Вируспен тірес: қазақтар қалай вакцина жасап жатыр?

QazCovid-in® сынақтың қай деңгейінде?

Дүниежүзінде коронавирусқа қарсы вакцина жасау қолға алынғанда Қазақстан COVID-19 инфекциясына қарсы бес вакцина әзірлеген еді. Соның бірін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруға қарсы тұра алады-ау деген кандидат вакциналар қатарына қосып, клиника сынағынан өтуге рұқсат өткен болатын.

Бұл — Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының QazCovid-in® вакцинасы.

2020 жылдың 12 қарашасындағы ақпарат бойынша, дүниежүзінде 48 коронавирус вакцинасы клиника сынағы кезеңінен өтіп жатыр.

Қандай да бір аурудан қорғауға тиіс вакцина бірнеше кезеңнен өтеді. Соның бірі — клиника сынағы. Бұл кезде еріктілер дайын дәріні салдырады, мамандар оның қандай нәтиже беретінін анықтап, бақылайды. Клиника сынағының өзі әлденеше рет жүреді. Мысалы, бірінші толқында 10-30 адам қатысады, екінші толқында 50-500 ерікті екпені салдырады, үшінші толқында сынаққа қатысқан жандардың саны 1000-нан асып кетеді. 

Ал осы клиника сынағынан өтіп жатқан QazCovid-in®  белсенді емес вирус вакцинасы саналады.

Бұған дейін айтқанымыздай, белсенді емес вирус вакцинасы дайындау үшін SARS-CoV-2 коронавирусын алып, оның белсендігін азайтып тастайды немесе мүлдем өлтіреді, осыдан кейін ағзаға егеді. Ағзаға түскен әлсіз немесе өлген вирусты иммун жүйесі анықтайды және оған жауап ретінде антидене өндіреді.

2020 жылдың 26 шілдесінде осы вакцинаны жасаушы 27 адам ерікті атанып, өзіне салдырып, сынап көрген болатын. Вакцина қауіпсіздік тұрғысынан өте жақсы нәтиже берді әрі денеде М және G иммуноглобулиндерін, яғни антиденелерді бірден көбейтті.

19 тамызда екпенің клиника кезеңіне дейінгі сынағы аяқталды. Тамыз айында осы іске жетекші болып келе жатқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те вакцинация жасады. 1 айдан астам уақыттан кейін министр екпеге қатысты комментарий берген болатын.

Өзімді керемет сезінемін, катаральды белгілер болған жоқ, температурам көтерілмеді, — деді Асхат Аймағамбетов.

QazCovid-in® вакцинасы клиника сынағының бірінші деңгейінен өтті. Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, вакцинаның клиника зерттеуіне қатысып, екпе салдыруға 688 қазақстандықтан өтінім түскен. 17 қыркүйектен бастап дені сау, 18 бен 50 жас аралығындағы 44 адамға екпе егілді. Олар бұған дейін коронавируспен ауырмаған және ағзасында бұл вирусқа қарсы антиденелері жоқ. Сынақтың екінші деңгейінде вакцинаны өз еркімен келіскен 200 адамға салып көреді.

Коронавирусқа қарсы тағы не жасадық?

Фото: 24.kz

QazCovid-in® вакцинасынан бөлек жақында Қазақстан коронавирусқа қарсы жаңа екі препарат жасап шыққан болатын. Біріншісі NARUVAX C-19, екіншісі NARUVAX C-19/nano деп аталады.

Бұл — субъбірлікті вакциналар. Яғни патогеннің (вирустың) бір немесе бірнеше тазартылған иммуноген ақуызынан тұрады. Ал қазақстандық препараттардың құрамындағы адьювант (иммун жауабын күшейтетін дүние) әсерді күшейте түседі.

Екі препарат да Қазақ аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинация орталығында жасалған. Жобаларға осы орталықтың басшысы Қайсар Табынов жетекшілік етеді.

Қазіргі уақытта препараттар Мақсұт Айқымбаев атындағы қауіпті инфекциялар ғылыми орталығында клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр.

Бірінші препарат (NARUVAX C-19) синтетикалық жолмен алынған рекомбинант ақуыздар негізінде дайындалған.

Оң нәтижеге зертхана жануарына  емес, адамға салу арқылы қол жеткізетін болсақ, препаратты тіркеу процедураларын жеңілдетер едік, — дейді Қайсар Табынов.

Оның айтуынша, препарат инфекциядан ұзақ уақыт қорғап тұра алады. Бұл — клиника сынағына дейінгі кезеңде алынып жатқан нәтиженің бірі. Препарат коронавирусқа антидене бөліп қана қоймай, организм тіндерін жасуша деңгейінде коронавирусқа қарсы тұруға итермелейді.

Екінші препарат NARUVAX C-19/nano деген атау алды. Оны орталық Огайо штаты университетіндегі серіктестерімен бірге жасаған. Ол әртүрлі полимердің нанобөліктері негізінде әзірленді. Бұл полимерлер табиғи, биологиялық түрде ыдырайды әрі биология тұрғысынан үйлесімді. Яғни организмге түскенде, оңай сіңіп кетеді.

Нановакцина ерекшелігі — бұлшықетке салынбай, жай ғана мұрынға тамызылуында. Осының арқасында бірден мұрынның шырышты қабаты қорғалады, сәйкесінше вирустың қанға енуіне жол берілмейді.

Екі препарат та Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының кандидат вакциналар құрамына кірді. Олардың клиника сынағына дейінгі кезеңі жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Тағы оқыңыз:

Коронавирус вакцинасы қалай жасалып, қандай тексеруден өтеді?