1. Аутлет аралаңыз

Аутлет — бұл бренд киім өте үлкен жеңілдікпен сатылатын сауда орны. Мұнда өткен маусым коллекциясының киімдері сатылады, сондықтан зат бағасы да төмен болады.

Аутлеттегі дүниежүзіне әйгілі киім маркаларын тиімді бағамен алғысы келетіндерге арналған.

Кез келген бутиктегі ассортимент белгілі бір брендтің қандай коллекция шығарғанына емес, нақты  осы дүкеннің қандай заттарға тапсырыс беретініне байланысты түзіледі. Сондықтан Нұр-Сұлтан мен Алматы бутиктері сөресінен былтырғы коллекция киімін көруге болады. Алайда дәл осы киімді аутлеттен анағұрлым төмен бағаға алу мүмкіндігі бар.

Кеңес: аулетке таңертең барған дұрыс. Әйтпесе, киім өлшейтін бөлме мен кассада ұзын-сонар кезекке тап болуыңыз мүмкін.

2. Интернет арқылы сатып алыңыз

Интернет-дүкендегі заттар кәдімгі дүкендерге қарағанда арзан. Оның себебі киім сапасының төмендігінде емес. Сайт адам келетін дүкенді жалға алу үшін қыруар ақша төлемейді, қаптаған сатушы-кеңесші де ұстамайды. Шығыны салыстырмалы түрде аз. Оның үстіне, адам тартып, сайтқа тіркелгендердің қатарын арттыру үшін арнайы акциялар, купондар, промокод береді және қымбат бренд киімді үлкен жеңілдікпен ұсынып, қызықтырады.

Мұндай онлайн-дүкендер әйгілі киім компаниялармен бірлесіп тауар сатады. Яғни бір платформада көптеген бренд өз өнімін ұсынады. Бұл шаршап-шалдығып сауда орталығын араламай, жылдам сауда жасауға көмектеседі.

3. Бонус бағдарламалар мен арнайы ұсыныстар іздеңіз

Көптеген бутикте бонус бағдарлама бар. Ол арқылы ұпай жинап, жеңілдік ала аласыз. Киімді көп алған сайын ұпай саны да өсе береді. Сондықтан шопингіге достармен бірге барып, бәрін бір картадан төлеген тиімді. Дүкендердің екі-үш киім алғаныңызға немесе қандай да бір сомаға зат сатып алғаныңыз үшін қосымша жеңілдік беретінін де ұмытпаңыз.

4. Жеңілдік пен жаппай сатылымнан құр қалмаңыз

«Қыстың қамын жаз ойла» мақалы осы бөлімге әбден лайық. Қыстық киімді жазда, ал жазда керек дүниені күн суықта алсаңыз, керегіңізді жаппай сатылымнан арзанға табуыңыз әбден мүмкін. Әдетте жазғы жаппай сатылым мезгіл соңында басталады. Жұрт күзге дайындалып жатқанда, ыстық күннің тауары өтімді болмасы анық. Есесіне келер жылдың жазына дайын отырасыз! Әбде тақалғанда екі есе қымбат алғаннан анағұрлым тиімді емес пе?

Бірақ… Жоғарыда айтқан мақалдың өзекті емес кезі де бар. Әр маусым басында немесе маусымның қызған шағында көптеген бренд сұранысқа ие тауар бойынша қосымша жеңілдік ұсынып жатады. Бұл клиент киімді басқадан емес өзінен алуы үшін және осы маусым коллекциясын тезірек сатып бітіру үшін керек.

Мысалы, тамызда мектеп тауарлары мен формаларын, Жаңа жылдан соң қыстық киім мен аяқкиімді тиімді бағада сатып алуға болады.

Тауар 50–80% арзандайтын Black Friday сияқты жаппай сатылым күндерін де ұмытпау қажет.

5. Сток пен секонд-хендтен киініңіз

Қымбат бренд киімді сток немесе секонд-хендтен өте арзан алу мүмкіндігі болса, артық ақша құртып не керек?!

Көп адам мұндай дүкендерде бұған дейін әбден киілген ескі заттар сатылады деп ойлайды. Бұл — қате тұжырым. Өйткені қатар жүретін сток пен секонд-хендте жаңа киім де сатылады, ал қолданылған дүниенің бәрі бірдей ескі болмайды. Бұған қоса, бір-екі рет қана киілген су жаңа дерлік тауар да бар.

Ол аз десеңіз, секонд-хенд сөрелеріне қойылмас бұрын киімдер міндетті санитар өңдеуінен өтеді. Күмәніңіз болса, сатып алған соң өзіңіз тағы бір мәрте тазалап алсаңыз болады.