— Суицидтің негізгі себептерін атап өтіңізші?
— Теория жағынан айтсам, суицидтің бірінші себебі – көңілдің қалуы, түңілу. Екіншіден, күйзеліс. Үшінші себеп — агрессия. Адам өзгеден жылу көрмегесін, назарда болмағандықтан өзін жалғыз, керексіз сезінеді.
Орталық Азиядағы жігіттер мен қыздардың өзіне қол жұмсау себебі ерекшеленеді. Бұған өңір халқының ұлдарға басқаша қарап, қыздарға бөлек тәрбие беруі және жалпы дәстүр түрткі болып отыр. Сонымен бірге ер мен әйелдің психологиясы, түсінігі бір-бірінен өзгешеленетінін айту керек. Мысалы, ер адам жасөспірім кезде «Нағыз еркек емеспін, мықты бола алмадым» деген оймен күйзеліске түседі. Бұған отбасында, қоғамда естіген сөздердің әсері болуы мүмкін. Кей отбасы «Әулетімізге ұл келді» деп балаға жақсы назар аударып, тәрбиелейді, алайда ол ер жеткенде балаға деген қарым-қатынас өзгеріп, бұрынғыдан басқаша қалыптасуы мүмкін. Сондықтан ұлдар «Лайық емеспін, мықты емеспін» деп ойлап, күйзеліске ұрынады.
Қыздардың өзіне қол жұмсау себебі басқа. Кей бойжеткен тұрмысқа пәк болып шыққысы келеді. Орталық Азия қыздарының «Пәктігімді жоғалтып алмадым ба?» деген ойы, қорқынышы суицидке итермелеуі мүмкін. Сонымен қатар отбасын құрмай тұрып жүкті болып қалған қыздар да бұл мәселені ешкімге айта алмағанынан, қорыққанынан өзіне қол жұмсайды. «Орны толмас қате жасадым, мені отбасым қабылдамайды, ешкім түсінбейді» деген үрейдің жетегіне ереді.
Кейде өзін гомосексуал деп таныған қыз-жігіттер де суицидке барып жатады. «Сексуал ориентацияны ата-анам түсінбейді, қабылдамайды» деп қорқып, осындай шешім қабылдайды.
Психоаналитиктер өзіне қол жұмсаған адамдардың психикасын зерттеп, мынадай қорытындыға келеді: өзіне қастандық жасап, денесін жаралаған адам осы іс-әрекеті арқылы агрессиясын басқаға бағыттайды, яғни өзге жанға зиян келтіріп жатқандай күйде болады. Демек суицидке барған адамның бойында белгілі бір деңгейде кекшілдік болуы мүмкін. Бұл — инфантиль (ересек адамның балаға тән іс жасауы — ред.) реакция, бірақ факт.
— Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда суицидке итермелейтіндей қандай факторларды байқадыңыз?
Біріншіден, Орталық Азия халқы дәстүрге берік әрі өмір салты көшпенді болған. Көшпенділер менталитетінің суицидке әсері болуы мүмкін. Себебі көшпенділер отбасы-отбасы болып өмір сүрген жоқ, үлкен топ болып тіршілік етті. Ол заманда жанұяда тек ата-ана және балалар болуы керек деген түсінік жоқ еді. Жеке адам өз қалауын жасай алмайтын десем, қателеспейтін шығармын. Бүкіл топ, тайпа немесе сол топтың үлкендері кімнің не істейтінін шешіп отырды. Әлдекім өз ойын айтып, қалауын жасағысы келсе, оған көптің шешімі бәрібір әсер ететін еді. Қазір де «Дәстүрге, ата салтқа қарсы шықтың» деп айыптап жатады емес пе?
Екіншіден, діннің де ықпалы бар. Орталық Азиядағы ислам жергілікті дәстүрмен байланысқан. Ал басқа жақтан келген ағымдар, жиһад сияқты түсініктер, қалыптасқан әлдебір әдетке бірден тыйым салу да суицид таралуына әсер етеді.
Ислам — гуманизм діні. Исламда бәріміз бауырмыз. Бірақ өзге ағымдарда басқаша. Мысалы, қазақтың ақыны Абай мұсылман болды. Бірақ ол білім мен мәдениетке, оқуға, орыс тілін үйренуге ұмтылды әрі намазын оқып, жап-жақсы өмір сүрді. Исламның атын жамылып, кей дүниеге шектен тыс тыйым салу да суицидтің көбеюіне әсер етеді.
