Шығысқазақстандық студенттер әлеуметтік шаштараз ашты

Әлеуметтік шаштараздың ашылуына мұрындық болған студенттерге жергілікті депутаттар қолдау көрсеткен. Мұнда зейнеткерлер мен қамқорлыққа зәру жандарға қолжетімді бағада қызмет көрсетіледі. Мәселен, шаш қидыру құны – небәрі 130 теңге. Ал Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен өздігінен жүріп-тұруы қиын жандар үшін бұл қызмет түрі тегін.

«Әлеуметтік шаштаразда біз тұрғындардың шашын қиямыз, бояймыз, сәндейміз. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Оқу мен жұмысты бірге алып жүрген қиын емес. Оқу бітірген соң 24 студентке тұрақты жұмыс дайын»,-дейді Татьяна Альтмаэр есімді студент.

Сондай-ақ студенттер балалардың ақыл-ойын дамытатын ойыншықтар жасап, қолжетімді бағамен жергілікті балабақшалар мен мектептердің бастауыш сыныптарына ұсынылған. Қазір ол үлкен сұранысқа ие. Осылайша, жас шеберлер жарты жыл ішінде 1 миллион теңге пайда тапқан.

Колледж директоры Батырхан Құсмановтың айтуынша, бүгінде колледжде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 60 бала және мүмкіндігі шектеулі 40 студент оқиды. Олардың барлығы білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, табысқа кенелгендеріне қуанады.

Дереккөз24 Хабар