Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылдың 21 қарашасында сағат 12.25-те Нұр-Сұлтан ТЖД кезекші-диспетчер қызметінің пультіне Шұбар шағынауданындағы Halalbrothers дәмханасында газ баллон жарылғаны, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 12.32-де келген бойда жарылыс салдарынан екі қабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағанын анықтады. Сонымен бірге 20 шаршы метр көлемде жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың шатыры жанған. Құрылыстың 100 шаршы метрі қираған (жалпы көлемі 600 шаршы метр). Жарылыс салдарынан асүйдің шатыры құлаған, — делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.
Құтқарушылар өрт болған жерден 35 газ баллонын шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған қызды құтқарды, ол жабық бас ми зақымын алған. Өкінішке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып жұмыс істеген 1968 жылы туған әйел қаза тапты.
Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Олардың 11-ін дәрігер қарады, кейін үйлеріне жіберді, 23-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің барлығы — дәмхана жұмысшылары. Сонымен бірге жарылыс салдарынан 3 автокөлікке зиян келді. Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12.58-де сөндірілді. Құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, — деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін Нұр-Сұлтанда дәмханадағы жарылыстан зардап шеккен 3 адам жансақтау бөлімінде жатқаны хабарлған еді.