Қазақстан 22 желтоқсанда «Спутник V» вакцинасын өндіруді бастайды

Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің кездесуінде белгілі болды.

2020 жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдіріп, дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қолжетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.