Сиыр жылы қандай болады?

1900 жылдан бастап санағанда 11 сиыр жылы өтті, 12-шісіне келіп жатырмыз. Қазақ сиыр жылының қысында қар қалың, қабағат жауып, күн аяз, қатты суық болса, «ақ сиыр» немесе «ақ бұқа» кіріпті, жер қара, күн жылы болса, «қара сиыр» кіріпті дейді. Қыстың басы қатты, аяғы жұмсақ болса, «ақбас сиыр» кіріпті деп жатады. Қаңтардан бастап Григориан есебі бойынша жаңа жыл кіргелі отыр. Ал қазақ жыл санауы бойынша сиыр жылы 2021 жылдың 21 наурызында күн мен түн теңелгенде басталып, 2022 жылдың наурызында аяқталады.

Болат Бопай. Фото жеке архиыінен

Қазақстан екі күнтізбені де қатар пайдаланып жүр. Өйткені дүниежүзі бойынша қызметке шығу, көлік қатынас қағидалары және тағы басқаның бәрі Григориан күнтізбесі есебімен жүреді. Сондай-ақ халық өзіміздің Жаңа жыл — Наурызды да ерекше құрметпен қарсы алады.

«Ақпан ақырып кіреді, қарлы боран шақырып кіреді» деген теңеу бар. 2022 жылдың қаңтар айының 15-16 мен 20-25 аралығында, ақпанның 9-15 мен 19-26-ында күн қатты суытып, қар қалың жаууы ықтимал. Мұны «акпан-тоқпан — айғайлаған алты күн» дейді. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда күн суытып, қарлы боран болуы мүмкін, — дейді Болат Бопай.

Өларадағы ауа райы айдың толуы мен қайтуына байланысты болады. Этнографтың айтуынша, қыста туатын ай көбіне шалқақ туады. «Шалқалап туған ай жаман, шалқалап туған бай жаман» деген сөз осыдан қалған.

Болат Бопайдың сөзіне қарағанда, сиыр жылы адамдардың бақ-дәулеті артады. Жалпы, қазақ сиыр жылына құтты жыл ретінде қарайды. Бұл жылы туғандар сабырлы, салмақты, бірбеткей, қара жұмысқа мықты, алған бетінен қайтпайтын, қажырлы болады. Жыл иесіне сиырды бауыздауға тыйым салынады.

Сиыр қандай жануар?

Сиырдың жас төлін бұзау, 6 айға толғанға дейінгі төлін баспақ, бір жастағы еркегін тайынша, бір жастағы ұрғашысын қашар, бір жас пен 2 жас аралығындағы ұрғашысын құнажын дейді. 2 жас пен 3 жастағы төлді дөнежін дейді. Ересек сиыр еркегін бұқа, піштірілген еркегін өгіз деп атайды.

Иллюстрация: Dribbble.com/©Viktorija Grachkova

Сиыр, негізінен 5 жасқа дейін өсіп, жетіледі. Кеш жетілгендері 6-7 жасында өсуін тоқтатады. Ұрғашысы 20-35 жыл, еркегі 15-20 жыл тіршілік етеді. Сиырдан алынатын басты өнімдер — сүт пен ет. Сиыр 9-12 жыл бойы жақсы сүт беруі мүмкін, одан кейін тісі қажалып, өнімділігі төмендейді. Сиырды бордақылап немесе жайып семіртіп, етке 1,5-2 жасында өткізеді. Ұрғашы сиырдың жыныстық қабілеті 7-10 айлығында, бұқалардыкі 8-10 айлығында жетіледі. Буаздығы орта есеппен 285 күнге созылады. Ұрғашының екі бұзау табатыны сирек кездеседі, әдетте бір бұзау туады. Егіз болған күннің өзінде оның бір сыңары төл беруге қабілетті бола бермейді.

Тұқымына байланысты жаңа туған бұзаудың салмағы 18 келіден 45 келіге дейін болады. Ұрғашысына қарағанда еркек бұзаудың салмағы 1-3 келі артық болады.Еті мен майы салыстырмалы түрде аз, ал сүйегі салмағының 30%-іне тең болады. Ересек сиырдың салмағы 250 мен 600 келі арасында болады. Бұқасы 300-900 келі тартады.

Сиыр қасқырға оңай жем болмайды. Итқұс көре қалса, барлық сиырмен бірге топтасып тұрып, бұзауларын ортаға алады. Төлін алдырмайды. Оған қоса, бұл мал жершіл. Жылқы сияқты жұлдызға қарап жүре алмайды. Дегенмен жүрген жолында тезек тастап кетеді. Иісшіл болғандықтан соның исімен жол тауып жетеді. Еті жеуге жеңіл, басқа түлік етіне қарағанда тез қорытылады.