Қанша жерден тәжірибелі аудармашы болсам да, осындай кәсіби бағдарламамен алғаш рет Ұлттық аударма бюросында жұмыс істеп көрдім.
Бұл бағдарламаның құндылығы – барлық ақпаратты жадына сақтап, процесті біріздендіріп, жұмыстың жүйелі атқарылуына негіз болуы. Мысалы, сөйлемдерді бөлуінің өзі күні бойы ұзын-сонар мәтінмен отыратын аудармашының психологиясын ескеруден тұрады: мәтін ұсақ бірнеше бөлшекке бөлінген. Соның жанындағы ұядан, терминнің немесе ұғымның бұған дейін қалай аударылғанын, яғни бағдарламаның жадында қалай сақталғанын көріп отыруға мүмкіндік бар.
Түсінуімше, SmartCAT жасанды интеллектімен жұмыс істейді, яғни белгілі бір саладағы терминдер мен ұғымдар аудармасы бағдарлама жадына неғұрлым көбірек жиналса, уақыт өткен сайын соғұрлым сапалы нұсқалар ұсынылады. Бұл – аудармашыға өте үлкен көмек. Аударма ғылымында мұны, яғни аз уақыт жұмсай отырып, аударманың барынша тиімді нұсқасын беруді «мини-макс» стратегиясы деп атайды. Мұндай нәтижеге жету үшін мамандар жылдар бойы тәжірибе жинайды. Ал бағдарлама жасанды интеллект және ақпаратты жылдам қорыту арқылы аудармашыға бірден бірнеше нұсқа ұсынып отырады.
— Аудармашы жұмысқа кіріспес бұрын қандай дүниеге баса мән беруі керек?
— Аудармашының, жалпы аударманың стратегиясы болады. Ол мәтінді қандай аудиторияға, қай мақсатпен аударып отырғаныңызға байланысты анықталады. Осылайша сіздің қандай ақпарат бөлігіне барынша назар салатыныңыз айқындалады. Мұның бәрі стратегия деп аталады.
Ал біздің мақсатымыз – қазақ тіліне білім әкелу, білімді сапалы әкелу, терминдерді жүйелеу. Сондықтан, терминдерді талқылау барысы өте қызу жүрді. Тіпті кейде келіспей жаттық. Мысалы, Батыс заңдарындағы кей терминнің қазақша мағынасы мүлдем басқа ұғым ретінде қолданылатынын білдік. Себебі көп жағдайда екі елдің заң практикасы екі түрлі болып келеді. Осы жөнінде ғылыми редакторлар мен аудармашылар арасында пікірлер келіспеушілігі болды. Ақыры заң тұрғысынан да, түпнұсқа тұрғысынан да дұрыс түсініктерді, терминдерді іздеп, жаңа ұғым енгіздік.
Батыста интеллектуалдық құқық өте жақсы дамыған. Алайда, ерте ме, кеш пе, бұл практиканың елімізге келетіні сөзсіз. Қазір болып жатқан өзгерістер осыны көрсетіп отыр. Сондықтан, болашақта қажет болатын арнайы терминдер базасының негізі жасақталды деп ойлаймын.
— 100 жаңа оқулықты аударудың маңызы неде?
— Біріншіден, бұл жоба ғылым және білім саласындағы бірнеше күрделі мәселені шешуге жол ашты. Қазақ тіліне өте құнды контент келді. Батыста білім айналымы өте жақсы жолға қойылған. Мысалы, белгілі бір ғылым салаларының еңбектерін ағылшын тілінде шығарып отыратын баспалар бар. Олар сол саланы қамтитын барлық кітаптарды басып шығарады. Контент таратады. Сізге аударматанудан кітаптар керек болса, бірден «Рутледж» баспасының «Аударматану кітапханасы» сериясын қарап, барлық теорияның аудармасын сол сериядан таба аласыз. Бұл ғылым мен білімнің дамуына үлкен әсер етеді. Маман даярлайтын бағдарламалар да сол кітаптарға негізделеді, ең жақсы авторлар мен сапалы еңбектер сол баспадан шығады. Бұл – стратегиялық іс-әрекеттер. Өкінішке қарай, мұндай деңгейге әлі жете қойған жоқпыз. Бізде білім әкелумен, ондағы кітаптарды реттеп шығарумен, шет тілдеріне шолу жасап, құнды дүниелерді әкелумен кім айналысады? ЖОО оқытушылары мен ғалымдар. Олар цитация жасайды, теорияларды өз еңбектерінде қолдану арқылы контент жазып шығады. Бірақ тіл білетін, сол теорияларды өзгелерге тарататын мамандар немесе орталықтар жоқ. Қорыта айтқанда, әркім өз шамасына қарай аударады. Оның сапасын ешкім білмейді.
