Ұйым мамандары гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдердің әділ сот төрелігіне жетуін арттыру мақсатында бірнеше дерек пен шешім ұсынып отыр.

Дина Амришева, БҰҰ-ның Қазақстандағы әйелдер бағдарламаларының жетекшісі:

Әйелдің теңдігі, қоғамдағы ролі және мәселесіне келгенде, мен медицинадағы коронавируспен күресіп жүрген қыз-келіншектердің жағдайына тоқталғым келеді. Себебі бұл саладағы қызметкерлердің 70%-і — әйелдер. Қазір олардың жағдайы мәз емес. Дәрігерлер қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Оның үстіне әйелдер отбасы мен балаларына көңіл бөліп, тамағын дайындап, үйін жинайды. Сондықтан медицина саласындағы әйелдерді қаржылай да, психологиялық жағынан да қолдап, кәсібилігі жағынан өсуіне мүмкіндік жасау керек. Біз осы нәрсені алға тартып, айтып жүрміз.

Екіншіден, гендер теңдігі мәселесін дағдарысқа қарсы күресу жолында да қарастыруды ұсынамыз. Себебі әйелдер де дағдарысқа қарсы күресте шешім қабылдауға құқылы, бұл оның мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар төтенше жағдайда пайда болған проблемаларды жан-жақты қарауға әйелдердің де көмегі тиер еді. Маңызды шешімдерді қабылдауға әйелдердің де қатысқанын қалаймыз.

Пандемия кезінде бәріміз оқшауландық, әркім өзін, отбасын ойлады. Сол уақытта шетелде қандай тәжірибе қолданғанын айтып өткім келеді. Мысалы, Италияда бәрі карантинге жабылғанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел үйінен кетпей, керісінше полиция агрессорды бақылап, ұрып-соқпауын қадағалап отырған. Зорлық көрсеткен жағдайда оны арнайы мекемеге апарған. Полиция әйелдердің үйден кетіп, басқа жерде түнеуіне жағдай жасаған. Франция мен Испанияда карантин кезінде тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдерге арнайы орын бөліп, қонақүйлер есігін ашып, көмектескен. Халық оқшауланған кезде тұрмыста жапа шеккен әйелдерге жеке секторлар, кәсіпкерлер қолынан келгенінше қарайласқан.

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде «Маска 19» деген құпия сөз енгізіліп, осыны айтып, хабарласқан адамға көмек берілді. Бұл азаматтарға деген жанашырлықтың бір түрі еді. Жалпы Біріккен Ұлттар ұйымындағы әріптестерімізбен шетелдің тәжірибесін талқылап, біраз нәрсе ұсынып жүрміз. Соның бәрі бізде, заңнамада қолданылса екен деген тілегім бар.

Ғазиза Молдақұлова, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) ұлттық үйлестірушісі:

Әйелдердің тұрмыста зорлыққа ұшырауы, әсіресе пандемия кезіндегі отбасылық жағдай туралы сөз қозғап отырмыз. Мен қыз-келіншектердің агрессордан зорлық көруін ғана емес, оның ішінде мүгедектігі бар әйелдер туралы айтқым келіп отыр. Бір дерек айта кетейін: қыз-келіншектерге қарағанда мүгедектігі бар әйелдер тұрмыста зорлықты көп көреді. Мұндай қорытынды Қазақстан бойынша ғана емес, дүниежүзі зерттеулеріне сүйеніп, жасалған. Мемлекеттік органдар, арнайы ұйымдардың көмегінсіз мүгедектігі бар жандар өзінің құқығын қорғай алмайды. Елімізде мүгедектігі бар азаматтардың 40%-і түрлі зорлыққа ұшырайды екен. Оның ішінде ұрып-cоғу, сөзбен бопсалау, қаражатын жымқыру сияқты түрлі құқықбұзушылық бар.

Төтенше жағдайдың басында, дәлірегі сәуір айында Халықты қоныстандыру қоры мүгедектігі бар азаматтар арасында зерттеу жүргізді. Сауалнамаға жауап берген мүгедектігі бар жандардың 38%-і көктемгі карантинде отбасында ұрыс-керістің жиілеп кеткенін айтқан. Бұл карантиннің басы еді. Бүгінге дейін тұрмыстағы жанжал одан да артқан шығар. Сауалнамаға жауап берген адамдардың 41%-і мемлекеттік ұйым, полиция мен медицина қызметкерлерімен байланысу қиындап кеткенін айтқан, яғни арнайы мамандармен сөйлесіп, көмек алу нашарлаған. Ал мүгедектігі бар әйелдердің 72%-і мамандарға өзі жүгіне алмайды, оларға міндетті түрде сурдоаудармашы қажет.

Сонда тұрмыстағы зорлықта мүгедектігі бар әйелдер көбірек қиналады деп айтуымызға болады. Оның үстіне олардың кейбірі басқа адамның көмегімен ғана сыртқа шыға алады. Тіпті мұндай адамдарға арналған, кез келген уақытта қоңырау шалуға болатын байланыс қызметі жоқ. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандардың біразы медицина қызметкеріне, әлеуметтік саланың маманына үнемі сене бермейтінін жеткізді.