Үшіншіден, Кеңес дәуірінен қалған өмір сүру салты аймақ тұрғындарының өзіне қол жұмсауына алып келеді. Бұл — маскүнемдік, отбасыға дұрыс көңіл бөлмеу, жастардың аборт жасауы. Кеңес одағының әсерімен қоғамда сәл басқаша мораль қалыптасқан болуы мүмкін. Ол — «жұмыс істесем болды, отбасымның тамағы тоқ болса болды» деген түсінік. Отбасымен бірге уақыт өткізу, баламен жеке әңгімелесу, оны жақсы нәрсеге баулу, назар аудару деген отбасылық құндылықтар Кеңес одағы кезінде кей үйде сәл кенже қалған болуы мүмкін.
Төртіншіден, қазіргі экономикалық жағдай мен пандемия да суицидтің көбеюіне себеп болып отыр. Карантинге байланысты кей адам табысынан айырылды, ақша жоқ. Қаражатының аз болуына қарай екі бөлмелі үйден бір бөлмеге көшкендер болуы мүмкін. Сабақ та, жұмыс та қашықтан жүріп жатқандықтан отбасы мүшелері бір бөлмеге жиналады. Қысым, агрессия көбейеді.
Жұмыстан шығып қалу, ақша жоқтық маскүнемдікке, тұрмыстағы зорлыққа себеп болады. Өйткені мұндай жағдайға тап болғандарда ертеңгі күнге сенім жоқ, перспектива көрмейді, болашаққа үмітпен қарамайды.
Қазір біз депрессиядағы адамның бойында психология симптомынан бөлек жаңа белгі пайда болатынын байқап отырмыз. Ол – неврология симптомы. Әрине, күйзелістің 99%-і психологияға байланысты. Бірақ дәл осы күні адамдарда агрессия көп. Себебі карантин пайда болды, тұрмыс қалпы өзгерді, өзгелермен қарым-қатынас азайды. Бұрын «бір кесе шай ішейік» деп кездесіп, жиі араласып жүрген адамдар қазір үйде отыр. Кейбірі ауруханада жатыр, олардың жағдайын сұрап кіруге тағы болмайды. Одан бөлек «Вирус жұқтырып өліп қалсам, не болады?» деген қорқыныш та бар. Пандемияның салдарынан өлім жайлы ой көбейді, бойымызда «Мына өмірден кейін не бар, әрі қарай не болады?» деген ішкі конфликт басталады.
— Көбіне қай жастағы адамдар өзіне қол жұмсайды?
— Нақты статистиканы айта алмаймын, себебі оны мемлекет жарияламайды. Бірақ 12 мен 23 жастағы адамдарда өзіне қол жұмсау жиі болады. Бұл жастағылардың суицидке ғана емес, шизофрения сияқты психологиялық ауруларға да ұшырау қаупі жоғары.
Өтпелі кезең адам үшін өте маңызды. Себебі адам ересек өмірдің есігін ашады, бұдан бөлек гормонал өзгерістер де жүріп жатады. Бала өмірге басқаша қарайды, «Ата-анам мені жақсы көреді, көмектеседі» деп ойлайды. Ал ересек адамға ата-ананың баяғыдай назар аудармауы мүмкін, тіпті жағдайын сұраудан қалуы ғажап емес. Сондықтан өтпелі кезеңде жағымсыз нәрселерге әуестеніп кету қаупі жоғары. Оған темекі шегуді, алкоголь тұтынуды, порноға әуестенуді, есірткіге үйір болуды жатқызамыз. Үлгілі отбасыда өскен, күйзеліс көрмеген баланың өзінде осы өтпелі кезеңде бұзылып кету қаупі бар.
Суицид инфекция сияқты тез тарайды. Бір жасөспірім өзіне қол жұмсаса, бірнеше күннен кейін суицид сол аймақта қайталанып жатады. Оған «Анау адам суицидке барды, яғни менің де қолымнан келеді» деген ой себеп болады.
5-8 жасында ата-анасының ұрсысқанын, әкенің шешеге қол көтергенін көріп өскен баланың агрессиясы жасөспірім кезде үш есе көп болады. Ол тек басқаларға ғана емес, өзіне қарсы да бағытталады.
Байқасаңыз, әскерде, полиция мекемелерінде суицид жиі болады. Себебі онда агрессия көбірек.
— Фильм, музыка, персонаж, кумир – осылардың суицид жасауға ықпалы бар ма?