Ал ғылыми аударма арқылы бұрын жүйесіз жүргізіліп келе жатқан ғылыми мәтіндерді аудару процесі бірізденіп, қазақ тіліндегі ғылыми терминология да жүйеленер еді. Бұл зор мәнге ие, себебі жүйелі терминология қалыптаспай, ғылымның алға жылжуы қиын.
Гуманитарлық бағытта әлемнің 100 оқулығын аудару жобасы осы күрделі мәселелерді шешуге үлес қосты. Ұлттық аударма бюросы арқылы ЖОО-ларды гуманитарлық бағыттардағы сапалы контентпен қамтамасыз ету ғылым және білім саласы үшін маңызды қадам болғанын атап өткім келеді. Осы жоба жүзеге асқан бірнеше жылда еліміздегі аударма институты қайта жанданды.
Ғылыми әдебиеттерді аударудың, жалпы сырттан контент әкелудің пайдасы көп. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қазақстан Болон процесі декларациясына қол қоған мемлекет, демек, біздің ЖОО-лардағы білім деңгейі Еуропаға сәйкес болуға тиіс. Ол үшін оқытушыларымыз импакт-факторлары жоғары және сапалы ғылыми контент шығаруға міндетті. Бұл – ЖОО-ның әлемдік рейтингіне де әсер ететін шешуші фактор. Сондықтан ғалымдар ғылым салаларындағы әлем теориялары мен контентін пайдалануы керек, ал терминология қазақ тілінде сауатты болуы қажет. Әлеуетті теориялар базасы қазақ тілінде сөйлемей, ғылым салаларының дамуы екіталай.
Барлық сала бойынша пәрменді ғылым еуропалық тілдерде жазылатыны белгілі. Оларды оқып-түсінуге шет тілін академиялық деңгейде білу қажет. Өкінішке қарай, барлық ғалым бұл талапты орындай алмайды. Ол үшін ғалымдарымызды кінәлай алмаймыз. Екіншіден, ғылыми теорияларды аудару стихиялық жолмен емес, жүйелі тізім және терминология жасалу арқылы сарапшы мамандар жиналған бір орталықтан жүзеге асуға тиіс.
— Жалпы аударма саласының болашағын қалай елестетесіз?
— Қазақ аударма саласы процесс ретінде тоқтап қалған жоқ. Мысалы, диссертациялар жазылып, қорғалып жатыр, түрлі кітаптар басылып жатыр. Бірақ сапасы бөлек мәселе. Ғылыми жұмыстардың теориялық негіздері жоқ. Аударматануда пайдаланылатын теориялар бұрынғы кеңестік теориялар негізінде қалып отыр. Ол мектеп негізінен лингвистикалық-нормативтік бағытта. Оның тиімсіз екені әлемде, Еуропа елдерінде 60-70-жылдары-ақ дәлелденген. Біз әлі сол соқпақта жүрміз.
Осыған дейін оқыған аударма туралы қазақстандық ғылыми жұмыстардан аударматанудың заманауи теорияларын қолданғандарды көп кездестірмедім. Бұл біздің жағдайдан хабар береді. Шынын айту керек, бір орында айналшықтап тұрмыз. Ал осы вакуумнен тіл біледі деген аудармашылардың өздері шыға алмай тұрса, басқа ғылымда не болып жатқанын айту қиын.
«Аудармаға жұмсаған қаржы мен күшті неге өз кітабымызды жазуға жұмсамаймыз?» деген пікір де айтылып жатады. Әрине, жазуымыз керек. Жазбай жүрген ғалымды көрмедім. Бірақ, мазмұны неге тым кедей? Мысалы, өз салам туралы айтайын. Көп мақала оқыдым, сонда байқағаным, бізде біреудің бұған дейін жазған мақаласының сөздерін өзгертіп көшіру, болмаса, орыс тіліндегі ақпаратты аударып қосу қалыпты нәрсеге айналған. Жүйе жоқ. Ғылым қалай жазылуы керек екенін білмейміз. Осыны үйрену үшін алдымен база жасау керек деп ойлаймын. Ғылымы дамыған елден теория, әдіс-тәсіл, контент әкелейік, қарайық, талдайық, түсінейік. Содан соң барып оны қорытып, өзіміз жазайық, таратайық. Сонда бір қозғау болатын шығар. Ал қазіргі күйіміз бір орында айналшықтауға ұқсайды.