Қазақтар сандықта зат сақтап қана қоймай, оны орындық, үстел, шкаф, тіпті кереует ретінде де пайдаланған. Сандық көшкенде түйеге артуға өте ыңғайлы болған. Солайша ол атадан балаға мұра болып қалып отырды.

Сандық қолданылу мақсатына қарай тұрмыстық және тойға арналған деп бөлінеді. Тұрмысқа арналғаны тік төртбұрышты келеді, көлемі үлкенірек болады, бетіне ою салынады, екі бүйірінде сәнді тұтқалары бар. Үстіне жүк жиналған немесе басқа да заттарға тіреуіш ретінде қолданылған. Сандықты үйдің жеке бір интерьер бөлігі ретінде емес, сол интерьердің оюлы фоны ретінде қарастыруға болады.

Ал той сандықтарының көлемі үлкен болмаған, барлық төрт бетіне ою түскен. Сандық бұрышындағы мұнаралар сән элементі ғана емес, ол — ру, отбасы, ошақ белгісі. Бүгінде республиканың көп аймағында қыздың жасауын сандыққа салып беретін дәстүр әлі бар.

Сандықтың негізгі жұмысы — зат сақтау. Ішіндегі затына байланысты сандық шәй сандық, кебеже, жағылан, абдыра (әбдіре) және тағы басқа болып бөлінеді.

Бұл сандық XX ғасырдың ортасына жатады. Шәй сандық тәтті тағамдар мен шәй сақтауға арналған. Ағаш пен темірден, жезден жасалып, қой жүнімен оралған. Жалпы ұзындығы — 62,0 сантиметр, ені — 35,3 сантиметр, биіктігі — 26,8 сантиметр, ағаш жақтауының ұзындығы — 60,0 сантиметр, ағаш жақтау ені — 32,8 сантиметр.

Ақмола облысына тиесілі бұл сандық кебеже деп аталады, XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басына жатады. Кебежеге азық-түлік сақталған.

Кеміргіштер мен құрт-құмырсқа кіріп кетпес үшін шебер оны мұқият жасайды. Мұндай сандықтың мықты екенін білу үшін дайындап болған соң ішіне су құяды. Су сандық астынан тамшыламаса, сатып алуға болады деген сөз. Ағаштан жонылып, түйе өркеші сүйегінен жасалған. Құрамында темір мен жез, мақта талшығы да бар.

Сандық аяғы. Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Дудин Самуил Мартынович

Әдетте, сандықтар осындай тіреуішпен, болмаса жоғарыдағыдай төрт аяқты етіп жасалады. Оған қоса, жүкаяқ деген бар. Сандық аяқсыз тік төртбұрыш етіп жасалады да, төрт аяқты жүкаяқтың үстіне қойылады. Мына тіреуіш XIX ғасыр соңына жатады. Ұзындығы — 55,5 сантиметр, ені — 10 сантиметр.

Шкаф пен кебеже. Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Дудин Самуил Мартынович

Фото 1899 жылы сол кездегі Семей облысында түсірілген. Жай күндері кебежеде азық-түлік, кейде ыдыс сақталса, көшкенде оған жүк артқан, тіпті кішкентай балаларды салып алатын болған. Кебеже ХХ ғасыр басында сәннен шығып қалды.

Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Воронина-Уткина Антонина Александровна

Бұл сурет 1913 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уездінде салынған. Шебер сандықты қайыңнан, қара талдан және еменнен жасаған. Ол дайын болған соң бетіне түрлі ою ойып, қымбат тастармен әшекейлеген. Сандықтың қақпағы негізгі корпусқа темір ілмек арқылы бекітіледі. Ілмек көп болған сайын сандықтың құны артқан. Осы темір ілмекке құлып салынып, құлыптанған.

Кілт үйдің әжесінде болады. Әже кілтті қай жерде тығып ұстаған? Қыздар жас күнінде бұрымына шолпы тағып жүрсе, егде жасқа келіп, ақ жаулық атанған соң өрілген шаштың арасына әшекейдің орнына сандықтың кілтін таққан. Бұл туралы Шайтаза Тоқтабаеваның «Қазақтардың этикет нормалары» («Этикетные нормы казахов») кітабында айтылады.

Сандық беті. Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Дудин Самуил Мартынович

Бұл — ағаштан жасалған сандық. XIX ғасырдың соңында түсірілген.

Қыз өсіп келе жатқан үйде ата-ана жасауды күні бұрын жинаған. «Сандық — қыздың бақыты» деген сөз осыдан қалған болар. Өйткені жасауы сандықта сақталған қалыңдыққа бәрі қызыққан. Жасау жиналатын сандық жағылан деп аталады. Онда киім мен әшекей бұйымдары сақталады. Әсіресе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда танымал болған. Қыз ұзатылған соң барған жерінде қалыңдықтың сандығын ашу салты болған. Сандықтың бетіне арнайы мата салып қояды. Сандық ашылған соң оны бірнеше бөлшекке қырқып, тойға қатысқан әйелдерге таратады. Бұл «жұғысты болсын» деген тілекпен біреледі. Мата бөліктерін алған тұрмыстағы әйелдер оны құрақ көрпеге қосып, тіккен. Бұл — қазақ халқының ежелгі салтының бірі. Қыз сандығы бетіне мата салу әлі күнге дейін бар, бірақ бүгінде ол сандық ашқан адамға сыйлық ретінде беріледі.

Сандық қабы. Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Воронина-Уткина Антонина Александровна

Кей сандыққа арнайы қап тігілген, олар көбіне осы қаптан шығарылмай тұратын. Бірақ әйел босанарда жеңіл болсын деп үйдегі барлық сандықты ашып қояды екен. Бұл сандық қабының суреті XIX ғасырдың басында салынған.

Жүк сандық сандықтардың ішіндегі ең үлкені, онда киіз бен көрпе сақталады. Үлкен заттарды абдыра (әбдіре) сандыққа да салып қойған. Бұл сөздің өзі түріктің «абық», «абыт», яғни «жасыру», «тығу» деген сөзінен шыққан дейді.

Келе-келе көшпенді тайпалар сандық жасауда ағаштан матаға, киізге, былғарыға көшкен. Солайша әуелі оны сөмкеге, кейін шабаданға айналдырған. Шабаданды кейде «жол сандық» деп атау себебі — осы. Соған қарамастан, сандық ең бастапқы қалпында әлі де сақталып, ішіне зат салынып, үстіне жүк жиналып жүр.