Үй сатып алған соң онда өзіңізді және отбасының өзге де мүшесін тіркеуге болады. Одан кейін коммунал қызметтердің дербес шотын да өз атыңызға аударуға тиіссіз. Пәтерді ипотекаға алған жағдайда салықты аз төлеуге болады. Бұл әрекеттерді қалай жүзеге асыруды Электронды үкімет порталы, заңгер Аркадий Рубцовтың кеңесі және Info.homsters.kz сайты мәліметі бойынша жазамыз.

Жаңа үйге қалай тіркелуге болады?

Үйге тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. Немесе электронды үкімет порталы арқылы онлайн түрде де құжат тапсыруға болады.

1. Жеке куәлікті алып, Халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Үй атыңызда болғандықтан, баспана құжатын апару міндетті емес. Бұл қызметті алу үшін көбіне электрон кезекке емес, “тірі кезекке” тұрасыз. Орталық қызметкері бірнеше минутта тіркеп береді. Жалпы бұл процеске 15-20 минут уақыт кетеді.

2. Egov.kz электронды үкімет порталының бас бетіндегі “Азаматтық, миграция және иммиграция” бөлімін таңдау қажет. Оның ішінен “Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау” бөлімін таңдайсыз. Қызметтерден “Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу” дегенге басу керек. Онлайн сұрау қызметі ашылады. Ол жерде үйге тіркелудің үш қадамы бар. Сізге қатысы жоқ сұрақтарға (мәселен, елге көшіп келу себебі) “басқасы” деген жауапты белгілеп кетесіз. Бұл қадамдарда үй құжаты мен жеке бас құжаттарға қатысты сауалдарға жауап беріп, соңында үй иесі ретінде электрон қол қоясыз. Жұмыс бітті, үйге тіркелдіңіз.

Порталда балаңызды да үйге тіркеуге болады, бірақ 14 жасқа дейінгі балалар тіркелмейді, себебі ата-анасының немесе қамқоршысының үйі олардың тұрғылықты жері саналады. “16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу” қызметін таңдағанда әдеттегідей “Онлайн сұрау” түймешегі тұрады. Онда баланың ЖСН-ін, келу мақсатын, тіркелу себебін және ол баланы тіркеуге ниет білдірген тұрғын үйдің меншік иесі екенін көрсету қажет. Үй иесі өзіңіз болғандықтан өңіріңізді немесе мекенжайдың тіркеу кодын (РКА) көрсетіп, соңында ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қою қажет.

Алматыда коммунал қызметтердің дербес шотын өз атыңызға қалай ресімдеуге болады?

Пәтер сатып алғанда Алматының Әділет департаментінде меншік иесінің деректері өзгертіледі. Тіркеу және түбіртектегі атауды өзгертуге ниет білдірген кезде, жаңа меншік иесі коммунал қызметтерді берушіге “Алматы жылу желілері” ЖШС-ға немесе Alseco АҚ-на немесе IVC ЖШС-ға түбіртектегі атын өзгерту туралы өтініш беруі қажет. Оған пәтерді сатып алу-сату шартының көшірмесі қоса берілуі керек. Осы операциялардан кейін тиісті өзгертулер енгізіледі.

Пәтер иелері кооперативінде (ПИК) дербес шот ашу үшін қандай құжат керек?

Өзіңіз тұратын үйдің Пәтер иелері кооперативіне жеке куәлік пен сату-сатып алу бойынша келісімшарттың көшірмелерін, дербес шот ашуға өтініш апару қажет. ПИК бұл құжаттардың түпнұсқасын сұрамайды, пәтер иесі де бермеуі керек.

Бұл пәтер иесі туралы деректі дұрыс енгізіп, дербес шот ашу үшін керек. Өтініштің екінші көшірмесін ПИК басқармасына тіркейсіз.

Үйді ипотекаға алсаңыз, салықтан үнемдеуге болады

ҚР Салық кодексі бойынша ипотека төлейтін азаматтарға жеңілдік бар. Info.homsters.kz мәліметі бойынша, әзірше оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алғандар ғана пайдалана алады. Ал 2021 жылдан бастап басқа банктердің ипотекасына қатысты да салық шегерімі қарастырылған.

ҚР Салық кодексінің 349-бабы бойынша жалақының ипотекалық несие бойынша проценттерді өтеу сомасына тең бөлігінен жеке табыс салығы алынбайды. 2020 жылдағы бұл салық шегерімінің көлемі ең төменгі жалақының (биыл бұл көрсеткіш 42 500 теңге болып тұр) 10 есе көлемінен аспауға тиіс (яғни биылғы жоғарғы шек – 425 000 теңге).

Бір ескеретін жайт: бұл жеңілдік жылжымайтын мүлік кепілдігі болса ғана күшіне енеді. Сондай-ақ несие бойынша қосалқы борышкерге қатысты қолданылмайды.

Жеке табыс салығын есептеу формуласы:

Жалақы – зейнетақы қорына 10% – ең төменгі жалақы ➗ 10% = Жеке табыс салығы
Бір мысал қарастырып көрейік.

Айына 120 000 теңге жалақы аласыз. Бұл сомадан зейнетақы қорына кететін 10% алынады. Шыққан нәтижеден (118 000 теңге) жеке табыс салығы алынады. Осыдан кейін барып қолыңызға тиетін жалақының көлемі белгілі болады. Жеке табыс салығының көлемін жоғарыда формулаға салып, анықтай аламыз, ол 6 550 теңгеге тең (120 000 – 12 000 – 42 500)➗ 10% = 6 550. Яғни салық жеңілдігі қолданылмаса, айына қолыңызға 101 450 теңге тиеді (120 000 – 12 000 – 6 550=101 450). Ал қолданылса, несие сыйақысы мөлшерлемесінің 10%-на тең сома сізде қалады. Бұл жағдайда қолға айына 103 550 теңге аласыз.

Қажет құжаттар:

  • Несие алушының өтініші;
  • Банк ипотека несиесінің келісімшарты (көшірме);
  • Ипотекалық несиені өтеу кестесі (көшірме);
  • Несие төлемін растайтын құжат: түбіртек, банктен үзінді көшірме.

Бұл салық шегерімін тек бір жұмыс орнында ғана қолдануға болады. Егер ипотекалық заем алушы бұл салық шегерімін білмей, осы уақытқа дейін қолданбаған болса, онда жұмыс орнына тиіс өтініш жазып, қажет құжаттарды көрсету арқылы бұған дейін төлеген несие сыйақысына қатысты салық шегерімін қолдана алады. Бірақ тек кейінгі 5 жыл үшін. Бұл жағдайда жұмыс беруші қайта есептеп, айырмасын сізге қайтаруға міндетті.