Президенттің айтуынша, бірқатар облыста коронавирус инфекциясына қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды.
Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сонымен бірге бүкіл еліміз бойынша коронавирус инфекциясына қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді, — деді ол.
Мемлекет басшысы қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отырғанын, халықтың инфекциядан сақтану деңгейі төмендеп кеткенін айтты.
Бұл — аксиома. Мұндай жағдай дүниежүзінің көп елінде байқалып жатыр. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 121 051-ге жетті.