Мұхит Дулу 3 жылдан бері стрит-арт өнерімен айналысады. Ол — Алматыдағы төрт муралдың авторы. Граффит-суретші әр картинасында қазақы дәстүр мен заманауи сурет өнерін ұштастыруға тырысады екен.
Алғашқы жұмысым «Сәукеле» деп аталады. Ол Желтоқсан көшесі мен Жібек жолы даңғылы қиылысындағы бес қабатты ғимарат қабырғасына салынған. Онда сәукеле киген қазақ аруы мен үкі құсы бейнелеген. Екінші мурал Алматы-2 теміржол вокзалы маңындағы ғимаратқа салынған барыс бейнесі, — дейді граффитист.
Автордың “Қобыз” муралы Абай даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысындағы ғимаратта.
Қазақ тарихындағы Қорқыт ата мен қобыз туралы аңызды білемін. Дегенмен қобызды салғанда маған ол құдды ғаламшардан келген заттай көрінді. Суретте қобызбен бірге я адам емес, я жануар емес екі индивидті бейнелеп, олардың махаббаты қобыздың үні арқылы шығатынын көрсеткім келді. Ал төртінші жұмыстың эскизін біз сызғанымызбен, суретін басқалар салды. Онда түркі халқының шығу тегіне байланысты қасқырды еміп тұрған сәби бейнеленген, — дейді суретші.
Мұхиттың жұмыс кезінде тапсырыс берушілерге қоятын ең негізгі талабы — қауіпсіздік.
Берік баспалдақ алып келуін сұраймын. Себебі біз сурет салу үшін биікке шығамыз. Бұл өте қауіпті. Осыған дейін ең биік 5 қабатты ғимаратқа салып көрдім, — дейді Мұхит Дулу.
Ол өзі салған муралдар 5-10 жыл өшпей тұратынына сенімді.
Жұмысымның сапасына нақты жауап бере аламын. Дегенмен картинаның ұзақ сақталуы бояуға ғана емес, ғимарат қабырғасының сапасына да байланысты.
Мұхит шығармашыл әулетте дүниеге келген. Бала кезінен бойына бояудың иісі сіңіп, қылқалам ұстап өскен. Кішкентайынан шығармашыл адамдардың тәрбиесін алғандықтан «болашақта кім боламын?» деген сұрақ мазаламаған көрінеді.
Менің екі атам — елге танымал адамдар. Атам Қадыр Мырза Әлі – қазақтың белгілі ақыны әрі жазушысы. Үш жасыма дейін Қадыр атамның үйінде өстім, бірақ кейін ата-анамның ажырасуына байланысты анам екеуіміз нағашы атамның жанына көштік. Нағашы атам Амандос Ақанаев пен әжем Нэлли Бубэ — Қазақстан сурет өнеріне орасан зор үлес қосқан және керемет картиналар авторлары. 5 жасымнан атам түрлі бояу, қарындаш, сурет дәптер алып беретін. Бірде үйіміздің қабырғасын бояп тастаппын. Оны көрген анам мен әжем ұрса жөнелгенде атам: «Тиіспеңдер. Бұл бала ертең осындай үлкен қабырғаларға сурет салады», — деп айтқан екен. Міне, сол сөзі бүгін шынға айналды.
Дегенмен суретші бала 13 жасында ғана сурет әлеміне қызығып, түрлі кітап оқып, әйгілі суретшілерге еліктепті. Алғашқы картинасын атақты суретші Обри Бэрдслей стилінде қара қаламмен салған.
Ол жұмысым «Семь смертных грехов» деп аталды. Оны Венгрияның бұрынғы елшісіне сыйға тартқанмын. Екінші картинамды әйгілі коллекция жинаушы Ричард Спунерге сыйлағанмын.
Мұхит арнайы тапсырыспен салынатын кейбір суретін өнер ретінде бағалай алмайтынын мойындайды. Суретшінің айтуынша, оған ләззет сыйлап, қағазға шабытпен түсірілген жұмысының көбі үйде сақталған.
Ол картиналарда жан дүниемде болып жатқан құбылыс бейнеленген. Менің түсінігімде, Құдай — адамның тәніне жан берген жаратушы. Егер адам жаны Құдайдың бір бөлігі болып саналса, жан дүниеме ұнаған нәрсе Құдайға да ұнайды деген сөз. Сол себепті ол жұмыстарым медитация сияқты көрінеді, — дейді ол.
Мұхиттың жұмысын көрген адам оның жануарды жиі салатынын байқайды.
Шығармашылық жағынан қарағанда, жануарлардың пішіні мен пластикасы өте ерекше. Ежелгі скифтер сол ерекшелігіне қызығып, нәтижесінде «аң стилі» пайда болды деп ойлаймын, — дейді ол.
Кейде Мұхиттың шығармашылыққа берілетіні сонша, апталап үйден шықпайтын кездері де болады екен. Дегенмен ол сыртқы әлеммен байланыс орнатып отыру дұрыс деп есептейді.
Сурет салған кезде қоршаған ортада болып жатқан проблеманың барлығын ұмытып кетемін. Ол кезде алдыңда тек картинаң тұрады. Сол шығарма ойдағыдай шығуы үшін оның әр бөлігіне мән беремін. Жұмысты аяқтаған соң ерекше сезімге бөленесің. Мұндай сәтте тіпті картинаңды біреуге көрсетіп, оның пікірін сұрап әуре болмайсың.
Дарынды адамдарды түрлі нәрсе шабыттандырады. Ал біздің кейіпкеріміздің шабыты — музыка мен сұлу әйелдер.
Кейде ақша да шабыттандырады. Себебі оны өзіңді қуантатын дүниеге жұмсай аласың, — дейді ол.
Мұхиттың айтуынша, әр адамның бойында бір талант бар. Оны адам өзі көре білуі және қолдана білуі керек.
Құдайдың бойға берген дарынын пайдалануың қажет. Біреу сауда ісіне жақсы, енді бірі көлікті өте шебер айдайды. Ал менің бойыма Құдай сурет салу өнерін дарытқан. Қанша тапсырыс алып, жұмыс істесем де, жеке шығармашылығыма үнемі уақыт бөлемін. Себебі Құдайдың берген қабілетіне, дарынына уақыт таппау – бұл қылмыс. Ақшаның артынан қуып кетуге болмайды. Сен өнермен айналыссаң, жаратқанның өзі саған қара наныңды тауып береді, — дейді суретші.