Қазақстанда 30 мыңға жуық қылмыскерге рақымшылық жасалады

Десе де 30 мың адамның барлығы бірден босап шығады деген жаңсақ пікір. Ішінен қоғамға ең қауіпсіз дегендері таңдалынады. Соның 1800-і  бостандыққа шығарылады. Бүгін Парламент Мәжілісінде рақымшылық жасауға қатысты заң талқыланды. Көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді. Әріптесім Айжан Шамшидин  темір тордан жуық арада кімдердің  босап шығатындығынан  хабардар болып келді.

Еліміз дербес мемлекет болғалы қылмыскерлерге 9 рет амнистия жарияланған. Биылғысының бірден-бір ерекшелігі  тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа тұс келуі. Бас-аяғы түрлі себептермен түрмеде отырғандардың саны 36 мың адам. Соның отыз мыңы тәртіп жағынан, отыру мерзімінің аз қалуы себептерімен іріктеледі. Ал құзырлылар осы отыз мыңның 1800-ін босатуға пәрмен береді.

«Рақымшылық жалпы түрдегі қылмысқа беріледі. Яғни жалқы бір фамилияға, не бір адамдарға берілмейді. Түрмеде отырғандардың барлығы босап қалады деген дұрыс пікір емес. Бұл отыздың өзі шартты түрде. Біз қазір заңды талқылаймыз. Адамдардаың саны осыған байланысты көбеюі не азаюы мүмкін»,- деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ.

Рақымшылыққа «кәнігі» қылмыскерлер, террористер мен аса ауыр қылмыс жасағандар ілікпейді. Ілігегетіндері, аяғы ауыр келіншектер, қоғамдық қаупі жоқ қылмыскерлер. Тауық пен сиыр ұрлап та темір торға төрт жылға тоғытылғандар енді босатылады.

«Бір тауықты ұрлап сотталып кеткен 4 жылға.  Енді бұл өмірде болған. Осыдан үш жыл бұрын қайта тәрбилеу орталығына барған кезде осындай мәселе біздің алдымызда тұрды. Біздің соттардың шешім шығаруы да әрқалай ғой. Қатаң шешім қабылдап жіберуі мүмкін»,- деді Саясаттанушы, Ерлан САИРОВ.

Ал бейбіт жиындар мен митинг ұйымдастырғандар, ұлтаралық араздықты қоздырғандар рақымшылықтың шарапатын көрмейді. Бұл тізімге  жалған лаңкестік үшін сотталғандарды да қосыңыздар.  Себеп  бұл баппен түрмеге отырғандарға амнистия жасауға шектеу қойылған.

«Бұл бап тізіміне рақымшылыққа шектеу ретінде енгізілген. Яғни, осы баптар бойынша рақымшылық қолдануға шектеу қойылған. Сонымен қатар, бір топ адам жасаған жемқорлық қылмысқа немесе аса ауыр қылмыстарға да тыйым салынады. Сондықтан бұл азаматтарға қатысты нақты шешім айту әлісі  ерте»,- деді ҚР бас прокурорының бірінші орынбасары, Иоган МЕРКЕЛЬ.

Биыл алғаш рет ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға да рақымшылық жасалатын болды. Бірақ бұл азаматтар бостандыққа жіерілмейді. Тек жаза мерзімі азайтылады. Құзырлылар бұл санаттағы қылмыскерлерді келер жылы өтетін ЭКСПО мен Алматыдағы Универсиада қарсаңында түрмеден босатуға болмайды деген кесімді сөздерін айтты.