Ақмола облысының әкімі COVID-19 статистикасына 100 дерек енбегенін мойындады

Фактіні жасыру туралы президент сыны орынды. Облыстық санитарлық-эпидемиология қызметінің штабында 12 адам жұмыс істейді. Жаппай жұқтыру болған кезде деректерді өңдеп үлгермейміз. Мұндай кездер болды, сол себепті 100 деректі енгізіп үлгермей қалдық. Қазіргі уақытта статистика сенімді және дұрыс болуы үшін бәрін жасадық, — деді Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Еске салайық, 16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан,  Солтүстік Қазақстан,  Павлодар,  Ақмола,  Қостанай және басқа да облыстар коронавирус инфекциясының жаңа деректерін жасырғаны туралы айтты.

Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсінуіміз керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сонымен бірге  бүкіл еліміз бойынша коронавирус инфекциясына қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді, — деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Ақмола облысы қазіргі уақытта коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа кіреді. Өңірде COVID-19 инфекциясы барлығы 4 912 адамнан анықталды.