Тұрмыстағы зорлық, әйел
Иллюстрация: Dribbble.com/©Jan Fischer

Пандемия кезінде құқықтық көмек алудан бөлек мұндай адамдардың үштен бірі коронавирус туралы дұрыс ақпарат алмағанын айтқан. Ал олардың 68%-і мемлекеттің коронавируспен күрес мақсатында қандай шара қолданып жатқанынан бейхабар болған. Демек халықтың бұл бөлігі тұрмыстық зорлықты қойғанда инфекцияны оңай жұқтыруы мүмкін. Мемлекеттің осы мәселеге де назар аударғанын талап етеміз.

Дина Смаилова, құқыққорғаушы, «Не молчи» халықаралық қозғалыс жетекшілерінің бірі:

Коронавирустың бірінші толқынынан өткенде әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың бұрын-соңды болмаған мөлшерімен кезіктік. Оның ішінде балалар да бар. Себебі отбасында еркек әйеліне күш көрсетсе, ортадағы бала да жапа шегеді. Пандемияның басында балалардың тұрмыста зорлық көруі екі есе өскен. Қазір біз балалардың зорлыққа ұшырауына қатысты хабарландыру, қоңырау көп аламыз. Көбіне зорлық болған үйге көрші тұратын адам хабарласады.

Сондықтан мемлекеттің бұл мәселеге қатысты қандай да бір шешім қабылдағанын қалаймын. Себебі қазір баланың үйде қандай жайтты басынан өткеріп жүргенін байқай алмаймыз. Бұрын оқушы мектепке барып жүргенде мұғалімдер оның киіміне, терісіндегі жараға, көңіл-күйіне қарап, үйдегі жағдайдың дұрыс-бұрыс екенін аңғара алатын. Қазір бәрі онлайн оқығандықтан мұғалім балалардың жағдайы қалай екенін де біле бермейді. Компьютердің арғы жағында не болып жатқанын байқау қиын. Осы себепті арнайы органдар пандемия кезіндегі зорлық-зомбылыққа көңіл аударып, оның ішінде балалардың жапа шекпеуін қадағаласа екен. Әсіресе қыс түскенде қыз-келіншектерге оңай емес. Өйткені шалғай ауылда тұратын әйел өз құқығын қорғау үшін, денесіндегі жарақатты дәлел ретінде көрсету үшін аудан орталығына, алыс полиция бөлімшесіне баруға мәжбүр. Осындайда арнайы органдар әйелді сандалтпай, жарақаты туралы телефон арқылы сұрап немесе фото-видеоны негізге алып, әрі қарай істі қарай беруі керек. Оның үстіне тұрмыста қорлық көрген әйелде ауданға баруға қаражаты да бола бермейді. Балаларын полиция бөлімшесіне апара алмайды.

Осы күнге дейін арнайы ұйымдар, орталықтар, мамандар, журналистер зорлық көрген адам хабарласуға болатын нөмірді, баруға болатын мекемені айтып, жазып жүр. Неге мемлекет бойынша кез келген адам хабарласа алатын тек бір сенім нөмірін бекітпеске? Себебі қазір зорлық көрген адам бірінші бізге хабарласады, сосын мамандар полицияға қоңырау шалады. Жәбірленушіге көмектескісі келетін маман бірнеше жұмысты істеуге, бірнеше жерге хабарласуға мәжбүр.

Мысалы, карантин кезінде Ішкі істер министрлігінің тұрмыстық зорлық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында барлығы 891 әйелге көмек берілген. Ал «102» нөміріне зорлық бойынша 130 мың қоңырау түскен. Сонда әйелдердің өте аз бөлігіне көмек беріліп отыр. Мұндай деректен кейін заңнаманы қайта қарауды талап етпегенде қайтеміз?

Иллюстрация: Hanna Barczyk

Бәріміз жұмылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуымыз керек. Сонымен қатар мемлекет үйдегі агрессордан зәбір көрген әйелді хостелдерге орналастыру проблемасына назар аударсын. Қыста коронавирустың екінші толқыны болу қаупі бар деп жатыр. Олай болса, пандемия кезінде бос тұрған қонақүй мен хостелдерді осындай әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылдыру керек деп есептеймін. Көктемгі карантинде халық қатаң оқшауланды. Ал күйеуінен зәбір көрген байғұс әйел ешқайда бара алмады. Балаларымен подъезде, далада түнегендер де болды.

Ауыл, аудан, қала әкімдері осы мәселеге ерекше назар аударғанын қалаймын. Оларға жеке ұсынысымды айтқым келеді. Себебі біздегі әкімдердің біразы — ер адам. Олар шалғайдағы кішкентай ауыл үшін ең авторитет адам саналады. Әкімдер өз халқына ең болмағанда айына бір рет «Әйелдеріңді ұрмаңдар, мен бәрін білемін. Үнемі бақылап жүремін. Бір еркек әйелін ұрып, зорлық көрсетсе, сол келіншек маған жеке келіп, кез келген уақытта көмек сұрай алады» деп айтса, жарияласа, зорлық азаяр ма еді? Әзірше бұл мәселені қоғам белсенділері, ұйым өкілдері мен кей мамандар айтып жүр. Бұған әкімдіктер қосылса, әкімдер агрессорға үнемі ескертіп отырса, мұндай оқиғалардың азаятынына сенемін.