— Бәрі мүмкін. Бір кездері шетел, әсіресе АҚШ фильмдерінде суицидті әдемілеп, романтика етіп көрсетіп жүрді. Суицид – романтика емес, трагедия.
— Ғашық болу, махаббат, қарым-қатынас мәселесін жасөспірімдер қалай қабылдайды?
— Адам өтпелі кезеңде ғашық болу процесін өте романтикаға толы күймен қабылдайды. Біреуді жақсы көретінін оған білдірмей тұрып-ақ «Ол мені жақсы көрмейді» деген шешім шығаруы мүмкін. Оның үстіне осы ғашық сезім үшін өзін кінәлі сезініп, бойында комплекс пайда болуы да ғажап емес. Жалпы жасөспірім шақта «Әдемі емеспін, толықпын, фигурам күшті емес» деген өте көп комплекс болады. Мұндай жағдайға сән индустриясы мен стереотиптер де әсер етеді. Қыздар біреуден көргенін қайталағысы келеді, өзінен ұялады, тіпті пластика операциясын жасағысы келуі де мүмкін. Бұл жағдай да күйзеліске ұрындырады.
— Маңызды сұрақ: өзіне қол жұмсағысы келетін адамға қалай көмектесе аламыз?
— Дәл қазір оңай заман емес, түсінеміз. Жаман ойға бой алдыру, күйзелу, ертеңгі күнге үмітпен қарай алмау, жұмыстан перспектива байқамау кездеседі. Мұндай кезде адам көмек сұрай алуы керек. Өзінің жағдайын, ішкі күйін жақынына, отбасына, құрбысына айтуға тиіс. Күйзеліп, өзімен-өзі бөлмеде жалғыз қалмауы керек. Басқа күндері қиналып жатса, қайда барып, не істер еді, міне, соны қайталау керек. Мешітке немесе шіркеуге баруға болады Мектептегі, университеттегі мұғалімнен, психолог маманнан көмек сұрауды, кеңес алуды ұсынамын.
Танысының күйзеліп жүргенін байқаған адам онымен әңгімелессін, не болғанын сұрасын. Мұндай күйге ұшыраған жанды жалғыз қалдырмау қажет. Себебі «Ойым дұрыс емес, адамдар мені түсінбейді, айтқанымды естісе, күледі» деген оймен ашылмай, іштей тынып жүре беру қаупі бар. Сондықтан бұл ретте айналадағы адамдардың да белгілі бір деңгейде жауапкершілігі бар дер едім.
Қасымызда бұрыннан депрессияда жүрген, проблемасын біреуге айта алмайтын немесе қол ұшын созар жақыны жоқ адамдар болуы мүмкін. Әдетте біз қатты түңіліп жүрген адамды байқамай да қаламыз.
Ең негізгі шара ретінде мектеп пен жоғарғы оқу орындарында тест жүргізуді ұсынамын. Әр адам сол тестіні толтырып, өзі туралы белгілі бір ақпарат береді. Сол арқылы кімнің күйзеліп жүргенін, қандай проблема мазалайтынын біле аламыз. Кейін қиын жағдайға тап болған адаммен жеке жұмыс істеп, суицидтің алдын аламыз. Оқу орнындағы мұғалімдер, психологтар көмектеседі немесе басқа маманға жібереді.
Бірінші кезекте мұндай өзекті проблемаға билік араласуы керек. Арнайы ұйым құрылып, бағдарлама жасалуы қажет. Оның арнайы сайты, қолжетімді мәліметі болсын. Комиссияда кәсіби мамандар жұмыс істесін, бір жерде суицид болса, команда дереу адам жіберіп, суицидтің қайталануының алдын алсын.
Сонымен қатар түннің ортасында кез келген адам тегін хабарласып, проблемасын айтып бере алатын сенім телефоны жұмыс істеуі керек. Call-орталықтағы қызметкер хабарласып тұрған адамға кәсіби түрде, сауатты көмектесуге тиіс. «Не деп тұрсыз, қайдағыны айтпаңыз, ұйықтаңыз» деген жауап жарамайды. Маман телефонның ар жағындағы адамның жағдайын, қайда екенін біліп, проблемасын тыңдап, бірге қайғыра білуі қажет. «Неге жылап тұрсыз, сізді кім ренжітті? Дәрі ішіп қоймадыңыз ба? Қайдасыз, мекенжайыңызды айтыңызшы? Ондай нәрсеге бармаңыз, бәрі жақсы болады. Қазір барамыз, бізді күтіңіз» деп өте сауатты жұмыс істеуі керек. Содан кейін адаммен жеке сөйлесіп, арнайы терапия жасалады. Одан соң бүкіл отбасына психологтар кеңес беруі қажет. «Жалғыз емессіз, көмектесетін біз бармыз» деген сөз мұндай ұйымның ұранына айналғаны жөн.
