Интернеттегі троллинг деген не? Тролді қалай тануға болады?
Интернеттегі троллинг дегеніміз — қолданушыға тіл тигізіп, хабарлама жіберу; комментарийде оны кемсіту, әдейі жанжал бастау. Мұндай жағдайдың алдын алудың екі жолы бар:
- Балаға барлық әлеуметтік желіде приват, яғни оңашалану параметрлерін реттеу қажет екенін түсіндірген жөн. Мәселен, баланың парақшасын тек достары мен жақындары ғана көре алатындай етіп жасауға болады. Осының арқасында зиянын тигізгісі келетін қолданушы профайлға кіре алмайды.
- Балаға танымайтын адамды достыққа қоспауды үйрету. Тролді тани білу қажет. Әдетте, олар жалған аккаунт ашып алады. Өзін басқа адам ретінде таныстыруы, тіпті өзін интернетте троллингіге ұшыраған жәбірленуші етіп көрсетуі мүмкін. Мұның бәрін қолданушының сеніміне кіру үшін істейді.
ESET интернет-қауіпсіздік мамандары троллинг үшін қолданылатын профильдердің мынадай белгілерін жазды:
- Фотосурет болмауы: тролдер басқалар кім екенін біліп қоймасын, жаза тартпас үшін шын аты-жөнін, түрін жасыруға тырысады. Сондықтан балаға аккаунт фотосы болмаса, оны достыққа қоспаған дұрыс екенін айту керек.
- Ортақ дос пен таныстың болмауы: ортақ таныс жоқ адамдардан достыққа қабылдау туралы сұранысты қабылдамаған жөн. Тым болмаса, ортақ бір достың болуы сұрау жасап тұрған профильдің шын адам екеніне белгілі бір деңгейде кепіл бола алады.
- Жазылушылары көп болса да, белсенділік жоқ: профильге жазылған адамдар саны көп бола тұра, парақшада жеке адамның атынан жарияланға посттар болмаса немесе басқалардың жазбаларын репост жасап қана отыратын аккаунт кездессе, күмәнмен қарау керек. Мұндай аккаунт жалған болып шығып, интернеттегі троллинг үшін қолданылуы мүмкін.
Тролдің интернеттегі әрекеті мынадай болады:
- Комментарийде бір ой айтылса, тролль дереу соған қарама-қарсы пікір қалдырады.
- Қойылған сұрақ, көтерілген мәселе бойынша жазбайды.
- Өзінің қандай керемет екенін дәлелдеуге тырысады.
- Өзгенің пікірін әдейі жаңсақ ой деп таниды.
- Адамның жеке басына тиісіп кетеді. Мысалы, тән ерекшелігін кемсітуге көшеді.
- Әңгімелесіп отырған адамға тіл тигізе береді.
Тролге қалай қарсы тұруға болады?
Ең дұрысы — айтылып жатқан әңгімеге қатысы жоқ жағымсыз комментарийге немесе хабарламаға мән бермеу немесе оны өшіру. Комментарий немесе хабарлама баланы кемсітетіндей болса, әлеуметтік желі әкімшілігіне шағымдану керек:
- Instagram-да ұнамайтын қолданушыны мына кеңес арқылы бұғаттауға болады.
- Facebook желісінде құқығыңыз бұзылғаны туралы мына жерде шағымдануға болады. Оған қоса, белгілі бір адамнан келетін хабарламаны мына жерде бұғаттауға болады. Балаңызды кемсіткен адамға мына жерде арыздануды ұмытып кетпеңіз.
- YouTube-те комментарийге мына жерде шағымдануға болады.
Әлеуметтік желі әкімшілігіне жіберілген хабарламалар аноним түрде болады және басқа да қолданушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Тролль шектен шығып кетсе, полицияға хабар беру керек.
Әлеуметтік желіде тролді бұғаттап, оның профиліне шағымданып болған соң балаға мынаны түсіндіру керек: бұл адамдар осындай жағымсыз нәрсені адамды ренжітіп, ызаландыру үшін әдейі айтады. Олар жауап беруге де, айтқанын ойлап, уайымдауға да тұрмайды.
Жалпы, баладан троллингпен ұшырасқан жағдайда ол жайында жасырмай, сізге айтып беруін сұрауға кеңес береміз.
Тағы оқыңыз: Буллинг деген не және оның қандай түрлері бар?