Мемлекет өз қажеті үшін жер учаскесін, тұрғын үйді заңды түрде бұза алады

Поштаңызға әкімдіктен хат келді делік. Хатта тұрып жатқан жеріңіздің мемлекеттің қажеті үшін алынатыны және тұрып жатқан үйіңіздің бұзылатыны туралы хабарланған. Бұл нені білдіреді? Түсіндіріп көрейік.

ҚР “Мемлекеттік мүлік туралы” заңының талаптарына сай, жер учаскесі мемлекеттің қажетіне алынатын болса, жергілікті атқарушы орган бұл туралы қаулы шығарады (Әкімнің қаулысы). Жеке меншіктегі жерді мемлекет қажетіне алу туралы қаулы шығару – ең шекті шара. Себебі әкімдік ең бірінші жер учаскесін сүрлемей-ақ қоюға болатын жолды қарастыруы керек. Басқа амал жоқ болғанда ғана әкімдік тұрғынның учаскесін алу туралы қаулы шығарады.

Әкімдік қаулыны жергілікті басылым арқылы хабарлауы керек және сол жарияланған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей меншік иесіне жазбаша хабарлама жолдауға тиіс.

Мемлекет жер учаскесін алатын болса, оның төлемін екі жолмен өтеуге болады

Мемлекет жер учаскесін өз қажетіне алу кезінде оны өтеудің екі жолы көрсетілген.

  • Біріншісі – алынатын жердің орнына өзге жер учаскесін немесе жылжымайтын мүлік беру.
  • Екіншісі –  алынатын жер учаскесінің немесе өзге жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасын өтеп беру.

Сондықтан әкімдік бұған дейін айтылған хабарламада тұрғынға осы екі әдістің бірін таңдауға мүмкіндік беруге тиіс.

Осыдан кейін әкімдік мүлікті бағалайды. Бағалауды үшінші тарап, яғни тәуелсіз бағалау компаниялары жүргізеді.

Азамат мүліктің сомасымен келіспесе, жер қайта бағаланады

Жер учаскесі немесе тұрғын үй бағаланған соң оның иесіне бағалау сомасы мен келісімшарттың жобасы жіберіледі. Меншік иесі белгіленген бағамен келіссе, келісімшартқа қол қояды. Келіспесе, қол қоюдан бас тарта алады. Мұндай кезде өзге мамандардың көмегімен тұрғын үй қайта бағаланады.

Ал меншік иесі белгіленген бағамен екінші рет келіспесе, іс сотқа жөнелтіледі. Сот қандай шешім шығарса, соған сай әрекет етуге тура келеді. Шешім күшіне енгесін тұрғын үйді босату мәжбүрлі түрде жүзеге асады.

Сот шешімі күшіне енгенде барлық жұмыс, соның ішінде тұрғынның ақшасын төлеу де бір ай мерзім ішінде орындалуға тиіс.

* * *

Дереккөз: “Тегін заң консультациясы” telegram-каналы