Бір адамның өзіне қол жұмсауы тек сол отбасының мәселесі емес. Суицид — бүкіл қоғамның, елдің, тіпті түгел Орталық Азияның проблемасы. Ендеше жұмыла күресуіміз керек.
Өзіне қол жұмсағысы келген адамға қолдау қажет, бірақ кез келген адам кәсіби түрде көмектесе алмайды. Себебі адам жақынын байқамай жаралап алуы мүмкін. Сондықтан профессионал психологтың қызметіне жүгінген абзал. Бірақ абай болған жөн, кей психолог бұған дайын емес. Теория болғанымен тәжірибесі жоқ болуы мүмкін.
Қазір психологтар Instagram-дағы парақшасын әдемілеп, тренинг ұйымдастырып, қаражат табуға тырысады. Алайда Instagram-да қоқыс көп. Өзім де кәсіби, білімді психолог таныстарыма осы проблемаға көңіл бөлуді айтып жүремін.
Елде психологтарды оқыту, мәртебе беру және оларды тәжірибеден өткізу мәселесі тағы бар. Кейде кәсіби мамандардың суицид жасағысы келген адамды әңгімелеп жатқанын естиміз. Мысалы, біреу өзіне қол жұмсағысы келсе, оны түсінбейді, бірден «Ақымақсың ба, мұның не?» деп айқайлап шығады. Ең бірінші реакция адамның жағдайын сұрау, тыңдау, түсіну, әңгімеге тарту болуға тиіс.
— Тым жабық, тұйық адамдар болады. Оларды әңгімеге қалай тарту керек?
— Сондықтан арнайы тест ұсынып отырмын. Өмірде сөйлемейтін, проблемасын айта алмайтын адам тест арқылы ашылуы мүмкін. Ол тест арнайы жасалған. Кімнің әзілмен, кімнің шын жауап бергенін байқауға болады.
Интернетте суицидті 90% жағдайда жігіттер, қалған 10% жағдайда қыздар жасайды деген деректі көзім шалып қалды. Бірақ өзім бұл дерекке сенбеймін. Менің байқауымша, 60% жағдайда ұлдар, 40% жағдайда қыздар өзіне қол жұмсайды.
— Ата-ана баласының күйзеліп, өзіне қол жұмсағысы келетінін қалай байқай алады? Өзіне қол жұмсауы мүмкін адамның нақты белгілері бола ма?
— Бірінші симптом – адамдармен, қоғаммен қарым-қатынастың болмауы. Екіншісі инсомния, яғни ұйқысыздық. Төсекке жатқан адамның түні бойы көзі ілінбесе, оны бақылауға алу керек. Бәрі ұсақ-түйектен басталады. 4-5 күн ұйқысыздықтан соң адам жындана бастайды. Үшінші себепке адамның күйзелістен арыламын деп көп мөлшерде дәрі ішуі жатады. Кей адам тіпті алкогольге құмартып, есірткі қабылдайтын жағдайға жетуі мүмкін. Күйзелісті құр таблеткамен емдей алмайсыз.
Тағы бір айтатын нәрсе – Қазақстандағы адамға, балаға деген қатынас. Алматыда бәрі жақсы шығар, бірақ шалғай ауылда кей отбасы балаға жеке тұлға деп қарамауы мүмкін. Кішкентай кезінен балаға жеке тұлға деп қарап, бар назарды, махаббатты беріп, өсіру керек.
Орталық Азиядағы тағы бір дәстүрді қате санаймын. Ол — баланы ата-әжесіне беру. Бұл – аймақтағы ең үлкен проблеманың бірі, әрі бұдан баланың психологиясы соққы алады. Мақұл, ол ештеңе білмей өсіп келе жатыр делік. Бірақ бір күні көршісі «Ол сенің анаң емес, әжең» деп айтып қалса, бала күйзеліске түседі. «Әке-шешем жақсы көрмейді екен, сол үшін бере салыпты» деген ойда қалуы мүмкін. Бала әрдайым өз анасы мен әкесінің қасында болуы керек.